Журналистке тап берген адамның видеосы тарады. Полиция дәрменсіз бе?

1884
Adyrna.kz Telegram

1 маусым күні Алматы қаласындағы әскери горнизон сотында күдікті Серікбол Мұратханның ісі қаралды. Кезекті ашық сот отырысына The Qazaq Times ақпарат агенттігінің журналисі мен операторы қатыстқан болатын. Сот отырысы аяқтала бергенде Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың әрі жәбірленушінің өкілі екі журналиске шабуыл жасады. Бұл туралы журналист Күлтегін Аспанұлы Facebook парақшасында жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ақпаратқа сүйенсек, судья Ерлан Ибраимов бірнеше айдан бері жүріп жатқан сотта түсірілімге еш шектеу жасамаған.

27-інші сот отырысы аяқтала бергенде Жансейіт Түймебаевтың әрі жәбірленушінің өкілі екі журналиске шабуыл жасады, физикалық күш көрсетті. Орта жастан асқан Абидхалий Жұманов Нұрғалиұлы журналистің қолындағы телефонын тартып алып, тарпа бас салды. Камераны құрылғымен қоса жерге лақтырып жіберді. Сот дәлізінде телефонын жай ұстап тұрған, жазба жүргізбеген тілшіге «Мені түсірме» деп жұлқынған Жұманов агрессия танытты.

Сот ғимаратындағы камерада Жұмановтың алғашқы шабуылы, бәрі толық бейнеленген. Бұл видео 7552 әскери бөлімге тиесілі. Журналист пен оператор камерасы қосулы болмағандықтан, алғашқы шабуылды таспалап үлгермеген. Төмендегі видео Жұмановтың алғашқы шабуылынан кейін құқық бұзушылықты тіркеу әрі дәлелдеме үшін түсірілген.

Агрессор заңбұзушылықты бірден таспалай жөнелген екінші журналиске де күш көрсетіп, телефонын қолынан тартып алмақ болды. Ел ағасы жасындағы Жұманов журналистерге екі рет шабуылдады. Журналистің бірінің қолынан телефонын тартып аларда саусағын жарақаттаған және техникалық бұйымын бүлдірген”, делінген жазбада.

Сондай-ақ, сот отырысына OSCE – The Organization for Security and Co-operation in Europe  Еуропа Қауіпсіздік Ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары, «Ар. Рух. Хақ» құқық қорғау ұйымының байқаушысы, өзге де азаматтар қатысты. Ашық сот отырысы барысында өзін түсіруге қарсылық білдірмеген Жұмановтың дәлізде өз бетінше тұрған журналистерге шабуылдауын азаматтық қоғам қатаң айыптайды.

”Сағат 17:10-да орын алған жағдайдан соң түсірілім тобының мүшелері бірден 102 телефонына қоңырау шалды. Бірақ түрлі себепті алға тартқан полиция 5 қоңыруда әне-міне барады деген жалған ақпаратпен 2 сағат бойы келмеді. Кеш қарая журналистер бір көше ары орналасқан Алматы қаласының Полиция департаменті  Бостандық аудандық полиция басқармасына өздері баруға тура келді.

Кезекші бөлімнен бастап есептегенде арызды қабылдау үшін кемі 8 полицейдің алдынан өткен. Бір-біріне сілтеген арыз тіркеу процесіндегі бюрократияға шамамен 3,5 сағат кетті.

Бостандық аудандық полиция басқармасы басшысының жедел әрекет ету қызметі жөніндегі орынбасары майор Берік Қапасов бәрі заң аясында жүзеге асатынына уәде беріп, кезекші инспекторға тапсырған. Арыз қабылдап, дене жарақатын алған журналиске сот медициналық сараптамаға қаулы берген. Бірақ бұл қаулыдағы қателіктің кесірінен журналист сараптама институтына бірнеше рет баруға, бір қаулыны үш мәрте өзгертуге мәжбүр болған”, делінген.

Одан бөлек, басқарма басшысының орынбасары журналистердің арызын саралауда біржақтылық жасағаны анықталды. Журналист пен оператор Қапасовтың қабылдауында және арызда тайға таңба басқандай етіп жазылғандай оқиғаны «журналистің заңды кәсіби қызметiне кедергi жасау» айыбы, яғни ҚР Қылмыстық кодексінің 158-бабы 2-бөлігімен іс қозғауды талап еткен. Бірақ полиция істі әкімшілік құқық бұзушылық ретінде №52 учаскелік полиция пунктіне жолдаған. Ал журналистер мен олардың қорғау тарапы ҚР Бас прокуратурасы мен ҚР Ішкі істер министрлігіне шағым жолдаған.

Журналистер сала қауымдастығы және құқық қорғау ұйымдары, заң мамандары, құқық сарапшыларының қолдауымен конституциялық басты құндылыққа қарсы жасалған қылмыстық әрекет жөнінде Полицияға арыз түсірген.

”Бір жылдан аса уақыт Қаңтарға қатысты ашық сот істерін үздіксіз бақылап, объективті ақпарат таратып келе жатқан тілшілерге жасалған шабуыл – сөз бостандығына, қоғамның ақпарат алу құқығына жасалған қастандық.

Былтырдан бері Қаңтар тақырыбынан тартынбайтын журналистерге шабуыл мен қысым күрт жиіледі. Бұл президент Тоқаев уәде еткен «Әділетті Қазақстанға», демократиялық «Жаңа Қазақстанға» мүлде қайшы.

Aqorda,«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, журналистердің президент Тоқаевқа жазған шағымын іске асыруға қолдау сұраймыз”, - деп жазды журналист.

Айта кетейік, жариялы орган, яғни сот ғимаратында ашық отырысынан басы-аяғы түгел түсірілім жүргізу – журналистердің құқығы мен міндеті.

UPD: Келесі 28-інші отырыста (6 маусымда) Жұманов сотқа журналистердің өзін видеоға түсірмей туралы өтінішхат түсірді. Прокурор қолдады. Судья қанағаттандырды. Тек осыдан кейін ғана жәбірленуші тараптың бейнесін видеоға түсіруге тыйым салынды.

Еске салайық, Жансейіт Түймебаевтың ұлы Елнар 2022 жылы 11 қаңтарда Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қайтыс болған. Елнардың көлігіне белгісіз біреулер оқ жаудырған. Салдарынан ол оқиға орнында қаза болған. Оқиға Сәтбаев көшесіне жетпей Назарбаев көшесінің бойында болған. 

Пікірлер