Жазушылар одағында енді не өзгереді? Жаңа төрағадан кейінгі дәуір

2377
Adyrna.kz Telegram

Жазушылар одағының 19 төрағасы сайланғаннан кейін одақтың бағыт-бағдары қалай болады? Жаңа төрағаның алғашқы даулы мәлімдемесінен кейін бірдеңе өзгеруі мүмкін бе? 

11 мамырда Абай атындағы опера және балет театрында өткен Жазушылар одағының XVI құрылтайында одақтың жаңа төрағасы сайланып, оған бес орынбасар бекітілген. Төрағаның сайлана салып мінберден айтқан жазушылардың оппозиция болмайтыны жайлы айтқаны да көпшілік арасында талқы тудырған.

«Ешқашан біздің жазушылар оппозиция болмайды деп есептеймін. Болмауы керек деп есептеймін. Өйткені оппозиция деген — мемлекет басшысына қарсы болу деген сөз. Мен оған келісе алмаймын. Қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өнер адамдарына, ғалымдарға, жазушыларға өте ерекше көңіл бөліп отыр…” – деген болатын төраға Мереке Құлкенов.

Артынша бұл мәлімдемеге наразылығын білдірген Қойшыбек Мүбарак және Есбол Нұрахмет тәрізді қаламгерлер одаққа мүшеліктен шығатынын жариялаған. Ал Думан Рамазан Жазушылар одағындағы қызметінен кеткендігін мәлімдеген.

Мереке Құлкеноовтің басшылыққа келуінен жазушылар не күтеді, одақтың өз жоспары қандай – осыны білмек болдық.

«ОДАҚҚА АЛҒЫС АЙТУЫМЫЗ КЕРЕК!»

Ақын, Мәжіліс депутаты Қазыбек Исадан Жазушылар одағының болашағы жайлы сұрадық. Ол мұның жауабын әлеуметтік желіге жазған пікірінен алуымызды өтінді. Онда ақын одаққа алғыс айту керегін жазыпты.

“Кейінгі бес жылдықтың бедерінде Жазушылар одағының жалы көтеріліп, жарты әлемді қамтыған форумдар өткізгені, Астананы шынында да Еуразия кіндігіне айналдырып жібергенін сол халықаралық жиындардан байқадық. Мұндайда Одаққа алғыс айтуымыз керек! Қазір интернет заманы болғандықтан,  газеттің де сайтын сайдың тасындай етіп, күшейтуге күш салуымыз керек, - дейді Қазыбек Иса.

Ал жаңадан сайланған төраға Мереке Құлкенов Хабар 24 арнасына берген сұхбатында алдағы уақытта ұмыт болған жанрларға басымдық беретінің, нақтырақ айтқанда сын жанры, фантастикалық және шытырман оқиғалы шығармаларға назар аударатынын білдірген. Сол үшін де қаржылық қолдау болатын сияқты.

МЕМЛЕКЕТ ҚАРЖЫЛАНДЫРАДЫ

Мереке Құлкеновтің айтуынша, «стратегиялық әріптес» деген пунктпен заң бойынша енді Қазақстан жазушылар одағын мемлекет қаржыландыратын болады.

- Бюджетке кіреміз, құдай қаласа, сонда біздің Жазушылар одағының өзінің жағдайы да, жазушылардың да жағдайы жақсарады. Ақын-жазушылардың кітабын шығаруға да мемлекет қатты көңіл бөліп отыр. Мысалы, сіздің 20 баспа табақ кітабыңыз шықса, оған гонарарға 5 млн ақша аласыз, - деген жаңа төраға ресми арнаға берген сұхбатында.

Төрағаның орынбасары болып сайланған Қасымхан Бегманов әлі ешқандай жұмыс басталмағандығын, қазіргі уақытта документтермен және ғимараттың жөндеу жұмыстарымен, ғимаратты техникамен қамтамасыз ету жағымен айналысып жатқаның тілге тиек етті. Алдағы айларда «толықтай не істейтінімзді, не өзгеретінің, не өзгергенің айтамыз» дейді ол.

МАСТЕР-КЛАС, ТАЛҚЫ ЖӘНЕ МАРАПАТ...

Жазушылар одағы төрағасының тағы бір орынбасары, жастар шығармашылығына жауапты Бейбіт Сарыбай өз жоспарымен бөлісіп өтті.

- 13 жоба бойынша жұмыс жасаймын, соған жоспар құрдым. Жазушылар одағы ұйымы жазушыға шығарма жазып бермейді, бірақ сол шығарма жазуына жағдай жасау керек. Сол себепті жоба бойынша көзделіп отырған істің бірі – мастер кластар өткізу. Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы секілді көрнекті ақын жазушыларымызбен жас қаламгерлерді кездестіреміз, - дейді ол.

Оның айтуынша, Алматы қаласындағы университеттерде өлең жазатын, шығарма жазатын жас таланттардың бәрінің басын қосып жастар клубын құру керек.

- Бұл – кезекті жобамның бірі. Жастар арасында «Талқы» деген отырысымыз бар. Ол жерде енді жарық көрген кітаптарды алдын ала оқып талқылаймыз. Осы жерін толықтыру керек немесе осы жерді алып тастау керек деген сияқты пікірімізді айтамыз. Жазушы оны өзгерте ме, өзгертпей ме – өзі біледі. Одан кейін жарық көрген кітаптын тұсау кесерін өткізіп насихаттаймыз. Тағы бір жобам – «Жыл таңдауы». Жас ақын жазушылар бір жылда көрінеді. Қандай керемет дүние жазғаны, оқырмандар арасында мойындалған туындысы болады, прозадан – бір адам, сыннан – бір адам, поэзиядан бір адам солай үш адамды ақылдасып марапат береміз, қаржылай сыйлық береміз. Осы секілді көп жоспарлар бар, - деді Бейбіт Сарыбай

Одақтан қандай өзгерісті қалайтыны туралы жазушыларға хабарласқанымызда,  олар төраға Мереке Құлкенов өзі жақында жоспарларды жариялайды ғой деп жоғарыға сілтеді. Ал кейбір жазушылар сұхбат беруден мүлдем бас тартты.

Мерхат РАФИХҰЛЫ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер