Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде халықаралық «Ұстаздар күні» мерекесі аталып өтті. Мереке аясында «Ұстазым, сізге мың алғыс!» акциясы бастау алды. Мектептің бүкіл педагогикалық ұжымы мен оқушылары ұстаздарына құрмет көрсетіп, алғыс сөздерін айтуға асықты.
Ммектеп директоры Виктор Сосин өзінің биология пәнінің мұғалімі Кан Светлана Александровнаны құттықтады.
№20 дарынды балаларға арналған лицейде Светлана Александровна оқушы Викторге сабақ берген болатын. Светлана Александровна 40 жылдан астам өмірін білім саласына арнады, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздарын дайындады.
Бүгінгі түлектері – елге ғана емес, шет елдерге де танымал дәрігерлер, биологтар, ғалымдар.
Талдықорғандағы NIS дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Болат Исабеков алғашқы ұстазына күтпеген тосын сый жасады. «Жанна Қажымұратқызы, кірсем бола ма?» деп сыныбының есігін қаққанда, өзін тағы да оқушыдай сезінді. Өйткені, сол кезден бері 30 жыл өтті.
Әрбір адамның өмірінде бірінші ұстаздың алатын орны ерекше. Оның өмірлік нұсқаулары мен жылы күлкісі әлі есімде. Кіші сыныптарда оқып жүргенде мектеп оқушыларының барлығы Насиха Уалиқызының қамқорлығы мен махаббатын сезінетін», — Назира Сұлтанова Талдықорғандағы NIS тарих пәнінің мұғалімі өзінің алғашқы ұстазы туралы естеліктерімен бөлісті.
Бұл күні тұңғыш ұстазы Насиха Уалиева шәкіртін үйінің босағасынын алдынан қарсы алды. Құшақтасып, ақ тілектер айтылып, жылы естеліктер мен әңгіме - дүкен дастархан үстінде жалғасты. Арада ондаған жылдар өтсе де, мектеп жылдары мен алғашқы ұстаз жүректе мәңгі сақталады.
Тәртіп - адам бойындағы тума қасиет деп есептеледі. Бірақ Талдықорғандағы NIS әскери дайындық пәнінің мұғалімі Айбат Қуанышбаев бұл пікірмен мүлдем келіспейді.
Мәселен, ешбір бала туысымен тәртіпті, еңбексүйгіш, не жалқау, не ұстамды болып тумайды. Оның мінезі ұзақ жылғы өмір сүру барысында қалыптасып отырады. Қалыптастырушының бірі – ұстаз болып келеді.
Ең басты дағдыны Айбат Қуанышбаев дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Наталья Байсеріковадан алғанын айтты.
Бұл күні 7-сынып оқушысы Көркем Айтмолда сынып жетекшісіне алғысын білдірді. Ұстазының қолдауы арқасында ол биылғы жылы конкурстық іріктеуден сәтті өтіп, Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы атанды.