Әлия Назарбаеваға тиесілі «Оператор РОП» компаниясының бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұқтарова шартты түрде сотталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі BES.media-ға сілтеме жасап.
«Сот Мұқтарованы аса ірі көлемде ақша жымқырғаны үшін кінәлі деп тапты. Ол елден кетпеу туралы жазбаша міндеттеме алып, жеті жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Судья оны 2 миллион теңгеден асатын процессуалдық шығындарды төлеуге міндеттеді», - делінген хабарламада.
Бұрынғы құрылтайшы өз кінәсін мойындады.
Еске салайық, 2022 жылдың 11 наурызында компанияның бұрынғы басшылығына 20 миллиард теңгеден астам ақшаны ұрлағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. «Оператор РОП» ЖШС миллиардтаған қаржысын жымқырды деген үкіммен төрт адам түрмеге қамалды. Оларға бір жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру үкімі шықты. Істе күдікті деп танылған ұйымның бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтарова елден қашып кетті. 2023 жылдың шілдесінде әйел БАӘ-нен елге экстрадицияланып, Астанадағы тергеу изоляторына қамалды.
«Оператор РОП» утильалыммен айналысқан. 2022 жылы ұйымның активтері мемлекетке қайтарылды.