Мазасыздық

1871
Adyrna.kz Telegram

1. «Тәуелсіздік» жыры

Павлодарда «Тәуелсіздік» даңғылының атауы қоғамдық тыңдауға ұсынылмай-ақ «Nursultan Nazarbaev» атауына асығыс ауыстырылып жіберілді! Елбасының есім-сойын беруге Астана, Ломов, Лермонтов, І Май көшелері де лайықты екенін облыс әкімі Болат Бақауов пен қала әкімі Әнуар Күмпекеев ескерген жоқ.

«Тәуелсіздік», қасиетті жырсың сен,
Аруақты ердің рухы кешсін – күрсінсем!
Көзге елестеп Малайсары сияқты,
Жасыбайдай түсіме еніп жүрсің сен!..

Қаралы көш Қаратаудан сабылған
Жетті Ертіске сүңгіп өтіп сағымнан...
Жетім үміт жылап қалды құзартта
Кенесары ханның басы шабылған!..

Магаданнан қайтса қаздар тізбегі,
Керекуде өксиді аспан күздегі!..
«Бутыркада» қан-жоса боп
Тарихтың
Бетіне енді Аймауытов іздері!..

Кейде еріксіз үйірлі итпен таластым,
Қасқырша ұлып көкжалмен де жарастым!
Дарда соңғы демі үзілген
Студент
Рысқұлбеков рухы еді ғой Алаштың!..

Жүйкем әлсіз, бәлкім ертең сыр берер,
Біз кетерміз – орнымызға кім келер?..
Шындықты іздеп жүрген жанның алдынан
Шықса егерде автозак пен түрмелер!..

Тұрғанымен темір тәртіп күшінде,
Торға түссең өр еңсеңді түсірме!
Демократия
Дәрігерге жалтақтап
Жүрген жоқ қой жындыхана ішінде!..

Сындарлы шақ жібермейді есесін,
Сұмдық оймен түрлі қиял кешесің!
Тыныштығын түннің дар-дар айырып,
Іздеп келем «Тәуелсіздік» көшесін!..

2. Әкімдер мен ақындар

«Тәуелсіздік» жайындағы толғаныс –
Енді жүдеу көңіліме алданыш.
Байыптасам, өнеге екен өзгеге
Сағынтаев Бақытжаннан* қалған іс!
Әкімдерді сөз етпейін десем де,
Тудырады сезімімде таңданыс:
Ерлан Арын* қанындағы тектілік,
Бозымбаев* бойындағы ар-намыс!

Біз солардың құрметіне бөлендік,
Төрге шығып төремен де теңелдік!
Бақауовтың кеңсесінен, әйтсе де,
Байқала ма биіктік пен тереңдік?..

Атқа мінген, таққа мінген кісімен
Сәлемдесу оңай емес,
Түсінем...
Енді, сірә, кеңдік іздеу күлкілі,
Күмпекеев кабинеті ішінен...

Егіз шығар байлық, мансап, құрғыр-ау,
Ескі аңызды еске салған күн мынау!
«Сараң байлар жүн жеп, құсқан жабағы
болыс бопты» деген сөзге күлдік-ау...

Ауылнайлар, поштабайлар – бәрі де
Кеткен дейді Ит жеккеннен әріге!..
Әйтседе елде ақындары көр соқыр
Аузы қисық әкім сөйлер әлі де!..

Шетел асып білім қуған бала көп,
Оралды ма соның бәрі дана боп?..
Шенеуніктер жер тепсініп жетсе егер,
Білегімді сыбанбасқа шара жоқ!..

Бала кезде тасқа ұрылған маңдайым
Жарқырап тұр,
Туған шығар енді Айым!
Кеудемсоқтар кішірейіп келсе егер,
Құшақ жая қарсы алуға мен дайын!

Бақ пен соры бірге туған дарынның,
Аласапыран күндерімді сағындым!
Санама енген ызалы ойдан әйтсе де,
Айтарымды айтып барып арылдым!

Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.

*Бақытжан Сағынтаев, Ерлан Арын, Қанат Бозымбаев – Павлодар облысының экс-әкімдері

Пікірлер