Қытайдағы кландар ара қақтығыс алдағы уақытта қытайдың ішкі және сыртқы саясатына ықпал етуі сөзсіз дүние. Қытайдағы әрбір саяси оқиғалар мен күрделі шиленістер кландар арасындағы күреспен тікелей қатысты-дұр. Зәудеғалам, кландар арасындағы қақтығыс тым терең сипат алып кетсе, орталық азия елдері үшін анша түсініксіз жәйіттер ақпарат әлеміне жарқ ете қалуы ғажап емес. Бір заттың басын ашып алайық, қытай ұлттық капитализмі өркендей берген сайын және белгілі ұлттық дағдарысқа да дөп келе берген сайын қытай режиміндегі компартияға деген сенім де соншалық солғындай береді, бұның соңы қытайға өте ауыр тиеді. Бұл - қытайдың ішкі саясатын ғана емес сыртқы саясатына да ықпал ететін көп фактордың бірі. Бұны тілге тиек етудегі себебім- қытай қазақтарының жаңа буыны дәл осы саяси, әлеуметтік һам экономикалық құблыстарға мүлде басқа форматта дөп келуі мүмкін.
Қытайдағы қазақтардың қытайтілді жаңа қауымы деп 2000-ші жылдан кейінгі яғни 21-ғасырда туған саяси, әлеуметтік һам экономикалық таным, көзқарасы мүлде бөлек ЖАҢА БУЫНДЫ айтамыз. Қытайдағы қытайтілді Жаңа Буын Қазақтарды мынадай категорияға бөлеміз:
Формасы жағынан:
Қалада қалыптасқан қытайтілді қазақтар;
Ауылды елді-мекенде қалыптасқан қытайтілді қазақтар.
***
Тілдік факторы жағынан:
Қазақша білетін қытайтілді қазақтар;
Қазақша және шет тілін білетін қытайтілді қазақтар;
Қазақша білмейтін қытайтілді қазақтар.
***
Әлеуметтік орны жағынан:
Қалталы, бизнесмен қытайтілді қазақтар;
Қытайша шығармалар жазатын қытайтілді қазақтар;
Шенеунік қытайтілді қазақтар.
***
Қытайтілді қазақтар 21-ғасырда туғандар, олар алда қытайдың барлық саласына ендеп кіреді, кіріп те жатыр. Біз (Қазақстандықтар), қытайда қазақтілді орта, мектеп, ұлттық дәстүр және руxаният жоғалып бітуде деп налумен боламыз, ал, жаңа буын қытайтілді қазақтар туралы әлеуметтік анализ жасауға мүлде назар салмаймыз. Негізінде, қытай қазақтарының тағдыры - қытайтілді қазақтардың қолында. Олардың тілі мен тәрбиесі қытайша болғанымен келешекте ҰЛТТЫҢ НЕБІР САЯСИ ТҰЛҒАЛАРЫ солардың арасынан шығады. Бұл - заңдылық!
Қытайтілді қазақтың жаңа буыны үшін алдағы болуы тиіс мүмкіндіктер:
Еуропалық демократия мен буржуазияға қытай тілінің мүмкіндігі арқылы танысу. Ол үшін олар демократшыл қытай зиялы қауымымен, элитасымен етене араласуы керек.
***
Қытайдың саяси һам экономикадағы ірі кландық жүйесіне біте қайнасу тиіс. Яғни қытай кландарының буржуазиясымен осы бастан араласа беруі, олардың форум, симпозиумдарына, қозғалыстарында белсенді позициясын танытып, қатыса беруі керек;
***
Қытайтілді және қазақтілді қазақтар арасында белгілі ортақ мүдде және диалог болуы керек.
***
Қытайтілді Тибет, Ұйғыр және Манжур, Моңғолдармен де тығыз байланыс жасап, қытайтілді қытай еместер арасындағы саяси, мәдени һам әлеуметтік түсіністікті арттыра беруі керек. Бұл кейбір ұлттық және руxаният мәселелерін көтеруде өте керекті фактор.
***
Қаласақ та, қаламасақ та қытайтілді қазақтар - қытайдағы қазақтың алдағы ТАҒДЫРЫ. Қытай қазақтарының әлеуметтік, саяси және әкімшілік саладағы барлық орнын келешекте ҚЫТАЙТІЛДІ қазақтар басатын болады. Яғни дәлірек айтсақ, қытайша ойлап, жазатын жаңа нәсіл басатын болады. Олардан бізге ҚАУІП те, ҮМІТ те бар. Тілі қытайша болғанмен небір ұлтшылдар, демократтар, ақын, жазушы, философтар, тіпті елдің алқауына бөленген әкімқара елбасылары да шығуы мүмкін. Бұл - ШЫНДЫҚ!
Қытайдағы қазақтілді ескі буын негізгі тізгінді ұстап отырса да жыл аунап, заман өзгерген сайын олардың байырғы қатары азая береді. Олардың орнын мүлде басқа форматтағы ұрпақтар басып озады. Қаласақ та, қаламасақ та шындығы осы! Біз Қазақтандықтар, қытайтілді ұйғыр мен қазаққа басқаша форматта мәдени, саяси һам экономикалық байланыс құруды жоспарлай бергеніміз дұрыс. Яғни үрейленіп, үміт үзіп, құр қарап отыра бермеуіміз керек!
Қазақтілді қазақтар:
Олар, жалаң қазақ ортада қалыптасты, саяси һам әлеуметтік санасы қазақы ортамен шектелді. Қытайдың ірі саяси қазанында, экономикалық базарында аз қайнады.
***
Олар, қазақы рулық һам аймақтық ортадан аспай тар әлеуметтік қарым-қатынасты кеңге өркендете алмады. Қытайдың ең жаңа олигарxы мен кландық топтарына ҚАЗАҚ ДЕЛЕГАЦСИЯсы ретінде көрініс таба алмады.
***
Олар, 80-ші жылдан кейін қалыптаса бастаған қазақтілді буын күрделі таңдаудан өтті. Мысалы: Қазақстанға көшу, саяси белсенділіктен көрі сауда, бизнес, т.б.
***
Қытайтілді қазақтарға ҚАЗАҚСТАН факторы:
Қазақ тілі бренд және заманауи модыға айналуы керек.
***
Саяси азаттығымен, демократиялық еркіндігімен ҮЛГІ бола білуі керек.
***
Әлемдік деңгейде ойлана білетін еркін шығарма, туынды, кино-фильмдер болуы керек. Тіпті, ондай дүниелер қытай тілі арқылы қытайға танымал болса, тіптен керемет!
***
Алаш Орда, Зұлмат, Ұлт өркениеті туралы сауатты шығармалар қытай тіліне аударылуы керек.
***
Қазақстандық өнім, модель, рекордтық көрсеткіш көп болуы керек. Бұл қытайтілді қазақтарды өзіне байланыстырудың ең тиімді меxанизмі. Ұлт мүддесі тіл мен әдебиеттен бөлек теxнология арқылы сана жадысында қалудың келешектегі көрінісі.
***
Қазақстанның орталық азиядағы ықпалы барынша артуы тиіс. Тіпті орталық азия елдерінің одағын құрып барлық орталық азияның саяси, экономикалық әлеуетін қытайға қарсы шоғырландыру. Бұл 60 миллионнан асатын жаңа демографиялық ішкі энергияның реакцсиясы қытайдағы қазақ пен ұйғырға жаңа серпін береді.
***
Қытайдың кландар ара қақтығыс жүйесі - қытайтілді қазақтар үшін үлкен мүмкіндік. Қытайтілді қазақтар жалаң қытай режимі - компартияға ғана иек сүйеп қалмайды, жаңа саяси таңдаулар мен платформаларға ұмтыла бастайды. Қытайдың жаңа буын саяси қозғалысына қатыса бастайды. Былайша айтқанда қытайдағы алда болатын өзгерістерге қара танытып жүретін жаңа буын пайда болады. Қытайдың демократиялық қозғалыстарында, дискусында қытайтілді қазақ ұрпақтары пайда болады. Үміт пен Үрей - соларда!