«Ар-ұятымның таңдауы». Думан Рамазан Жазушылар одағындағы қызметінен кеткенін жариялады

2830
Adyrna.kz Telegram

Жазушы-драматург Думан Рамазан «Жұлдыз» журналы мен Жазушылар одағының Драматургия кеңесіндегі қызметтерін аяқтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Жаңа әділетті Қазақстан құрамыз деп жарияға жар салып жатырмыз ғой. Соған сеніп, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасын сайлау әділ өтетін шығар деп ойладық. Қателесіппіз. Қалай өткенін өздеріңіз көрдіңіздер... Оны қайталап жатудың өзі артық. Болары болды, бояуы сіңді.  Әр адамның өз өмір сүру дағдысы, өзіндік көзқарасы, таным-түсінігі, өмірлік ұстанымы болады. Азаматтық абырой-беделі мен адамдық дәреже-мәртебесі де сонымен өлшенеді. Сол себепті де Қазақстан Жазушылар одағындағы бар қызметімді тапсырып беріп, жұмыстан шығу туралы арызымды жазып кеттім»,—деді ол.

Айтуынша, жаңа төраға Мереке Құлкенов қайраткерге бұдан да жоғары қызмет ұсынған.

«Ағамызға мың алғыс, бұрынғы қызметімнен де жоғары қызмет ұсынды. Рахмет айттым. Жалпы Мереке ағамызбен кейінгі бір жылда бірге қызмет істедік. Әй-шай дескен жоқпыз. Аға-інілік қарым-қатынас жасадық. Сондықтан да болар:
– Жақсылап ойлан! – деді.
– Ойландым! – деп қысқа қайырдым. Бұл ар-ұятымның таңдауы. Түсіністікпен қарарсыздар»,—деді жазушы.

Сондай-ақ Думан Рамазан ешкімге өкпе-ренішінің жоқ екенін жеткізді.

«Бұнымен өмір тоқтап қалмайды. Адамда принцип болуы керек. Ешкімге де өкпе-ренішім жоқ. Айтысып-тартыспаймын. Өз мақсат-мұратым, ой-жоспарым бар. Соған жету үшін талпына беремін, тынбай еңбектене беремін. Бір ғана ескертерім: ешқандай интрига мен топқа қосылмаймын. Ешкімнің үстінен арызданбаймын. Әрине, туғанымдай араласатын, жақын тартатын аға-бауырларым, қаламдастарым, аралас-құралас адамдарым бар. Солармен болашақта да тығыз қарым-қатынас жасай беремін. Одақтағы қызметімнен кетсем де, әдебиеттен кетпеймін ғой. Ең бастысы, басымыз аман, деніміз сау болсын!
Баршаңызға бақ тіледім!»—деп түйіндеді ол.

Пікірлер