"Спорт федерацияларына бөлінетін онысыз да аз қаражат желге ұшып жатыр" - қоғам белсендісі Данияр Жұмаділ

2780
Adyrna.kz Telegram
Қоғам белсендісі, Кереку өңірінің тумасы Данияр Жұмаділ Cпорт федерациясының ішкі құрылымындағы келеңсіздіктерге қатысты пікір білдіріп, мемлекеттен бөлінген қаржының желге ұшып отырғанын хабарлады, деп жазды "Адырна" ұлттық порталы. 
Данияр Жұмаділ ұлттық спортты қолдау мәселесін айта келіп, мемлекет қаржысын үлестіргені үшін ғана пайда тауып отырған «Жауынгерлік өнер қауымдастығын» сынады: 
 - Бүгін «Miras» кеңесінің отырысында ұлттық спортты қолдау мәселесін сөз еттік. Павлодар облысының спорт басқармасының басшылығы есеп берді.
Өкінішке қарай, бұл бағытта кемшілік көп. Жиында өзіміз білетін, басымыздан өткерген мәселені көтердім.
Кезінде К. Мәсімов биігінде отырған тұста аймақтар бойынша бұйрықпен «Жауынгерлік өнер қауымдастығы» құрылған болатын. Ол ұйым біздің аймақтада жұмыс істеуде. Бұл — спорт басқармасы мен өзге спорт федерациялары арасындағы делдал. Артық құрылым!
Бүгінде түрлі спорт федерацияларына бөлінетін онысыз да аз қаражат осы «Жауынгерлік өнер қауымдастығы» арқылы үлестіріледі. Нонсенс! Жеке спорт қауымдастықтарын екінші қауымдастыққа бағынышты етіп қойған.
Ал арадағы аталмыш делдал ұйым бюджет қаражатын үлестіргені үшін пайда тауып отыр. Ол кімге керек?
Өзге спорт федерациялары осы күнге дейін бұл қате жүйеге талай шағымданды. Бірақ, «Жауынгерлік өнер қауымдастығы» әлі жұмыс істеп тұр. Бұл кімге пайдалы?
Сөз соңында автор құзырлы мекемелермен байланысқанын хабарлады. Ол тексерістің жүргізілуін талап етті.
- Осы мәселені құзырлы органдардың қарауына жолдау туралы шешім қабылдадық. Тиісті тексеру жүруі тиіс,  - деп жазды азамат.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер