Инклюзивті оқыту: білім баршаға ортақ

4055
Adyrna.kz Telegram

Елімізде соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі балалардың қатардағы балалармен мектепте тең дәрежеде білім алуы туралы стандарт енгізу қарастырылуда. Бұл мәселеде бізге «Инклюзивтік оқыту» жүйесі таптырмас шешім. Инклюзивтік білім беру – барлық балаларды жалпы білім үдерісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімделуге, жасына, жынысына, шығу тегіне, әлеуметтік статусына қарамай, балаларды алалайтын кедергілерді жоюға; отбасыларын белсенді қатыстыру, баланың коррекциялық-педагогикалық және әлеуметтік қажеттіліктерін арнайы қолдау, білім алушылардың емес, ортаның олардың жеке ерекшелігіне және білімдік қажеттіліктеріне бейімделуі, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат. Бұл оқыту түрі оқу жоспарын және білім беру жүйесінің әдіснамасын икемді болуға, әр баланың қажеттілігін ескеруге бағытталады. Сондай-ақ, жыл сайын жалпы дүниежүзі бойынша бұл тақырыптың өзектілігі артпаса, кемімейді. Оған дәлел «Білім баршаға» бағдарламасы.

Инклюзивті білім беру немесе «білім баршаға» бағдарламасы — барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен мақұлданып, БҰҰ-ның Конвенциясында 2006 жылдың 13 желтоқсанында енгізілген болатын. Инклюзивті білім беру мәселесі шет елдерде 1970 жылдан бастау алады, ал 90 жылға қарай АҚШ пен Еуропа өздерінің білім беру саясатына осы бағдарламны толық енгізді. Ал, біздің елімізде инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы ресми деректерде Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілді. Инклюзивті білім жүйесін дамыту: 2015 жылға қарай мүмкіндігі шектеулі балаларды біріктіріп оқытудың модульдік бағдарламалары; мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы білім беретін ортада біріктіріп оқыту ережесі әзірленеді, түрлі ерекшелігі бар балалар үшін бірігу нысандары анықталады; 2020 жылдан бастап мектептерде ерекше балалар үшін қөтергіш жабдықтар, санитарлық бөлмелерде арнайы құралдар орнату, тұтқалармен арнайы парталар, арнайы үстелдер және басқа да компенсаторлық құралдармен жарақтандыру арқылы «кедергісіз аймақтар» құрылып басталды. Бүгінде еліміздің барлық аймағында ерекше балаларға білім беруді қолдау негізінде жалпы білім беретін мектептерде түзете-дамыта оқыту сыныптары ашылуда. Бұл сыныптың мақсаты: әр сыныптағы мүмкіндігі шектеулі оқушыларды бір сыныпқа топтастырып, әр оқушыға жекелеп сыныбы мен оқу бағдарламасына сай білім беру. Инклюзивті білім берудің мақсаты: даму мүмкіндігі шектеулі балалардың қалыпты балалармен бірге білім алуына жағдай жасау. Яғни адамның жынысына, дініне, шығу тегіне қарамастан тең құқылы жеке тұлға ретінде білім беру жүйесі болып табылады.

Нағыз инклюзивті білім берудің алғашқы сатысында 2 жүйені біріктіру, яғни жалпы және арнаулы жүйелерді бір-біріне жақындастыру көзделеді. Қазақстан Республикасының 11.07.2002 жылғы «Мүмкіндігі шектеулі» балаларға әлеуметтік-педагогикалық-психологиялық түзеу арқылы қолдау туралы» № 343 заңы бойынша ТДО сыныптары үйден оқыту, үйден әлеуметтік көмек көрсету, көмекші бағдарлама, арнайы (ПДТ) бағдарлама бойынша куәлік беру ережелерін және мүмкіндігі шектеулі балаларды қорғау, қамқорлау, диагнозын анықтау, емдеу, оңалту, тәрбиелеу, оқыту, қатарға қосу мәселелері бойынша жаңадан шыққан заң, қаулы, ереже тәртіптерінде қаралған. Сондықтан, жалпы білім беретін мектептер, балалабақашалар ПМПК-ның қорытындысы бойынша көрсетілген баланың деңгейіне қарай жеңіл бағдарламамен білім беруге тәрбиешілермен мұғалімдер инклюзивті білім беруге дайын болғаны жөн. Инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасын қамтамасыз ету, сонымен қатар оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастырудың идеологиясы жатыр. Тәжірибе көрсеткендей қатаң білім беру жүйесінен балалардың бір бөлігі шығып қалып жатады. Мұндай қалыптасқан жүйе баланың даралық қажеттілігін қанағатттандыра алмайды. Инклюзивті бағыт мұндай балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкншілігін қалыптастыру үшін қолданылуы тиіс.

Педагогикалық білімді нақты қайта құру көп жағдайда гуманитарлық үдерістер мен Қазақстан қоғамының әлеуметтік-гуманитарлық кезеңдеріне байланысты болып отыр. Жалпыадамдық құндылықтарды қоғам түсінігінде бекіту, ең алдымен дамуына мәселесі бар жастарға деген көзқараспен, оларды әлеуметтендіру, интеграцияда немесе инклюзивтік білім беру сұрақтарын шешумен негізделеді. Инклюзивтік оқытудың базалық құқықтық құжаты ерекше оқытуды қажет ететін білім алушыларға нәтижелі көмек көрсетуде, оларды оқыту, тәрбиелеу, еңбекке және мамандыққа даярлауда «Мүмкіндігі шектеулі балалармен әлеуметтік және медициналық-педагогикалық коррекциялық сүйемелдеу көрсету бойынша іс-шаралар жоспарын бекіту туралы», «Мүмкіндігі шектеулі балалармен кіріктірілген (инклюзивті) білім беруді ұйымдастыру бойынша нұсқауы», «Мүмкіндігі шектеулі балалармен психологиялық-педагогикалық сүйемеледеу» бойынша әдістемелік нұсқаулар басшылыққа алынғаны жөн. Қазіргі таңдағы ғылыми-теориялық зерттеулерде инклюзивті білім берудің 8 қағидасы ұсынылуда:
- Адам құндылығы оның қабілеті мен табысына тәуелді болмайды;
- Әрбір адам сезінуге және ойлануға қабілетті;
- Әрбір адам тыңдалу үшін қарым-қатынасқа түсуге құқығы бар;
- Барлық адам бір-біріне мұқтаж;
- Тұпнұсқалы білім беру шынайы өзара қарым-қатынас шеңберінде жүзеге асады;
- Барлық адамдар қолдауға және құрдастарымен достыққа зәру;
- Барлық білім алушылар үшін ілгерілеу орындай алмағаннан гөрі, жасай
алуда болуы мүмкін;
- Жан-жақтылық адам өмірінің даму аясын кеңейтеді.

Мемлекеттің алдында тұрған басты міндеттердің бірі ең алдымен ғылыми-педагогикалық қауым арасында ақпараттық-ағартушылық жұмыстарды жүргізу болып табылады. Бұл үдеріс бірашама жылдар көлемінде орын алып келеді. Әсіресе, нормативтік-құқықтық база құру, игеретін материалдар мен оқытушы құрамын дайындау, инклюзивті білім беруді енгізу бойынша алыс-жақын шетелдің тәжірибесіне талдау жасау арқылы Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру мәселесі шешімін табуда. Қазіргі таңда инклюзивті білім беруді дамытуды ғылыми-әдістемелік және кадрлық қамтамасыз ету көкейтестілігін жоғалтқан жоқ. Инклюзияға әлеуметтік сұраныс жоғары. Тәжірибенің сұранысы бүгінгі күні «кімді, қалай, қай жерде және неге үйретеді?» сұрақтарын алға тартады. Инклюзивті білім беру системасының өзі инклюзивтік қоғамның дамуының тиімді механизмі болып табылады. «Баршаға ортақ» білім беру системасын дамыта отырып, біз инклюзивтік қоғам, яғни әрбір адам үшін қоғамды дамытуға жол ашамыз. Инклюзивті білім мүмкіндігі шектеулі балаларға балабақша, мектеп, институт, мектепке дейінгі және мектеп өміріне толық көлемде қатысуына мүмкіндік береді.

Сонымен қоса мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлінуі керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бұл өзіміздің және қоғам алдындағы парызымыз. Білім беру мекемесінің ортасы денсаулығының мүмкіндігі шектеулі балалардың қажеттілігіне бейімделуі «кедергісіз» болуы керек. Осылайша, қазіргі таңда барлық әлем жұртшылығының назарын аударып отырған балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын шешім – инклюзивті білім беру болып табылады.

Пікірлер