Қазақ шенділері неге қытай тіліне құмар?

2393
Adyrna.kz Telegram

Бүгін сұрақты осылай төтесінен қойдық. Бүйтпесімізге және болмады. Өткенде «Время» газеті Үкіметте күн тәртібі өзгергендігі, ендігіден бастап министрлер бұрынғыдай жұмысқа сағат 10:00-ден емес, 09:00-ден бастап келетіні туралы дардай қылып мақала жазды.

https://time.kz/articles/zloba/2019/03/05/po-samye-pomidory

«По самые помидоры!» атты мақалада Президент пәрменімен жаңа жасақталған Үкіметтің су жаңа тізгіншісі Асқар Ұзақбайұлының таңғы 4-тен тұрып қытай тілін үйренетінін жазыпты. Орыс тіліндегі мақаланың сөйлемдерін сөзбе-сөз қазақшаға аударып берейік, алдымен.

«Дәліздегілердің (Үкіметтің дәлізін айтады) айтуынша, ол (Асқар Мамин дейді) күн сайын таңғы 4-те тұрып, дене жаттығуларын жасайды. Онысын аяқтай салысымен ағылшын және қытай тілдерін үйренуге отырады. Ал кешкісін қаншада жататыны белгісіз дейді». Бұл жаңағы «Время» газетінің жазғаны.

Солай міне. Өткен жолғы Үкіметті, Бақытжан Сағынтаев басқарған Үкіметті түк бітірмеді деп сөктік. Ит терісін бастарына қаптап, ақыры отставкаға жібердік. Жібердік дейміз-ау, Президент жіберді.  «Асекең, сөзге сараң. Аз сөйлейді. Істің адамы» деп сенгенде, Асекең де алысқа бармайтын сияқты. Шамасының жеткені – әтештен ерте оянып алып, қытай тілін үйрену болса, жетіскен екенбіз дедік.

Жалпы, қазақ шенеуніктерінің арасында қытай тіліне деген сүйіспеншілік бүгін пайда болған жоқ. Қытай тілін ерекше ықыласпен үйреніп жүрген жалғыз Асекең емес. Осыған дейін де саясаттың басы-қасында жүрген саясатшылардың бірсыпырасының есім-сойлары белгілі болған.

2015 жыл. Кәрім Мәсімов. Премьер-министр

Қазіргі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов ол кезде Үкіметбасы еді. Қытайға мемлекеттік іс-сапармен барды. Учжэнь дейтін қытай қаласында өткен Дүниежүзілік интернет-конференцияның ашылуында сөз сөйлеп, өзінің қытай тілінде сөйлей алатынын көрсетті. Тіл мамандары оның қытайшасын акцентсіз деп бағалады.

">

2016 жыл. Дариға Назарбаева. Вице-премьер-министр

«Біз өз балаларымызға кемінде үш тілді үйретуіміз керек. Кемінде. Себебі, жақын болашақта біздің бәрімізге қытай тілін білу керек болады. Қытай біздің Ұлы көршіміз. Бұл біздің тағдырымыз. Қазір аздаған кідірістер болғанымен, Қытай аса қарқынды дамып келеді. Қытай – ол Қытай. Ол ешқайда асықпайды. Ол «100 жыл» категориясымен ойлайды. Қытай біздің досымыз. Саудадағы маңызды әріптесіміз. Ол біздің экономикамыз үшін ең ірі инвестор».

Дариға Назарбаева бұл сөздерді 2016 жылдың ақпанында айтты. Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйледі. Ол кезде Дариға Нұрсұлтанқызы вице-премьер-министр еді.

2018 жыл. Нұрсұлтан Назарбаев. Президент

«Биыл НИМ екінші шет тілін оқытуға көшті. Жаһандану кезеңінде шет тілін білу – мақтаныш емес, қажеттілікке айналды.  Ең көп таралған тіл – ағылшын тілі. Екінші орында испан тілі. Ал біз үшін қытай тілі маңызды.

Яңни, ағылшын тілін білу көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Жпонияда да, Қытайда да бизнес ағылшын тілінде. Алайда миллиардтық экономика қытай тілінің үстемдік алатынын айтады. Мен үйреніп көрмедім. Бірақ, қазақтар үшін басқа тілдермен салыстырғанда жеңілірек болады дейді».

Президен Назарбаев бұл сөздерді былтыр желтоқсан айында айтты. Назарбаев интеллектуалды мектептерінің 10 жылдығына арналған жиында, жастардың, мектеп оқушыларының алдында тұрып сөйледі.

2018 жыл. Дариға Назарбаева. Сенатор

«Қытай тілін үйреніңдер. Мен талап етемін. Мені осы сөзім үшін ұлтшылдар сөгеді. Бірақ мен болашақ осында деп есептеймін. Қытай нарығы шексіз мүмкіндіктерге ие. Халық санын қараңыздар. Сіздер ол жақта не жасасаңыздар да, сіздер миллиардер болып шығасыздар.

Орыс тілін ұмытуға болмайды. Біз бір экономикалық аймақтамыз. Кедендік одағымыз бар. Шекарадан еш кедергісіз өтеміз. Бұл үлкен мүмкіндік. Бұны пайдалана білуіміз керек. Егер бір кәсіп бастасаңыздар, сол нарық үшін қызықты ма, соны ойланыңыздар».

Дариға Нұрсұлтанқызы бұл сөздерді Алматыда айтты. Жастармен кездесуде айтты. Өзі айтқандай-ақ, Дариға Назарбаева қоғамның сынына қалды. Қазақ тілін жетістіріп білмейтін, «Сәлем Россия» деп Мәскеуде концерт беретін Сенатордың қазақ жастарына айтқан ақылы әдіре қалды.

Түйін.

Жалпы, кейбір деректерге сенсек, қазіргі уақытта Қытайда 12 мыңнан астам қазақстандық білім алып жатыр екен. Бұл осыдан 10 жыл бұрынғымен салыстырғанда 5 есе көп.

2018 жылдың қазан айында Қарағандыдағы мектептерде қытай тілі факультатив пән ретінде оқытыла бастағаны да хабарланды. Қытай тілін үйрену туралы Президент те, Президенттің қызы да айтты.

2017 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстың орнағанына 25 жыл уақыт толды. 1991-2019 жылдар аралығында екі мемлекет арасында көптеген дипломатиялық келісімдер жасалды.

Осы күнде Қазақстанның Қытай алдындағы қарызы 1,2 миллиард долларға жеткен. Бұл санды басқа басқа емес, жаңағы қытай тілін үйреніп жатқан Асекеңнің бірінші орынбасары, Қазақстанның қаржы министрі Әлихан Смаиыловтың өзі айтқан.

Ол аз десеңіз, осы жақында Қазақстан Үкіметі Қытайдан 2 миллиард юань тағы қарыз алды. Бұл дегеніңіз теңгеге шағып есептегенде 100 миллиард теңгеге жуықтайды. Неге дейсіз ғой? Екі ел арасындағы шекерадағы өткізу пункттерін жетілдіру үшін.

2005-2017 жылдар аралығында Қытай Үкіметі Қазақстанға 14,7 миллиард доллардың инвестициясын салған.

2017 жылдың 1-ақпанындағы дерек бойынша, Қазақстандағы Қытай кәсіпорындарының саны 2800-ге жуықтаған. Оның 1000-ға жуығы тек Қытайдың ғана қатысуымен ашылған. Ол кәсіпорындарда жұмыс жасайтын қазақстандықтарға қытай тілін білу міндеттелген.

Жалпы БҰҰ дерегіне сенсек, қазір әлемде 1 миллиард адам қытай тілінде сөйлейді екен. Ал қазақстандық студенттер үшін Қытай Ресейден кейінгі екінші орында тұрған ел. Жоғарыда айтқанымыздай, 12 мыңнан астам студент қытайда білім алып жатыр.

Қазақстанда алғаш рет қытай тілі кафедрасы 1989 жылы ашылған. Қазір Қазақстанның көптеген жоғарғы оқу орындарында қытай тілін оқыту жалғасуда. 2007 жылы Қазақстанда жаппай Конфуций институттары ашыла бастады. Бұл біз көтеріп отырған мәселенің бір парасы ғана....

Жоғарыда айтқанымызда-ақ, қытай тілін үйрену қазақ шенділерінің арасында сәнге айналған. Бұл қажеттілік пе әлде міндет пе? Немесе екі ортадағы сауда интеграциясынан ба, әлде коллониалдық лептің сезіле бастағанынан ба? Өзіңіз ойланыңыз...

Серік Айдынұлы

«Адырна» ұлттық порталы

 

https://www.nur.kz/1782142-vstaet-v-4-utra-i-ucit-kitajskij-kak-askar-mamin-izmenil-hod-vremeni-v-pravitelstve.html

https://www.nur.kz/1758181-ucite-kitajskij-azyk-dariga-nazarbaeva-obratilas-k-molodezi.html

https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/govoryat-legko-nazarbaev-posovetoval-kazahstantsam-izuchat-358816/

https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/dariga-nazarbaeva-nedalekom-buduschem-vsem-pridetsya-288543/

">

Пікірлер