Бейбіт күнде тікұшақ құлап, 13 əскери азаматымыздан айырылу - əскерилеріміз бен соғыс техникасы жағдайының сын көтермейтіндігінің дәлелі. Мына заманда 13 əскери жер қайысқан қол емес пе?!
Қарағандының Алматыға шыға беріс тас жолының бойында Спаск деген елді мекен бар. Жан-жағы жоталы қыраттармен қоршалған ойпаң жерге орналасқан оңаша əскери бөлімше. Ойпаң жерге орналасқаны - ядролық бомбы жарылғанда тасада қалу үшін дейтін білетіндер. Ядролық жарылыс толқыны ойпаң жерде тұрған ғимараттар мен техникаға залал келтірмей үстімен өтіп кетеді-мыс.
Студент кезімізде сол Спаск мекенінің үстінен өткен сайын кеудемімізді мақтаныш сезімі билейтін. Себебі аяқ астынан соғыс басталып кетсе, сол замат "дүр" ете қалатындай боп небір соғыс техникалары: танктен бастап түрлі əскери машиналарға дейін ашық аспан астында самсап тұратын. Кəдімгідей айбарлы еді тұрыстары...
Содан бері талай заман өтті... 2000 жылдары Шет ауданы жақтан келе жатып, Спаск түбінде жол тосып тұрған бір солдатты Қарағандыға ала кеттік. Шымкенттің баласы екен. Əлгі солдат Қарағандыға жеткенше жантүршігерлік əңгімелер айтып барды. Дембелге қайтқалы жүрген сақа солдаттың екі жылғы Отан алдындағы қызметі əскери техниканың саймандарын сату болыпты. Иə, əке-шешесі Отан қорғауға жіберген əлгі батырымыз Спаск əскери бөлімшесінің ауласында қаздай тізіліп тұрған жүздеген əскери техникалардың ішкі саймандарын Қарағандыға апарып сатумен айналысқан, түскен ақшаны командирлерімен бөліскен.Сөйтіп, өзі айтқандай бір жарым жыл бойы "как король" өмір сүрген. Тіпті үйіне мыс-мыс ақша жіберіп тұрған.
- Сонда мына қаптаған танктер мен БТР-лердің біреуі де жүрмей ме, - дедім мен сенер сенбесімді білмей.
- Жүрмейді, - деді солдат мұрнын шүйіріп, - ішкі құрлысын тегіс сатып жібергенбіз. Тек қаңқалары ғана қалқайып тұр, бірақ ішінде түк жоқ, - деді.
- Ал жоғары жақтан "проверка" келсе, "ученьеге" қайтып шығасыңдар, - дедім мен де əскерде болғанымды білдіріп.
- Ондайға арнайы дайындалып қойған техникалар бар, комиссияға соны көрсете салады, бірақ олардың да жағдайы қазір мəз емес - деді, Отан алдында борышын өтеп жүрген жауынгер.
Өзі түк саспайды, əскери техника бөлшектерін сату үйреншікті жағдайына айналып, еті өліп кеткені сөзінен көрініп тұр. Осы келе жатқаны клиенттермен сауда бəсіне келісуге бара жатқан беті екен.
Меніңше сол жылдары қолда бар жарамды əскери техниканы түгел сатып бітірген тəріздіміз. Атақты генералдарымыздың Кореяға ұшақ сатып ұсталатыны, кейін жазадан құтылып кететіні осы тұс емес пе еді.
Кейін көрші елдерден тіпті сонау Израильден соғыс техикаларын сатып ала бастадық. Бірақ "кім сүтті сиырын" берсін, олардың жарамсыз боп шыққаны жайлы БАҚ əлденеше рет шу боп жатты.
Бірде, бір əскери кісімен сапарлас болдым. Тағы да тікұшақ құлап жатқан кез еді. Мұның алдында ғана бір санавиация тікұшағы құлап борттағы дәрігерлер мен ұшқыштар опат болған болатын. Əлгі əскеридің айтуынша ЧС-тің сатып алған тікұшақтары ұшуға жарамсыз болып шыққан. Ол тік ұшақтардың сапасыздығы өз алдына, Қазақстанның климаттық жағдайларында ұшуға мүлде бейімделмеген көрінеді. Апатқа ұшырап жатқан сол тікұшақтар екен.
Броконьерлер қолынан ажал құшқан Ерлан Нұрғалиевті құтқаруға тікұшақ жіберілмегені осы жағдайларға байланысты болса керек. Қысқасы, бірінен соң бірі болған екі тікұшақ апатынан кейін санавиацияны ұшыру тоқталған дейді əскери кісі. Осылайша миллиондаған долларға сатып алынған тікұшақтар əуеге ұшпағанымен миллиондаған мемлекет қаржысы желге ұшып жатқан көрінеді.
Енді міне, сенімді деп сипатталатын МИ 8 тікұшағы апатқа ұшырап, 13 əскери қаза тауыпты. Қаншама отбасы бейбіт күнде қара жамылып, ата-анасы, бала шағасы аңырап қалды. Кім кінəлі? Кімнен көреміз? Кімді жауапқа тартамыз? Сұрақ көп, жауап жоқ. Өйткені коррупцияға белшесінен батқан елде ешкім ештеңеге жауап бермейді.
Кеше МИ 8 тікұшағы енді əуеге көтерілмейді деген ақпарат тарады. Қайтіп көтеріледі тура біздің жүйе тəрізді əбден шіріп тозып тұрса... МИ 8 тікұшағы да бір, кір жуатын тозған кəритə да бір қазір. Жаңа тікұшақтардың да жағдайының жетісіп тұрғаны шамалы, бірінен соң бірі бұршақ ұрған инелікше томпылдап құлап жатыр.
Коррупцияның ең қауіптісі - əскери салада өркен жайған жемқорлық. Жаман айтпай жақсы жоқ, ертең төтеннен бір жау тап берсе, не танкің оталмай, не ұшағың аспанға көтеріле алмай, мұздай құрсанған жауға қару-жарақтың жарамсыздығынан қайрат көрсете алмай сасып тұрсақ, масқараның көкесі сонда болмақ! Құдай бетін əрі қылсын!
Бейбіт күнде қаза болған боздақтарың отбасына, туған-туысқандарына қайғырып көңіл айтамын.
Ерлан Төлеутай
Р.S Біз әскердегі коррупция мен тікұшақ апатын кеңінен алдағы күндері талқылаймыз.