Қазақстандық фем-белсенділер әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылыққа қарсы флешмоб бастады. Бұл туралы Myqty Women Instagram желісі жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Видеода олар заңды өзгертіп, қылмыскерлерге жазаны қатаңдатуды талап еткен.
Біздің талап: Әйелдерге қатысты зорлықты тоқтату,- деген ұранмен бірнеше қыз-келіншек үндеу жасады.
“Күн сайын жаңалықтардан әйелдерді ұрып-соғып, зорлап, өлтіріп жатқан жағдайларды көреміз. Зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету қорлары тіпті олардың барлығына көмектесіп үлгермей жатыр. Қылмыскерлер жауапкершіліктен үнемі жалтарып кетеді. Себебі залымдарға қатысты заңнама жұмсақ. Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық декриминализацияланған”, – делінген желі жазбасында.
Фем-белсенділер заңға қатысты үкіметке бірнеше талаптар қойды:
- Жасалған қылмыстардың ауырлығына сәйкес жазаның неғұрлым қатаң нормаларын енгізу, зорлық көрсеткендерге жазаны қатайту. Зорлық-зомбылық әрекетіне бірінші рет барып тұрса да қатаң жазалау;
- Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қылмыстық құқық бұзушылық мәртебесін беру және оны бұзушыларға қатаң жазалар енгізу арқылы қылмыс ретінде қарау;
- Зорлық-зомбылық құрбандарының қауіпсіздігін қорғаудың тиімді тетіктеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ әлеуметтік қызметтер тарапынан қолдау мен көмек көрсету;
- Жаңа заңдардың сақталуына тиімді бақылау және мониторинг тетіктерін құру. Сондай-ақ құқық қорғау органдарын әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күресу бойынша оқытуды қамтамасыз ету.
Белсенділер барлық әйелдерді зорлық-зомбылыққа қарсы бірігіп, еркін өмір сүру үшін өздерін қолдауға шақырды.
Біз, Қазақстан әйелдері, үкіметтен дереу жауап беруді талап етеміз. Біздің мақсатымыз – әйелдер қорғалған және өздерін тең сезінетін қоғам құру, – деп жазды олар.