Абай облысында 9 маусым күні басталған орман өрті әлі басылар емес. 14 адам қаза тауып,президент Тоқаев 12 маусымды қаралы күн жариялағаннан кейін тағы бір адам із-түссіз жоғалғаны белгілі болды. Төтенше жағдайлар министрі былтырғы Қостанайдағы орман өртінен неге сабақ алмады? Сондай-ақ үкімет өрт сөндіру техникаларын заман талабына сай неге жаңартпайды? Осы туралы Астанадан Семейге арнайы барған Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбайдан сұрап көрдім.
«ӘКІМДІК ПЕН МИНИСТРЛІК АРАСЫНДА АЛГОРИТМ ЖОҚ»
– Сенбі күні Астанадан Семейге жолға шығып едіңіздер. Қазір қайдасыздар?
– Сенбі күні билет болмай Астанадан Семейге бірден жолға шықтық. Кеше Семейде болып, бүгін Астанаға келдік.
– Абай облысындағы орман өртін көзбен көріп келдіңіздер. Өңірге барған кезде не байқадыңыздар?
– Ең бірінші біз эвакуацияланып жатқан азаматтардың жағдайымен таныстық. Өйткені біз құр-қол бармай арнайы көмегімізді апардық. Одан кейін өрттің ошағына бардық.
Жалпы, мына нәрсені анық айтуымыз керек; құзырлы орындар арасында бізді орға жығатын есеп үшін есеп беру секілді көзбояушылық және өзара үйлесімділіктің жоқтығы көзге көрініп тұрды. Әкімдік неге жауап береді, министрлік неге жауап береді? Қарап отырсақ,әкімдік пен министрліктің арасында ортақ алгоритмдік жұмыс жоқ. Өрттің өршуіне осы себеп болды.
Қарағайдың биіктігі 25-30 метр болады. Ол жанғанда ағаштан ағашқа, тоғайдан тоғайға секіріп жанады екен. Ол жерге қанша өрт сөндіру көлігін апарсаң да оның шлангасы оны сөндіруге жетпейді. Бақылауға 14 орманшыны жіберген екен. Оның қолынан не келеді? Қолдарында түк жоқ. Тіпті кейбіреулер өздерінің көлігімен барыпты деп жатыр. Ең алдымен өрттің аумағын анықтау үшін дрон ұшырып көру керек еді. Олар өздері де жағдайды толық білмей отыр ғой. Сол себепті қоршаудың ішінде қалып қойған.
Қарағай майлы болғандықтан бензин сияқты жанады. Біз 500 метер, бір шақырым жерде тұрсақ та басымыз айналып, көзімізді аша алмай қалдық. Мысалы үшін өрт сөндірушілер тұншығып қалды. Олар өрттің ішіне барып, 1-2 сағат хабарсыз қалды. Олармен үнемі байланыс орнатып отыру керек қой. Артынан барып бір-ақ іздеуге шықты.
Жоғары жаққа да дер кезінде ақпарат жетпеген. Өртеніп жатқан аумақтан 1953-1960 жылдардан қалған, нақтырақ айтсам менің әкемнен кәрітехникаларды көрдік. Бұрынғы «Урал», «Зил» сияқты өрт сөндіру көліктері тұр. Көрші мемлекеттерде мұражайда тұратын көліктер ғой. Техникалар жаңартылмаған, ескі.
Былтыр да Семейдің орманы өртеніп еді. Әкімнің жауапкершілігі болса, мәселені жоғары жаққа айту керек еді. Жоғары жақтан ақша бөлмей жатса, «қаржы бөлмей жатыр» деп дабыл қағу керек еді. Ең болмасадепутаттарға хабарласып, «осы мәселені көтерсеңіздер. Бюджеттен ақша бөліп берсеңіздер» деп шырылдайтын адам жоқ. Алдын-ала «ертең орман өртенсе маған ренжімеңдер» деп айтса, елдің алдында ары да таза болар еді ғой. Бір-біріне сілтеп, жалған есеп берудің не қажеті бар?
Экология министрінің «Орман өртіне сақадай саймыз» деп есеп бергені әлеуметтік желіде талқыланып жатыр. Арыста жарылыс болғаннан кейін тексере бастады, орман өртінен кейін тағы қимылдап жатырмыз. Сонда бізде президент қана айту керек пе? Енді дер кезінде қимылдамағандарды жауапкершілікке тартуымыз керек.
– Ильин отставкаға кетті, облыс әкімі Ұранхаевқа Президент сөгіс берді. Осы шаралар жеткілікті деп ойлайсыз ба?
– Қазір ондай мәселе көтеріліп жатыр. Қазір кімді жазалаймыз деп даурығып жатырмыз. Мұның барлығына инфрақұрылымы жаңармаған, кеңестің кезеңден бастап техникасы жаңармаған 30 жылдық жүйе кінәлі. Аталған салаға бөлінген ақшаны жеп қойған жемқорлардың кінәсі бар. Екібастұз бен Риддердегі жағдай – 30 жылдан бері келе жатқан мәселенің салдары. Бұл алдағы уақытта да жалғаса береді. Біз мұндай жағдайда не істеуіміз керек? Қазір бірінші кезекте биліктің барлық тармақтары, соның ішінде Үкімет нақты шара қабылдауы керек. Бірінші кезекте тәжірибесі мол, кәсіби деңгейі жоғары нағыз мемлекетшіл азаматтарды жауапты қызметке тартуымыз керек. Оксфорд пен Кембриджді бітіргендерді емес, жауапкершілікті мойнына алатын, табанды адамдар керек. Жаңа адамдарсыз тектоникалық өзгерістерді жасай алмаймыз. Қазір бір министрді әкеп қойсаң онымен іс бітпейді. Сондықтан біз алдағы уақытта бұл мәселені көтереміз.
Орманшылардың жалақысы өте төмен. Бұл туралы да талқыланып, шешім қабылдануы керек.
«БӘРІН ДЕ КӨЗБЕН БАРУ ҮШІН БАРДЫҚ»
– Әлеуметтік желіде 4-5 депутаттың Астанадан Семейге шыққандарыңызды жаздыңыздар. Бірақ кейбір адамдар «Депутаттар өрт болған жерге не үшін бара жатыр?» деп сынады. Жалпы депутаттар Семейге барса да, бармаса да сынайды. Бұл ненің белгісі?
– Менде осы нәрсені түсінбеймін. Бармасақ «бармады» дейді, ал барсақ тағы сынайды. Ол жерге енді мен өрт сөндіру үшін барған жоқпын ғой. Техникаларды жаңалау үшін жағдайды көзбен көріп, депутаттық сауал жолдауымыз керек. Запастағы қаржы жетпесе, республикалық бюджеттен ақша бөлдіру керек. Қандай көмек керек, халықты қайда орналастырды, ауылда қалған мал аш қалып қойған жоқ па деген мың сан мәселені көзбен көру керек емес пе? Біз осының бәрін көзбен көру үшін бардық қой. Біздің барғанымызды бұра тартып жатқан адамдар бар. Кеше мұнайшылармен амандасуға барғанда «бұлар неге келді?» деді. Сонда біз не істеуіміз керек? Түсінбейсің. Бармасақ, «неге бармадыңдар? Ең болмаса бір депутат баруға жарамадыңдар?» деп айтады. Ал барсаң «неге бардың?» дейді.
– Мұның себебі бұқара халық пен биліктің арасында үлкен сына бар екенін көрсетпей ме?
– Енді билікке деген халық тарапынан сенім кредиті азайып кетті ғой. Қазір бірақ парламентке деген көзқарас түзеліп келе жатыр. Байқасаңыздар, көп нәрсе көтеріп жатырмыз. Қазір «Айтасыңдар, айтасыңдар, бірақ не шешіліп жатыр?» дейді. Бұрынғыдай айтпайсыңдар деп жатқан жоқ. Осылай депутаттар табандылық танытуы керек. Парламенттік тыңдау өткізіп, осы мәселені күн тәртібіне қою керек. Сондықтан бұл жердегі мәселе Үкіметке ғана емес, Парламентке де байланысты.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Серік Жолдасбай
"Адырна" ұлттық порталы