АЯТЖАН АХМЕТЖАНҰЛЫ: Шешеден боқтауды көргенде жүрегім ауыратын. "Шеше" деген сөзді дүмше молда тағы қорлапты.

2328
Adyrna.kz Telegram
Шеше!
Кішкентайымыздан бастап анамыз өмірден өткенше шеше деп өттік. Біз үшін көке, шеше деген ұғымдар ең қасиетті ұғымдар еді. Күллі қазақ үшін де солай.
Кейін шешеден бастап боқтауды кәдімгі әдеттегі көп боқтықтың бірі ретінде қолданғанды көргенде жүрегім ауыратын. Шеше сөзін сол боқтық үшін де ауыз екі тілде айтпайтын ұрпақ қалыптасып кетті. Шешем деп айтудан бір түрлі болады. Өзіміз де орнына ана, анашым деп әдеби терминде жазатын, балаларымыз да солай атайтын болды.
Бірде осы шеше деген сөз қазақта қолданыстан бірте бірте шығып кетеді-ау деп ойлайтынмын. Себебі, бүгінде тұтас қоғам мектептегі әке-шешенің жиналысын ата-аналар жиналысы деп өзгерттік. Әйтпесе ата басқа, әке басқа екенін күллі қазақ жақсы біледі. Ата-апа, ата-әже жиналысы болса бір сәрі әйтпесе әке-шеше, әке-ана жиналысы болуы керек еді ғой... мүмкін ұйқас қуған қауым жаза салған шығар ата-аналар деп...
Жә, айтпағым сол шеше деген сөзді дүмше молда дін бұзар дегендей бір дүмше молда тағы қорлапты. Шешенсініп кеткенде шеше дегенді қазақ ұғымындағы көкек ананың аты дегенге апарыпты.
Жаман иттің атын бөрбасар дейді дегендей кейбір адамдар оны ұстаз деп жатыр. Айналайын қазақтың қасиетті ұғымдарымен ойнайтын ол қандай ұстаз? Ұстаз емес надан ғой.
Шеше!
Менің шешем деп жазған қазақтың байырғы ақын-жазушылары, күй шығарған күйшілері ақымақ екен да сонда, сөздің парқын білмейтін!
Әке-шеше қазақта егіз ұғым, қасиетті ұғымдар!
Осы қазақтың қасиетті ұғымдарына біртіндеп шабуылдайтын қауым не деген көбейіп кетті...
Біресе мәдениеті мен аспабына (домбыра), біресе дәстүріне, біресе тіліне, сөзіне...
Бұндайларға тиым салмаса, қазақ танымын құрдымға жібереді!
P.S.
Шеше,
Сен бақыттысың!
Жыламағын.
Жай түсіп жатқанда да құламадың.
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның,
Сондықтан жыламағын, жыламағын!
Мұқағали Мақатаев.

 

 

 

Пікірлер