Элизабет Тұрсынбаева әлемнен олжа салған тұңғыш қазақ қызы!

2637
Adyrna.kz Telegram

22 наурызда өткен негізгі бағдарламада Тұрсынбаева 4 айналым сальхов (4S) элементін секірді. Ол төрт айналым элемент секірген алғашқы әйел мәнерлеп сырғанаушы ретінде тарихқа енді. Бұған дейін мәнерлеп сырғанау тарихында 16 жастан асқан әйелдер арасында ешкім төрт айналым элемент секірмеген.

Тұрсынбаева негізгі бағдарламада Астор Пьяццолланың "Otoño Porteño" (Буэнес Айрестегі төрт мезгіл) музыкасына билеп, 148,80 ұпай жинады. Ал 19 наурызда өткен қысқа бағдарламада Бетховеннің "Piano Sonata №14" музыкасына билеп, 75,96 ұпай алған. Қос бағдарлама нәтижесі – 224,76 ұпай (жеке рекорд).

Тұрсынбаева бірнеше жыл Канадада Брайан Орсердің қол астында жаттыққан. Ал 2018 жылы ресейлік бапкер Этери Турберидзенің командасына ауысқан, Мәскеуде жаттығады. Тұрсынбаеваны биылғы әлем чемпионатына Тутберидзе дайындады.

Жапониядағы әлем чемпионатында алтын және қоланы ресейлік Алина Загитова (237,50) мен Евгения Медведова (223,80) иеленді. Загитова Тутберидзенің, Медведева Орсердің командасында жаттығады.

"ЕНДІГІ МАҚСАТ - ҮШ АЙНАЛЫМ АКСЕЛЬ"

Жарыстан кейін Тұрсынбаева әлем чемпионатында қысқа және негізгі бағдарламада бірде-бір рет құламай, өнер көрсеткеніне қуанышты екенін айтты.

- Күміс медаль алғаныма, 4 айналым сальхов элементін секіргеніме өте қуаныштымын. Себебі осыған дейінгі екі жарыста (Төрт құрлық чемпионаты мен универсиадада – ред.) 4 айналым сальхов секіргенде құлап қалған едім. Бүгін таңертең бағдарламамды дайындап, қайталаған кезде төрт айналым сальховтан құладым. Бірақ мұзға шыққанда өзіме сендім. Бұл биылғы соңғы жарысым. Енді басқа қиын элементтерді секіріп үйренемін. Алдағы уақытта үш аксель (әйелдер арасында бұл элементті жапониялық Рика Кихара мен ресейлік Елизабета Туктамышеваның ғана бағдарламасында бар - ред.) секіргім келеді, - деді спортшы.

Тұрсынбаева әлем чемпионатында. Сайтама, 22 наурыз 2019 жыл.
Тұрсынбаева әлем чемпионатында. Сайтама, 22 наурыз 2019 жыл.

Мәнерлеп сырғанау спорты жайлы пост жазып, осы спортты зерттеп жүрген блогер Жанна Қаршығанова Тутберидзенің командасына ауысқаны Тұрсынбаеваның нәтижесіне оң әсер еткенін айтады.

- Тұрсынбаева Орсерден кетіп, Тутберидзеге ауысқанда не өседі, не өшеді деп ойладым. Өскеніне қуаныштымын. Тек енді жаттығуын азайтып, жарақаттан сақтануы керек. Төрт құрлық чемпионаты мен әлем чемпионатында күміс алды. Бәсекеге қабілетті спортшыға айналды. Төрешілердің алдында беделі өсті. Келер жылы бәлкім негізгі бағдарламада 4 айналым сальхов элементін екі рет секірер, кім білсін. Егер бұл элементті екі рет секірсе, келер жылы да Тұрсынбаевадан жақсы нәтиже күтуге болады, - деді ол.

"ДЕНИС ТЕННІҢ ІЗІН ЖАЛҒАСТЫРУШЫ"

Келер жылы ересектер арасындағы жарысқа 4 айналым элемент секіре алатын ресейлік екі спортшы қосылады. Олар – 4 айналым тулуп, лутц, сальхов секіретін Александра Трусова және 4 айналым лутц секіретін Анна Щербакова. Олар 4 айналым элементтерді жасөспірімдер арасындағы жарыстарда секіріп жүр. Трусова мен Щербакова да Тутберидзенің командасында жаттығады

Спорт тақырыбында жазып жүрген блогер Ерік Ілиясовтың айтуынша, келер жылы мәнерлеп сырғанауда әйелдер арасында бәсеке артады.

- Тұрсынбаева биыл ашыла түскен. Келер жылы Трусова және Щербаковамен бәсекеге түсе алады деп ойлаймын. Денесі шағын, салмағы аз. Бұл мәнерлеп сырғанау үшін маңызды. Келесі жылы 4 айналым сальховқа тағы бір үш айналым элемент қосып, қиын әрі құны жоғары каскад (екі элементтің қосындысы – ред.) секіреді деп ойлаймын. - дейді ол.

Бірнеше олимпиада чемпионын, ондаған әлем чемпионын баптап шығарған 72 жастағы ресейлік жаттықтырушы Татьяна Тарасова телеарна эфирінде "4 айналым сальхов элементін техникалық тұрғыдан таза орындалғанын" айтты.

"Тұрсынбаева 4 айналым сальхов элементін әлем чемпионатында секірді. Бұл тарихи сәтті есте сақтаңыздар. Тұрсынбаева Тутберидзенің командасына ауысқалы мүлдем өзгерген. Техникасы, қимылдары дамыған. Танымай қалдым" деді Тарасова.

Жарыс аяқталған соң Тарасова Instagram парақшасында Тұрсынбаеваны жеңісімен құттықтап, оны "Денис Теннің ізін жалғастырушы" деп атады.

Тұрсынбаева, Загитова, Медведова үштігі.
Тұрсынбаева, Загитова, Медведова үштігі.

Тұрсынбаева ақпанның ортасында АҚШ-та өткен Төрт құрлық чемпионатында 207 ұпаймен күміс медаль алған еді.

Тұрсынбаева 2016 жылы Лиллехаммерде (Норвегия) өткен жасөспірімдер арасындағы қысқы олимпиадада қола алған. 2018 жылы Саппорода (Жапония) өткен Азия ойындарының қола жүлдегері.

Тұрсынбаева – әлем чемпионатында медаль алған екінші қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы. Қазақстандық Денис Тен 2013 жылғы әлем біріншілігінде күміс, 2015 жылғы әлем чемпионатында қола алған.

Руслан Меделбек

"Азаттық" радиосы

Пікірлер