Атырауда 17 өрт сөндіруші жұмыстан қуылды. Олар басшылықтан жалақыны көтеруді талап еткен екен. Алайда «Интергаз Орталық Азия» компаниясына қарасты мердігер GRWORLD бәрін бір күнде жұмыссыз қалдырған. Бұл туралы «КТК» арнасы жариялады, деп хаьарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Мәлімет бойынша, өрт сөндірушілер Мақат ауданынан келген. Барлығы да «Интергаз Орталық Азия» компаниясының газ құбырларындағы қауіпсіздікке жауапты жұмысшылар. Олардың айтуынша, қауіпті нысандағы өрт қауіпсіздігін жылда әртүрлі компания жеңіп алады. Сондықтан өрт сондірушілер де ешқандай әлеуметтік төлемсіз, еңбек демалысынсыз түрлі компанияға ауысып жүре береді екен. Ал айлығы небәрі 85 мың теңге. Жақында «Интергаз Орталық Азияның» өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету басқа компанияның қолына өткен. Олар осы 17 адамды жұмысқа қабылдаған. Алайда еңбек шартына келіспей, еңбекақыны көтеруді талап еткенде, бәрін бір күнде жұмыстан шығарып жіберген.
85 мың теңге еңбекақы аламыз. Соны 50 пайызға көтер деп талап қойдық. Сол талабымызды орындамай, бізді жұмыстан заңсыз шығарып жіберді. 29 маусымда, бүгін жұмысқа барғанда «жұмыстан боссыздар» деп орнымызға адам алып, жұмыстан босатып жіберді. 17 адам. Ешқандай ескерту бермеді, - деді өрт сөндіруші Сәлімбай Жұбанғалиев.
Тағы бір өрт сөндірушінің айтуынша, олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Өрт сөндірушілердің жалақысын 70 пайызға көтеріңдер» деген жолдауын айтқан.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан жолдауы бар ғой. «Өрт сөндірушілердің жалақысын 70 пайызға көтеріңдер» деген... Біз соны айттық. Осындай жолдау бар. Оған сіздер бағынбайсыздар ма, Қазақстанда тұрмайсыздар ма дедік. Заң бір емес пе? Олар «жоқ» деді. Біз көтере алмаймыз деді, - дейді өрт сөндіруші Азамат Мамышев.
Наразы топ жалақының аздығын бұған дейін де айтқан. Ол кезде еңбек инспекторлары «шартқа қол қойдыңыздар, бұл заң бойынша келісім бергендеріңіз» деп тыйып тастаған.
Ал енді қол қоймап едік, бәрімізді жұмыстан шығара салды, - дейді ашынғандар.
Еңбек инспекциясы жұмыс берушімен сөйлескенін айтқан. Бірақ мердігер жалақыны өсіруге қаржы мүмкіндігіміз жоқ деген. Дегенмен 17 адамды еңбек шартынсыз 27 күн жұмыс істеткені үшін жауапқа тартылады деп отыр.
Бұл мәселе әлі бақылауда. Облыс әкімінің жанында үш жақты тұрақты комиссия бар. Сол комиссияға бұл жағдай айтылады. Сол кезде тапсырыс беруші «Интергаз Орталық Азия» жұмыс беруші, барлығы шақырылып, келіссөз жүргізіледі, - деді мемлекеттік еңбек инспекторы Кемел Иманғалиев.
Сонымен қатар «КТК» арнасының мәліметінше, 17 адамды бір күнде жұмыстан шығара салған компания өкілдері «ауылдық жер үшін 85 мың теңге аз ақша емес» деген.