Жақында ASSYLTAS қоғамдық қорының демеушілігімен “Хабар” арнасында «Асыл домбыра» жобасының жеңімпазы анықталған болатын.
4 ай бойы өткен ақындар бәйгесінде БҚО айтыс ақындары құрамасы Жансая Мусина, Мұрадым Мирланов, Бауыржан Ширмединұлы бас жүлдеге ие болды. Бүгін Орал қаласында мегажоба жеңімпаздарына асыл тастармен көмкерілген домбыра ресми түрде тарту етілді. Жобаны ұйымдастырушылар осы жүлдені арнайы апарып табыстады. Шараға ақын Жүрсін Ерман, Ғалым Жайлыбай, жоба авторы белгілі меценат Дулат Тастекей, “Хабар” АҚ төрағасы Кемелбек Ойшыбаев пен БҚО әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.
Айта кетейік, «Асыл домбыра» жобасына барлық өңірден 20 команда қатысты. Жобада от ауызды, орақ тілді суырып салма алпыс ақын сөз жарысын қыздырды. БҚО құрамасы финалда Павлодар облысы ақындарынан басым түсіп, 6 миллион теңге жеңіп алған еді.