Жыр басқа, поэзия басқа

2779
Adyrna.kz Telegram

Жыр – поэзия емес, оның талабына сыймайды. Поэзияның табиғаты бөлек. Поэзия отырықтанған елде, пәлсапалы ортада туады. Ол отырық әлемнің мәдени өнері мен өнімі. Поэзия - философиялық сөздің көркем көрінісі. Жыр – шынайы ақпараттың мақаммен өрілген сипаты.

Поэзияда философиялық ой мен сурет басты мазмұнға айналса, көрініске ие болса, жырда философиялық ойлар шынайы ақпаратпен қоса өріліп, өмірдің  өріміне айналады. Өйткені поэзияның мекені – отырық қоныс, оны қазақ «ой» деп бекер атамаған,жырдың мекені – өріс, оны қазақ «қыр» деп атаған. Қыр/дала – жырдың ұясы, ой/қала – поэзияның ұясы. Жыр ауыздан ауызға тарайды, поэзия қағаздан қағазға көшеді.

Осыдан келіп, жыр импровизациямен туындайды, жел секілді,жоқ жерде пайда болады, оның туындау үдерісінің өзі оқиғаға айналады, ал поэзия тоғыз күн толғатып барып дүниеге келеді.Өйткені, көркем ойды тудыру оңай емес. Жырды туғызуға - құдырет пен қасиет түрткі. Жыр әуелден қасиетті, поэзия әуелден қадырлы.

Жырдың төркіні адамзатты абыздар басқарған ежелгі дүниеге апарып тіреледі.

Жырдың шығуы адамзаттың рухани әлдиінен бастау алады. Сол рухани ақпараттың жырлану дәстүрі барлық діндерге арқау болған, соның басты атрибуттарының, насихаты жырдың мазмұны мен сипатынан туады.

Ешбір дін өзінің сөзге қатысты болмысын қара сөзбен бермейді. Себебі дін – рухани болмыс.

Жырлайды.Жыр сөз бен мақамнан тұрады. Мақамсыз жыр болмайды, сондықтан «жырлау» деген етістік қоса жүреді. Оны жырау тудырып, жыршы атқарады. Поэзия сөзден ғана тұрады.

Жыр – поэзияның Даладағы көрінісі емес, өз алдына қасиетті жанр болып ежелден қалыптасқан. Дала - руханият мекені, санаға күн көрсетер орын емес. Сонысымен ол руханияттың төріне айналған жырдың жазирасы. Қала - өркениет мекені, жырға күн көрсетер жайлы орын емес.

Тіпті билердің сөзінің өзі қара сөзбен емес, белгілі бір мақаммен шыққан, ол мақам шындықтың үні, әділдіктің дыбысы болып ескен. Сонысымен халықты ұйытқан, сонысымен әділдіктің ақ туы болып желбіреген. Билер сөзін жырлата, мақамдата сөйлеумен шындықты арқау етіп дауды шешкен. Биліктің ұстыны болу да осыдан бастау алады.

Жырдың қасиеті жырлағанда, тыңдағанда  түлейді, поэзияның құны жазғанда, оқығанда бағаланады. Жырдың қос сқанаты бар: жыр сөзі мен мақам. Жыр көкте самғайды.

Поэзияда желбезек бар: мәтін, сол мәтін әрі ойды әлпештейді. Поэзия сол желбезекпен мұхитта жүзеді.

Біреуіне Ауа, екіншісіне Су дүлейі тән. Сол себепті жыр таза ауалы жерде туа бермек, ал мұхитқа түсе алатын оқырманы болса, поэзия күш алмақ.

Жыр – адуын батыр, табиғи ортада құтырына туындайды, қоғамға борандай ықпал етеді. Поэзия – сұлу қыз, ол өзінің ажарымен әлемді тамсандырады, тәнті етеді. Өнердің басқа баласына жүкті болады.

Жыр бүгінде шала-жансар. Өйткені ол – әу баста Абылдың үні мен демі болатын. Ал поэзия өмірдің күйбеңінен ой сауған, Қабылдың күйін паш етер өнер болып қала бермек.

Серік Ерғали, мәдениеттанушы

Пікірлер