Дос Көшім. "Бәріміз де шпионбыз!"

2312
Adyrna.kz Telegram
Саяси памфлет

Мен ұлттық бағытта жүрген азаматтарды шпиондар мен толық және жартылай сатылғандар, ұлттық қауіпсіздік комитетінің агенттері мен Қытай, Ресей және АҚШ тыңшылары деп атаймын. Менің бұл сөзіме таңырқап қалмаңыздар. Бүгін мен «Азат» қозғалысы дүрілдеп тұрған 1991-1992 жылдардан кейін қазақтың қоғамдық күштерінің басы қосылмай жүрген басты ауруы туралы кеңірек айтқым келеді.

«Ауруын жасырған өледі» - дейді қазақ. Біз жасырғанмен, ол ауру Алматы, Астананы жайлап алды, енді облыстарға да жететін түрі бар. Демек ашық айтатын кез келді. Өткен жылдың 20 қыркүйегінде Республика сарайында қазақтардың құрылтайын өткізу туралы сөз айтылғаннан бастап, «шпиономания» деген індет басын көтерді. Ал құрылтайды ұйымдастыруды нақты қолға алған уақытта маған көптеген мәліметтер келе бастады. Сол мәліметтерден бар ұққаным - бәріміздің де шпион екендігіміз. Сенбейсіздер ме? Онда дәлелдеп береуге тырысайын:

Бұрынғы депутат болған азаматтардың барлығы да шпион екен, себебі, билікке сатылмайынша, депутат болу мүмкін емес екені белгілі. Ойланып көрсем, шынында да бұл пікірде шындық бар сияқты. Мұны бес жыл бойы сайлауды бақылаған менен артық ешкім де білмейді. Сенуге тура келеді. Демек оларға жолаудың қажеті жоқ. Өзің де шпион болып шыға келесің.

Енді қазіргі депутаттарға келейік. Бұлар да шетінен биліктің жансыздары, себебі, «Нұр Отанның», бір партиялы Парламенттің мүшелері. Салмақтап қарасаңыз, бұл да ақылға қонады. Ал депутат болмай жүрген ұлтшылдардың бәрі тағы да биліктің жансыздары, себебі, олар депутат болса, биліктің адамдары екендігі көзге түсіп қалады. Сондықтан олар депутат болмай жүр. Көрдіңіз бе, шпиондар қасымызда жүр. Бұл да ақылға қонымды екен.
Енді бұрыннан келе жатқан, талай рет түрмеде отырған ұлтшылдар бар ғой. Олардың барлығы барып тұрған - Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жансыздары екен. Сенбейсіздер ме? Демек, кино көрмейтін, кітап оқымайтын адам болғандарыңыз. Арамызға кіргізу үшін оларды бес-алты жылға түрмеге отырғызып алады емес пе? Соған халық алдана салады. Екіншіден, Сталиннің: «Қолға түскендердің барлығы - сатқындар!» - деген аталы сөзін де есімізден шығармайық. Демек, ұлты үшін сотталғандардың барлығы - ұлтын сатқандар. Оларға жоламауымыз керек. Олардың жауапқа тартылуы, азап шегуі - біздің арамызға кірудің қитұрқы тәсілі ғана.

Ал бұрын мемлекеттің басшы қызметінде болып, кейіннен қоғамдық саяси жұмысқа не оппозицияға келгендердің барлығы - биліктің адамдары, президент аппаратының проектілері. Оны дәлелдеп жатудың да қажеті шамалы. Оларды жіберудің себебі де қарапайым: табиғи көсемдерді шығармас үшін, осылайша қолдан көсем жасап, қолдан партия құру керек. Әйтпесе, халықтың арасынан көсемдер шығып, Ақорданы басып алуы мүмкін. Ойлап қарасаңыз, бұл да дұрыс сияқты.

Ал мемлекеттік қызметке өмір бойы жоламаған жандар (оның ішінде мен де бармын) - одан өткен шпиондар. Оларды осылайша 20-30 жылдай бейшара, жұмыссыз, үйсіз, күйсіз етіп көрсетсе, адамдардың сеніміне кіру оңай болады. Бұған да сенуге болады. Биліктен айла артылған ба? Тамаша ойлап тапқан тәсіл!

Енді бизнесте жүрген «жаңа қазақтарға» келейік. Бұлардың да «демократпын», «ұлтшылмын» деп жүргендерінің барлығы - тек бас пайдасын ойлаған пысықайлар. Оларға жолауға болмайды. Олардың ақшаны кетпен шауып таппағаны белгілі. Демек, билікке жаққан адамдар. Олардың ақшасы да - арам, өздері де харам. Саясат пен қоғамдық жұмысқа жолатуға болмайды. Айтқан сөзіңді ертең-ақ билікке жеткізеді. Бұған қандай уәж келтіресің. Бұл дәлел де көңілге қонады.

Соңғы уақытта редакторлардың ішінен де ту ұстаған «күрескерлер» шыға бастады. Ешқашан сенуге болмайтын нағыз екіжүзді қулар, бұлар да биліктің адамдары. Билікке керек кезінде бір нәрсенің шетін шығарып, халықты бір сілкінтіп қояды да, қарап отырады. Егер олар билікке қарсы болса, олардың газет-журналдарына бюджеттен қаржы беріп, қолдау жасалмас еді ғой. Бұрын солардың барлығы билікті аспанға шығарып мақтаған жандар, керек болса, 90-жылдардағы солардың мақалаларын қараңыздар. Бізді бүлдіру үшін жіберілгендер ғой. Оларға сенуге болмайды. Қарап отырсаң, бұл да шындық сияқты.

Қоғамдық ұйымдарды басқарған жандарға мүлдем жоламаңдар. Бұлардың барлығы - АҚШ пен Еуроодақтың ақшасын алып байыған жандар. Ақшаға ұлты түгіл әкесін де сатады. Жалпы демократия деп сайрағандардың барлығы - бізді орға жықтыру үшін дайындалған шетел агенттері. Оларды бұрынғы КГБ АҚШ-тың ЦРУ-і арқылы ұстап отыр. Бұл - талассыз мәселе!
Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың барлығы - КГБ-ның агенттері.

Оларды 1986 жылы келешекте біздің арамызды іріту үшін дайындап, алаңға алып шыққан, ұрған-соққан, түрмеге жапқан, кейбіреулерін сенімдірек болу үшін өлтіріп те жіберген. Енді оларға кім сенбейді? Халық оларды «нағыз күрескер» деп, бастарына көтереді. Бірақ олардың сол Желтоқсанға қатысқандарының өзі-ақ, биліктің шпиондары екендігін анық көрсетіп тұр емес пе? Бұл да құлаққа қонатын сияқты...

Енді мазақты қойып, салиқалы сөзге көшейік. Бір ғана мысал: баяғыда бір қаланың әкімі сайланатын болыпты. Халықтың барлығы «осы әділ адам» деп біреуге дауыс бергісі келіп тұрғанда, бір адам мінбеге жүгіріп шығып, «жарандар, кімді сайлайын деп жатырсыңдар? Ол қала түгіл өзінің отбасын да жетістірген жоқ. Оның қызы - барып тұрған жеңіл жүрісті әйел ғой» деп айқай салыпты. Халық соны естіп, толқып тұрып қалыпты. Мінбеден түсіп бара жатқан сол адамға сайланайын деп тұрған кандидат бейшара «ойбай, менің қызым түгіл отбасым да жоқ. Мен әлі үйленген жоқпын ғой» десе, жаңағы сабаз «сенің қызың бар ма жоқ па, ол жағын білмеймін, мен айтарымды айттым» деп кете барыпты. Кейбіреулеріміздің бүгінгі тәсіліміз осыған ұқсайды.

Осы сасық тәсілді, пасық айланы, анығын айтсақ, қатындықты тоқтатын кез келді деп ойлаймын. Әр адамға, әрбір ұйымға жасап жатқан істеріне ғана баға беру керек. Егер бұл мәселеге нүкте қойылмаса, басымыз ешқашан піспейді, ұлтшылдар нақты саяси күшке айнала алмайды.

Мойындауымыз керек, біздер аса көп те емеспіз. Сондықтан да «әр қазақ - менің жалғызым» деп жұмыс істейік. Сондықтан да бірімізді біріміз «батыр» деп жұмыс істейік.

Егер бірігіп жұмыс істей аламасақ, «мені қолдамағандарыңның барлығы - менің жауларым» деген ұранды жинап қойып жұмыс істеуге үйренелік. Біреулердің жасаған не бастаған жұмысы көңіліңе жақпаса, қатыспай-ақ қой, өзіңнің жұмысыңды жалғастыра бер. Егер олардың көтерген бастамасы ұнаса, қолыңнан келген көмегіңді бер. Егер бастама көтерген адамдарға сенбесең, оларды жамандама, тек бұл бастамаға қатыспайтындығыңды айт. Бұл барлық адамдардың қолынан келетін өмірде де, саясаттағы ең қарапайым қарым-қатынас. Осыған келісейік.

2010 жылғы «Қазақ құрылтайында» сөйлеген сөзім. Құрылтайдың ұйымдастырушыларының бірі ретінде көлемді де, жан-жақты сараптамасы бар баяндама дайындағанмын. Бірақ Құрылтайдың бірінші күні болған айқай-шудың «шаңы басылмай» жатып, екінші күні де бір-бірімізді жамандауға көшкенімізді көргеннен кейін 10-15 минутта осы памфлетті жазып, мінбеге көтерілдім...Өкінішке орай, әлі де өзгермеген екенбіз.

Abai.kz

Пікірлер