Кейбір қалалардың маңынан тегін жер берілетіні айтылды

2325
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Қазақстандағы 6 қаланың маңынан "саяжай" үшін тегін 0,12 гектар жер берілетіні айтылды. Бұл жайлы Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қазақ елінің қай қалалары маңынан саяжай үшін тегін жер берілетіндігін санамалап айтып, ережені түсіндірді:

«Қазіргі уақытта қала маңындағы аймақ алты қалада бекітілген: Астана, Алматы, Ақтау, Тараз, Орал және Петропавл. Қазақстан азаматтарына бау-бақша, сондай-ақ саяжай құрылысы үшін жеке меншікке ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, ауылдық елді мекендерден және қордан 0,12 гектар жер тегін беріледі. Аталған мақсатта жер учаскелері қайтадан тегін берілмейді. Бұл құқықты көп балалы отбасылар да, азаматтардың басқа санаттары да пайдалана алады», - Роман Скляр.

Үкімет басшысының орынбасары бау-бақша мен саяжай құру мақсатындағы жер телімдерін қалай берілетінін нақтылады. Оның айтуынша, тегін жер телімдері қала маңындағы ауылдық елді мекендердің аумағы және ауыл шаруашылығына жарамды жерлерден беріледі.

«Саяжай алаптары аумағы бау-бақша, көпжылдық жеміс немесе жидек дақылдарын, сондай-ақ сәндік өсімдіктерді өсіруге арналған. Бұл алаптар маусымдық пайдалануға жарамды әрі түрлі дақылдарды өз қажетіне қарай немесе кейіннен сату үшін өсіруге арналған», - деп атап өтеді бірінші вице-премьер.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер