«Нұрсұлтан – арқа тiрек, алтын дiңгек»: Мектеп оқушылары жағымпаздық жырларын қашанғы оқиды?

5372
Adyrna.kz Telegram

Назарбаевқа ауыр тигені өз жүйесінің көзі тірісінде күйрегені болар! Кезінде жағымпаздар төсеген жастықтың жұмсақтығы қалмады.

«Елбасы» атауынан айырылды, қорғаны болған «Тұңғыш президент туралы заңның» күші жойылып, іле-шала «Құрметті сенатор» мәртебесінің мәселесі шешілді. Кеше ғана Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясынан да «Елбасы» сөзі алынып тасталды. Биікке ұшқанның биіктен құлауы да оңай әрі қауіпті деген сөз бар еді ғой! Бұл ретте Назарбаевты тым биіктетіп жіберген өзі де, өзгелер де… Әсіре сілтеп ұлықтап, қолдан құдай жасады. Ақыры жеке басқа табынушылыққа әкеліп соқтырды. Пенде ғой билік пен байлық уақытша екенін ұмытты. Міне, бүгін бәрі өзгерді. Бұған ешкімді даттаудың не ақтаудың қажеті жоқ. Себебі бұл – саясат, себебі бұл – өмір заңдылығы.

Енді ешкімге «ананы үйткен, мынаны сүйткен» деп айдар тақпаймыз. Кім не істесе де ұлты үшін істеуі тиіс! Бірақ бұл жерде тасада қалып бара жатқан бір жайт бар. Ол мектеп оқулықтарындағы Назарбаевқа арналып жазылған мадақ жырлары. Мәселен, қазір қолданыстағы 9-сынып Қазақ әдебиеті оқулығында («Мектеп» баспасынан 2019 жылы шыққан. Авторлары: Керімбекова Б., Мұқанова Ж.,) кезінде мақтаудың түбін түсіріп, соңынан өкінішін білдірген Несіпбек Айтұлының «Бәйтерек» поэмасы әлі оқытылып келеді.

Онда да жағымпаздық иісі аңқып тұр және «Елбасы» атауы да кездеседі. Тағы ол бір ғана сабақ оқытылып қоймайды. Бақандай 10 сабақ арналып отыр. Бұл қандай құйтырқылық.

Мысалы:

Қисыны келелi iстiң дер шағында,

Күш-қуат келiде емес, келсабында.

Сөйлейдi Назарбаев Нұрсұлтан боп,

Көк тулы Қазақстан жер шарында.

Шарпысып жаңа дәуiр ескiменен,

Көз көрдi хикметтi естiмеген.

Елбасы шарқ ұрады шартарапқа,

Қырандай балапаны кеш түлеген.

********

Салған соң кең толғанып көпке кеңес,

Аяулы Алматысы өкпелемес.

Алдымен Елбасының жүрегiнде,

Астана жерде де емес, көкте де емес!

*********

Отырсақ өзге жұрттан аса қарап,

Қонғаны бақ пен дәулет қоса-қабат.

Ерлiгi Елбасының жарқырап тұр,

Бұлт қалай күннiң көзiн тасаламақ?!

*********

Жырламас ғажайыпты кiм мұндағы,

Жеткенше сөздiң дәмi, тiлдiң нәрi.

Алғысын жаудырады Елбасыға

Бақытты бұл шаhардың тұрғындары.

*********

Жағадан астана сап алыстағы,

Батысқа, шығысқа да қарыштады.

Қазақтың Нұрсұлтаны сондай десем,

Әлеумет айтты демес мен ұшқары.

*********

Нұрсұлтан – арқа тiрек, алтын дiңгек,

Алыптың халқы ғана нарқын бiлмек.

Қарғаның қарқылдайтын әдетi ғой,

Қыранның аспандағы даңқын күндеп.

*********

Асылдың жарқылдамас бар ма күнi,

Әуелден түскен оған Алла нұры.

Сондықтан Нұр-Сұлтан деп атын қойған,

Ата-ана болжағандай алдағыны.

Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған (208-216 беттер)


Ендігі мәселе мынада. Оқулықтар қашан жаңарады? Әлде жас жеткіншектерді жағымпаздық рухында тәрбиелеуді жалғастырамыз ба? Жалпыны жарға жығатын жағымпаздық екенін ұмытпайық ағайын…

Оралбай МЫРЗАҒҰЛОВ

Пікірлер