Қарғалы ауданы қаңғыбас ит пен мысыққа 6 млн теңге бөлген

1984
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысының Ветеринария басқармасына қарасты "Қарғалы аудандық Ветеринариялық стансасы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны қаңғыбас ит пен мысықтарды зарарсыздандыру, кастрациялау, сәйкестендіру жұмыстары үшін 6 165 550.00 теңге қаржы жұмсаған, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталының тілшісі goszakup.gov.kz/ сайтына сілтеме жасап.

Қарғалы Ақтөбе облысындағы бар болғаны 17 мың адам тұратын шағын аудан. Аудан құрамында 8 ауылдық округ, 15 елдімекен бар. Яғни, айналдырған 8 ауылдық окургтың қаңғыбас иттері мен мысықтарын клиникалық тексеру, тіркеу, піштіру, емдеу жұмыстарына қазына қаржысынан 6 165 550,00 теңге бөлінген.

Тендер наурыз айында өтіп, жергілікті жеке кәсіпкер ұтып алған. Тендер жеңімпазы қаңғыбас жануарларды (иттер мен мысықтар) клиникалық тексеру, тіркеу (жануардың түрі, жынысы, тұқымы (белгіленген жағдайда), түсі, арнайы заттары, ерекше белгілерінің болуы, т.б) секілді жұмыстарды атқаруды міндетіне алған.

Техникалық сипаттамада тұзаққа түскен қаңғыбас иттер мен мысықтар металл торларға салынатыны, жануарларды ұстаған кезде тапсырыс берушіні хабардар ету керектігі, операциялық кезеңге, яғни жануарлар сауығып кеткенше уақытша ұсталатыны, т.б жайттар жазылған.
Қаңғыбас жануарлар тиісті клиникалық жағдайларда зарарсыздандырылып, кастрацияланады (піштіріледі). Сондай-ақ, оларға арнайы чип орнатылады.
Бұл жұмыстар жыл аяғына дейін дейін атқарылуы тиіс.

Осы жұмыс аясында 380 бас ит, 100 мысықты қамту көзделген.
Қысқарта айтқанда, биыл Ақтөбе облысының шағын ғана бір ауданы жалпы саны 480 бас ит-мысықты тіркеу, емдеу һәм піштіру үшін 6 6 165 550.00 теңге қаржы жұмсаған.
Бұл қаржы аз ба, көп пе, өзіңіз бағамдай беріңіз?!

Қанат Бірлікұлы

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер