Ырысбек Дәбей. Күй

3080
Adyrna.kz Telegram

Бойын тіп-тік ұстап, біреу қып өрген ұзын бұрымын арқасына тастаған аққұбаша қыз домбырасын қабынан алып, бір-екі қағып-қағып жіберді де, бір күйдің шығу тарихын баяндап, толғай жөнелді. Көзін жұмып, күй сюжетінің ішіне өзі де еніп кеткендей маңайын толық ұмытты. Көзін ашып қалса, дүниені топансу басып кетердей әлемді жалғыз өзі аялай құшағына алып, тербетіп, мүлгіп отыр. Нәзік саусақтары сартап-сазды адаспай тауып, шебер қағыстары аққу ұшырып, қаз қондырды. 

Маңғыстау топырағына арнайы сапармен келіп, оқырмандармен кездесу өткізіп отырған біздер – жазушы дос екеуіміз үнсіз мүлгіп отырмыз.

- Ой, пәлі! - деді әлдекім.

Бұл алқау сөз шет-шегі жоқ көк мұхитқа лақтырған тастай әсерсіз жұтылып қала берді. Күйшінің сұлу да асқақ әлемі жан сүйінтеді. Арасында қарабайыр, қан-жілік болып өтіп жатқан өмірім жайлы да ойладым. Сұлу саз шүңетіне шым батырып, әр қиянға бастайды. Ептеп жүйкем де босады. Батысым – шығыс, шығысым – батыс секілді, бүтін. Ғайыптан тайып шетсіз де шексіз көркем суреттер галериясына тап болғандай хәл кешкеніме іштей жарылқанып та қалдым. Біресе оң, біресе теріс бұрауда бебеулеген күй-баян көз алдыма көсілген кең даланы елестетті. Маң дала, батып бара жатқан қып-қызыл күн... Сұлу картинаға қол соза бердім.

- Менің өскен жерім, жаралған топырағым осы! - деп шешем аттан түсіп, жерге тізерлеп отыра кетті де, борбас топырақты бұрқырата қос қолымен шеңгелдеп ұстап, кеудесіне басты. – Зарығым қанды-ау, зарығым! Қайран топырақ!

Ағам да, мен де аттан қарғып түсіп, шешемді қолтығынан демеп, орнынан тұрғыздық. Шешем қобырап шыққан әппақ шашын кимешегіне жасырып, қалтасынан шытын алып, көз жасын сүртті.

- Құлындарым, мені сәл оңаша қалдырыңдар! - деп қып-қызыл болып батып бара жатқан күнге қарай оншақты қадам жүріп барып тоқтады. Бетін шытымен басып, сыңсу айтқан қыздай зарлы әуенге басты. Жусаны мен изені желемікпен тербелген ұшы-қиырсыз маң дала мүлгиді. Арыны қайтып, болдырған аттар құлақтарын қайшылап, жер иіскеп, әредік оқыранып қояды. Шері тарқады ма, шешем тез-тез басып қасымызға келді.

- Аттанайық, түнге қап кетеміз енді.

Ағам шешемді қолтығынан демеп, атқа отырғызды. Күміс ердің қасына ілген тізгінін қолына алған шешем тебініп қалды. Батып бара жатқан күнді бетке алып, үшеуіміз сар желіске бастық. Біз адырды асқанда күн де батты.

- Осы жерде қозы-лақ қайырушы едім, қайран заман! Отыз жыл дегенде әрең жеттім, - деп шешем тағы бір босап алды.  - Әне, ауыл, менің төркінім!

Әр жер-әр жерге шашырай қонған киіз үйлердің қарасы мол. Ит үріп, сиыр мөңіреп, қой маңырап ауыл іші азан-қазан. Апақ-сапақ уақытта ауылдың орта тұсына беттеген біздің алдымыздан шыққан орта жастағы шоқша сақал кісі шешемді көріп, аттан ауып түсіп қала жаздады.

- Ой, сен Сақыпжамалмысың?! Ой, сен... Уәй, жұртым! Сақыпжамал келді, Сақыпжамал!..

Жинала кеткен көп кісі бізді кезек-кезек құшақтап, қаумалап шеткерек алты қанат ақ үйге алып жүрді. Шешем бордай егіліп, табалдырықты аттай бере босағаны құшақтап, дауыс қылды. Төрде қайқы бас ағаш төсекте жатқан шүйкедей сары кемпір орнынан тұрып кетердей ұмсына берді. Шешем шешесі жатқан төсекке жеткенше буыны құрып, аяғын баса алмай қалды. Шоқша сақал мен тағы бір кісі шешемді қолтығынан демеп, анасының құшағына берді. Өңірін жуған жасы кебе бастағанда сары кемпір:

- Әкең сені бір көруге зар болып кетті, маған ғой нәсіп бопты сені көру. Неше күн жүріп келдің, шырағым? - деді.

- Біз Сырдың бойында атқа қонғанда ай туып еді, міне, айдың толар сәті де боп қалды. Ел бар жерде үйге қонып, жоқ жерде далаға түнеп жеттік, әйтеуір, - деді шешем күрсініп. - Ортаншы ұл жиырма бесте, балалы-шағалы. Кенже ұл он жетіде. Алыс жол, екеуін де ертіп алдым.

Нағашылар атап сойған ақсарбастың етін ауыз тигенім болмаса, аяқ-қолым талып, қатты қалжырап асқа тәбетім тартпады. Бел шешіп, жастыққа басым тие сеспей қаттым.

Күбір-сыбыр дауыстан ояндым. Толық ашылған түңліктен күн сәулесі төгіліп, шаңырақтан көкпеңбек аспан көрінеді. Құлағыма күмбірлеген домбыраның үні жетті. Басымды жастықтан жұлып алдым. Қайқы бас ағаш төсекте шешем анасының шашын тарап, екеуі әрнені әңгіме қылып отыр.

- Ұйқың қанып, шаршауың басылып па, балам. Сен демалсын деп оятпадық. Ағаң нағашыларына қыдырып кетті, - деді шешем.

Шешемнің өңі бал-бұл жанып, жасарып кеткендей көрінді. Менің жасымда ұзатылып, қырық жетісінде ұшқан ұясына келгені көңілін тоғайтқан шығар деп ойладым. Нағашы апам да айналып-үйіріліп бәйек болды. Киініп, тысқа шықтым. Мамырдың мамыражай шуағы төгіліп, жер-әлем жайнап тұр. Қыздардың сыңғырлаған күлкісі естілді. Сәл әріректегі көк жасаңға жайған алаша үстінде екі қыз отыр. Үкілі тақия киіп, бүрмелі көйлек кигені қолына домбыра ұстапты. Енді бірі көйлектің сыртынан камзол киіп, білектей қос бұрымын алдына тастапты. Шашына таққан шолпысы күн нұрына шағылысып, жарқ-жұрқ етеді. Түзге бару үшін олардың жанынан өтуге тура келді. Мен жақындағанда екі қыз орнынан атып тұрды.

- Сәлем бердік.

- Сәлем бердік.

Мен де амандасып, әрі қарай кеттім. Ыңғайсызданып, жүрісімнен жаңылғандай күй кештім.

Қырды айналып, сүт пісірім уақыттан соң үйге оралдым. Дастархан жайылып, нағашы апам да дастархан басына жайғасыпты. Әлгіндегі домбыра ұстаған аққұба қыз жез самауырдың құлағын ұстап, шай құйып отыр. Құрбысы жоқ. Нағашы апам оны «жамағайын туысымның қызы» деп шешеме таныстырып жатты. Қызылкүрең шайға маңдайы жіпсіген екі кісі таусылып бермейтін ауыл үйдің әңгімесін айтуға кірісті. Әредік аққұба қызға ұрлана қараймын. Ол ұзын кірпіктерін қағып-қағып қойып, маған мүлде назар аудармаған жандай отыр. Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін Сыр бойының сырбазы екенімді қайтейін, керме иық, кеудесін тік ұстайтын аққұба қыздың мысы баса бергеніне іштей намыстанып та қалдым.

- Әй, шырақтарым! Шай ішіп болсаңдар, сыртты айналып келіңдер. Ғалия, қонағыңа елді, жерді таныстыр. Күй тартып бер, бұл қызым күйші өзі. Біз отыра береміз, - деді нағашы апам.

Ғалия керегеге сүйеулі домбырасын алды, соңынан ердім. Екеуіміз жайылған алашаның үстіне барып отырдық.

- Домбыра тартасың ба? - деді Ғалия.

- Жоқ.

- Мүлде?

- Бірер әннің басын қайырамыз енді. Дарияның қасынан құдық қазып қайтейін, - дедім.

Ғалия жымиып күлді де домбырасын құлақ күйіне келтірді. Шебер саусақ терең түйсіктің әміріне бағынып заулай жөнелді. Ай жарым жүріп келген шексіз де шетсіз сайын дала көз алдыма келді. Сол сайын далада шыбын жанын алып қашқан ақсақ құлан, ашкөз аңшы елестеді. Шешем секілді сартап сағынышын арқалап, ботадай боздаған мұңлық өксіп, өзегім өртенді. Кейде аспан астында ешкімді теңгермейтін қайсар рухым қанат қағып, үзеңгі бауым сегіз қабат болды... Ең қызығы осы сәтте иен баққа құс болып ұшып келіп, сілкініп қызға айналған Шәмшәбануды көріп, есінен тана ғашық болған Жиһаншадай мәжнүн хәлім еді.

- Өзің де тал бойында бір мін жоқ жан екенсің, өнерің тіптен өзегімді өртеді. Отыңа күйдірдің мен бейбақты!

- Не күбірлеп кеттіңіз, - деп күлді Ғалия. - Осымен тоқтай қалайын, шаршап келдіңіз. Бұл қу ағаш жерге періштені де, жынды да қондырады. Шалығы тиіп жүрер сізге.

- Рас, шаршаппын, - деп алашаға жантая кеттім. - Бұл күйдің бәрін қайдан үйреніп жүрсің?

- Кішкентайымнан домбыраға әуес болдым, әкем марқұм да осы өңірдегі дәулескер күйшілердің бірі еді, - деді Ғалия күрсініп. Оның бал-бұл жанған жүзіне мұң ойнап шыға келді.

- Кешір, бітеу жараңды тырнасам.

- Жоқ, ондай болған жоқ. Мен кетейін, жеңгем іздеп қалады. Кешке ақ сүйек ойнаймыз. Барасыз ба?

- Барам, барам, - деп мен де орнымнан тұрдым.

Ғалияның бүрмелі көйлегі жер сызып, үкісі бұлғақтап екі-үш үйді айналып кеткенше соңынан мелшиіп қарап тұрып қалдым.

Күн батты. Айдың әппақ сәулесі төңіректі күндізгідей, айпарадай анық көрсетеді. Жерге түскен ине табылатындай мұндай жарық та тымық түнді бұрын-соңды көрген емеспін. Анда-санда ауылдың абалап үрген иттері болмаса, азан-қазан дауыстар тынған. Ел орынға отырып, жер ошақтағы жылтылдап жанған оттар да бірсін-бірсін сөне бастапты.

Ауылдан шеткерек алтыбақан маңына жиналған қыз-жігіттер ойын-тамашаның қызығына батып, мәз-мейрам. Ұзынтұра жігіт ісек қойдың әбден ағарып, мүжілген жамбас сүйегін құлаштап тұрып алысқа атты. Жиналған жастар ақ сүйек түскен шилі, жусанды алқапқа жамырай жүгірді.

Мен ықшам киініп, шашын төбесіне түйген Ғалияның соңынан ердім. Тез-тез басып шилі, қопалы жазыққа беттеген ол кенет артына бұрылып қарады. Өңмеңдеп соңынан келе жатқан мені көрді де сықылықтап күлді. Оның маржандай әппақ тістері анық көрінді. «Саған жеткізбеймін» дегендей ол сәл жүгіріп барды да, кілт тоқтай қалды.

- Ойбу!

- Не боп қалды?! - деп жанына жүгіріп жеттім.

- Етігімнің өкшесі түсіп қалды.

Шөптің арасын ақтарып қарап, түскен өкшені тауып алдым. Тізесіне қолын қойып жерде отырған Ғалияға қарама-қарсы отырдым. Жүзінен мұң табы байқалады.

- Уайымдама! Шимен шегелеп берем өкшеңді, - дедім.

- Олай да бола ма?

- Ебін тапсаң, бәрі болады, - деп қонышымнан кездігімді шығарып, бір түп шидің ішінен қатты, жуан өзегін кесіп әкелдім. Қатты өзекті кесіп-кесіп, жіңішкертіп ұштап:

- Етігіңді шеш, - дедім Ғалияға.

Ол етігін шешіп, қолыма берді. Етікті екі тіземнің ортасына қыстым. Ұшталған шидің өзегін жұқа, жалпақтау өкшенің орта тұсына жіберіп, кездіктің жалпақ сабымен қақтым. Қарсы алдымда бір тізерлеп отырған Ғалияның баяу тыныс алғаны да естіліп, ыстық демі тұла бойымды шарпып, жан рахатына бөлендім. Асықпай, айналдырып жиі-жиі қағылған шидің өзегі өкшені тастай қып бекітті.

Ғалия етігін киіп, әрі-бері жүрді. Жерге ұрып та көрді. Өкше мызғымады.

- Мына өнеріңізге тәнтімін! Шебер екенсіз, - деді ол.

Жастардың дабырлаған дауысы, әредік салған ән, тартқан күйлері естіледі. Өзіме ауашарақ, Ғалиямен оңаша қалған осы сәттен артық еш нәрсе жоқ еді. Мұқым дүние нұрланып, нұрға малынып тұрғандай аяулы, әсем.

- Ғалия!

- Ау!

- Менімен еріп кетсеші.

- Қайда?

- Еліме алып кетейін сені.

- Қалаған жағыңызға жетектеп ала жөнелетін тайлақ болдым ба мен сонда?! - деп Ғалия сыңғырлай күлді.

- Жо-жоқ! Құда түсіп, асықпай дегенім ғой.

Ғалия күлкісін сап тыйды. Қос тізесіне қойған қолына иегін сүйеп, үнсіз отырып қалды. Терең тыныс алып, баяу күрсінді.

- Маған құдалық айттырып қойған. Ерік-қалауы өзінде жоқ жанмын мен бір...

- Ғалия!

Айқайлаған әйелдің ащы дауысы естілді.

- Мені жеңгем іздеп жатыр, - деп Ғалия орнынан тұрып, жүгіре жөнелді.

Қу дүние құм басқандай құлазып сала берді. Неше күн ерулеп елге қайтқанша Ғалия қарасын көрсетпеді. Адырдан асықанша Ғалия қалған ауылға қайырылып қайта-қайта қарадым. Жер түбіндегі түбектен айықпас дерт арқалап қайттым. Елге жеткенше жел сыбырлаған ба, аққан су апарды ма, ұшқан құс, жүгірген аң жеткізді ме «Шидеме шегелеме» күйі ел-елді аралап, күйші біткеннің қоңыр домбырасына қоныпты...

- Ұйқысырап отырсың ба?! - деп жазушы дос санымнан мытып қалды.

Елес дүниесінен оралғандай басымды шайқап-шайқап, жиналып отырдым. Күйші қыз:

- Жаңа айқанымдай Науша қыздың: «Жаздың айлы түнінде ауылдың қыз-жігіттері жиналып ақсүйек ойнауға шықтық. Сөйтіп абайсызда етігімнің өкшесін тайдырып алдым. Қасымдағы ақ сүйекті бірге іздеп келе жатқан жігіт етігімнің өкшесін шимен шегелеп беріп еді. Сол жігіттің өнеріне риза болып, шығарған күйім еді. «Шидеме шегелеме» деп аталады», - деген күйі осы екен, - деп түйіндеді сөзін.

Шағын кездесуді сәтімен өткеріп, жазушы дос екеуіміз қонақүйге қайттық.

- Міндетімізді атқардық, жұмысымыз бітті. Ертең таңмен Алматыға ұшамыз, - деді жазушы.

- Иә, таңмен бұл түбектен кетеміз. Жаңағы бәленбай жылда төркініне барған әйелдің топырағын шеңгелдеп құшқанын айтсаңшы. Ғалия қандай ғажап күйші!..

- Қандай әйел, қандай Ғалия!

- А-а... Иә, иә. Мен шатасып, басқа нәрсе айтып кеттім…

 

 Ырысбек Дәбей

 

adebiportal.kz

 

 

 

 

Пікірлер