АСХАТ ҚАСЕНҒАЛИ: ...Осал болсақ, миллиард Қытай тұрмақ, ондаған миллион халқы бар көршілес өзге елдер де қауіпті.

3114
Adyrna.kz Telegram
Қазір Қазақстан мен Қытай арасындағы келіссөздер басты тақырыптың бірі. Президент бастап барған делегация кеше 23 құжатқа қол қойды. Артынша Қытайдың бизнес өкілдерімен кездесу өтті, әлі де өтуде.
Қазіргі кездесу Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстарды ұлғайтуға арналған. Орталық Азия елдері қатысатын “Орталық Азия және Қытай” саммиті өтуде. Оның тақырыбы енді сыртқы саясатқа, геосаяси жағдайға көбірек бағытталады. Оны жеке қарастыру керек, қазіргі кездесту аясының тақырыбынан тыс қарастыру керек.
Қазіргі кездесуге оралайық. Екі ел арасындағы тауар айналым, сауда-саттық артып келеді. Былтыр 31 млрд долларға жеткен. Бұл рекорд. Бұрын біз үшін Ресей экономикада басты серіктес болса, енді оны шығыс көршіміз басатын сыңайлы.
Ресейдің Украинаға соғыс ашуы, артынша оны әлемдік қауымдастықтың санкциямен төпелеп тастауы, Мәскеудің Орталық Азиядағы ықпалын да азайтып жатыр. Ең алдымен ол экономикада көріне бастайды дейді сарапшылар.
Жалпы жиынтығы Қытай компанияларымен құны шамамен 22 млрд долларды құрайтын келісімдер жасалды. Басым бағыт сол ауыл шаруашылығы, туризм, логистика, көлік дәліздерін дамыту дегендей. Тағы бір шешім шекарадағы санитарлық және басқа тексеруді жүйелі ету, сауда айналымын жандандыруға тиімді негізде жүйелеу. Бұл да маңызды. Себебі біздің ел кәсіпкерлерінің шекараға барып, тауарын өткізе алмай, ұзақ тексерістен қаңтарылып тұрған сәттері артқан. Ол әсіресе ковидтан кейін тіпті күшейді. Кәсіпкер үшін уақыт - ақша, сондықтан мына келісімдер бұл тексерістерді азайтып, бизнес сала үшін уақыт үнемдеуге әсерін тигізер. Әрине, бұның маңызды екенін Қытайдан тауар шығармайтын немесе тауар апармайтын мен сияқтылар аса түсінбейміз-ау.
Тағы бір маңызды мәселе ол Ляньюньган портының мүмкіндіктерін пайдалану. Бұл порттың бір бөлігін Қытай пайдалануға бізге берген еді. Аталмыш порт арқылы Оңтүстік Шығыс Азияға тауар тасуға болады. Соны тиімді қолдану керек, бар мүмкіндікті қолдана алмай отырмыз. Қытай тауарларын өз жеріміз арқылы тасымалдауды да тиімді қолдану керек, бүгін Қытай тарапы осы мәселені көп айтты. Олар Қазақстан-Каспий-Әзербайжан-Грузия бағытында тауарын Еуропаға тасымалдауды арттырғысы келеді. Не біз осыны пайдаланамыз, не Бейжің Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолы салынуда, сол арқылы бізді айналып өтеді. Логистикалық мүмкіндіктерді арттыруға инвестиция құюға әзір. Біздің аумақ арқылы Қытайдан Еуропаға, Еуропадан Қытайға тауар өтіп жатса, бюджетке салық, біраз халыққа жұмыс болады.
Бірақ біздің санамызға отаршыл Ресей империясы ойлап тапқан “қара қытай қаптаса, сары орыс әкеңдей көрінер” деген сөздің сіңгені соншалық, біз Қытайды тек қауіп деп қараймыз. Санаға солай сіңген. Оған тек қауіп емес, мүмкіндік деп те қарау керек қой. Млрдтан астам халқы бар нарық. Не сатсаң да, қандай көлемде сатсаң да ала береді. Қаржы бар, инвестиция құю мүмкіндігі орасан. Астық сат, ет сат, тері сат, тіпті қар сатсаң оны да сатып алатын шығар. Қауіпке келсек, қауіп қашанда бар. Осал болсақ млрд Қытай тұрмақ, ондаған млн халқы бар көршілес өзге елдер де қауіпті. Барлығы да өзімізге, білім мен санамызға, құжаттарды жасаудағы ашықтыққа байланысты сияқты.
Пікірлер