Әлемнің рухани дүниесіндегі серпіліс

2139
Adyrna.kz Telegram

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің әр Съезінде қатысушылар Декларация қабылдайтындығы белгілі.

Өткен жылы өткен VII Съезде де ортақ ұстанымға келген Декларация қабылданды. Аталмыш құжатқа сәйкес қатысушылар 35 тармақтан тұратын мәлімдеме жасады. Әрине, бір мақала көлемінде барлық тармаққа тоқталу мүмкін емес. Сондықтан кейбір негізгі мәселелерге қысқаша тоқталсақ деп отырмыз.

Әлемнің пандемиядан кейінгі дамуы, барлық процестердің жаһандануы мен қауіпсіздікке төнетін қатерлер шарттарында Съезд бейбітшілік пен ынтымақтастық жолындағы диалогты нығайту бойынша бірлескен күш-жігерді жүзеге асыру және рухани-адамгершілік құндылықтары ілгерілетуде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, пандемияның жағымсыз салдарын бірігіп жеңуге болатынын түсіндіреді. Бұл тұста дін мен адам құқықтарының арақатынасы мәселесі маңызды болып табылады. Ең алдымен діннің, адам құқықтарының және зайырлылықтың өзара байланысы мен тәуелділігінің келесі аспектілеріне назар аударған жөн: дінді адам құқықтарынан олардың қадір-қасиетін қорғаудың, діни сенім бостандығын қамтамасыз етудің және қоғамдағы ықпалын күшейтудің маңызды құралы ретінде санауға болады; адам құқықтары дінді рухани-адамгершілік құндылықтардың маңызды көзі және халықты дінге жұмылдыру факторы ретінде қажет; дінге діни және діни емес қауымдастықтар арасында қалыптасқан әлеуметтік-мәдени кеңістіктегі қарым-қатынастарды теңестіру үшін зайырлылық қағидаты керек.

Әлемдегі бейбітшілікті қолдаған қатысушылар әскери қақтығыстарға қарсылық білдіріп, халықаралық қатынастарды нашарлататын «домино эффектісі» бар екеніне сенеді. Домино эффектісі кез келген өзгеріс қатарға қойылған домино сүйектерінің құлауына ұқсас басқа да өзгерістер сериясын тудырады деген саяси теория.

Демократиялық домино теориясына сәйкес, бір елдегі демократияның артуы немесе азаюы көрші елдерге тарайды және сол елдердің демократиясын арттырады немесе азайтады. Жалпы домино теориясын саясаттанушылар мен тарихшылар арасында сынаушылар көп. Бұл көзқарастардың негізі теория арасындағы алшақтық және оның салдарын тәжірибеде қолдану қиындықтарымен байланысты еді. Дегенмен, домино теориясында бейнеленген халықаралық саясатқа қатысты түсініктер қауіптілікті құрайды.

Экстремизм, радикализм, терроризм секілді зорлық-зомбылықтың өзге де түрлері шынайы дінге ешқандай қатысы жоқ екендігі мәлімделеді. Дін ұзақ уақыт бойы терроризм мен экстремизмді зерттеудің басты назарында болғаны жасырын емес. Біздің ойымызша, мультимәдениетті қоғамның күнделікті өміріндегі діндарлықты мынадай төрт өлшемде қараған дұрыс: физикалық, әлеуметтік, когнитивті және рухани. Діни және рухани плюрализмді түсінуде түрлі көзқарастар қалыптасқан. Мәселен, плюрализмді түрлі әлеуметтік бірегейлік тұрғысынан тұжырымдайтын ғалымдар бар. Бұл топқа қарсы плюрализм бірнеше бірегейлікпен ішінара қиылысады деп тұжырымдайтын зерттеушілер де кездеседі. Сондықтан қоғам мүшелері нақты және дұрыс құбылыстарға қатысты түрлі, тіпті қарама-қайшы ұстанымдарға ауыса алады деп болжауымызға болады.
Декларация агрессивті және деструктивті риторикадан бас тартуға шақырады.

Демек, популизмге жол бермей, елдің халықаралық беделін түсіретін агрессивті және деструктивті риториканы қолданбаған дұрыс. Қазіргі таңдағы баламалы медиа сайттар мен дереккөздерінің көбеюі бұқаралық ақпарат құралдарын сенімсіз және саяси біржақты деп айыптайтын агрессивті риториканы өсіріп отырғаны анық. «Фейк» жаңалықтардың көбеюі және халықтың сенімсіздігі агрессивті риториканы өршітіп отыр. Сондықтан бұл мәселемен де айналысқан дұрыс.

Маңызды құжатта ғылым, техника, медицина, өнеркәсіп және басқа да салаларда қол жеткен жетістіктерді рухани, әлеуметтік және адами құндылықтармен үйлестіру аталады. Бұл тұста білім адамды еңбек әлемімен таныстыруға бағытталуы керек деп ойлаймыз.

Зайырлылық пен рухани құндылықтар корпоративтік мәдениеттің білімге ықпалын қалыптастырады. Қоғамның руханилыққа қызығушылығының қайта жандануы адам табиғатының маңызды бөлігіне қайта оралуды білдіреді. Басқалардың әл-ауқатын бағалау ортақ игілік үшін маңызды. Дегенмен, өмірде бәрі керісінше, адам ең алдымен өзін ойлайды. Сондықтан біз әлеуметтік құндылықтарды қалыптастыратын қиындықтар мен мүмкіндіктерге назар аударамыз қажет.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Декларация көптеген мәселелерге назар аударады. Идеялар, арман-мұраттар, құндылықтар үшін күрес ешқашан тоқтамайды. Дін көшбасшылары өздерінің рухани дауысын фанатизм мен өшпенділікке қарсы тұруға, өзара құрметтің, жанашырлықтың және кішіпейілділіктің ең жоғары стандарттарын осылайша насихаттады.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университетінің саяси
ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор Насимов Мұрат Өрленбайұлы

Пікірлер