Бүгін Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктер арасындағы халықаралық байқау басталды

3312
Adyrna.kz Telegram

Сыр өңірінде Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, математик, профессор Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктер арасындағы халықаралық байқау басталды. Білімділер додасына еліміздің және көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекетінен келген 20 мен 27 жас аралығындағы 100 математик бақ сынамақшы. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында белгілі математик Асқар Жұмаділдаев БАҚ өкілдеріне аталмыш байқаудың негізгі талаптарын түсіндіріп өтті.

- Халықаралық байқаудың мақсаты – жас математик мұғалімдердің кәсіби шеберлігі мен білім алушылардың қабілетін дамытуға бағытталады. Бұл білімділер байқауы 2014-2018 жылдар аралығында Қызылорда қаласының жас математиктері арасында өтікізіліп келген. Ал 2019 жылы бұл байқау тұңғыш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Биыл облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтің қолдауымен байқауға қатысушылар саны артып, сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жалпы біздің Сыр елі тек қасиетті өнердің ғана емес білімділердің де ортасы. Біздің өңірде талайды таңдай қақтырған мықтылар шыққан. Солардың ізін жалғастыру үшін біздің жастар білім мен ғылымға бет бұруы керек. Бүгін бастау алатын халықаралық олимпиада нағыз метематиктерді анықтауға және жас ғалымдардың атын шығаруға үлкен мүмкіндік болмақ. Білімділер додасында 7 күрделі есеп болады. Берілген есептер тек біздің ғана байқауға арнайы дайындалған. Сондай-ақ, биылғы байқаудың бір ерекшілігі – қатысушыларға өзім ойластырған бір есепті қоятын боламын. Қатысушы жастарға сәттілік тілеймін!, - деді Асқар Серқұлұлы.

Брифинг барысында физика математика ғылымдарының докторы, Қазақстан Математика пәні мұғалімдер қауымдастығының Президенті, Халықаралық Жәутіков олимпиадасының негізін қалаушы Қайрош Мақышов халықаралық байқау туралы өз пікірін жеткізді.

- Өздеріңіз білетіндей, жалпы жаратылыстану бағыты өте күрделі болып келеді. Оның ішінде математика бағытын кез келген білім алушы терең меңгеріп, күрделі есептерді шығара алмайды. Математиканы жақсы меңгеру үшін ұшқыр ойлап, логикалық қабілетті дамыту керек. Сондықтан бүгін басталғалы отырған халықаралық байқауға еліміз бен көршілес мемлекеттерде өз білімімен көзге түскен жастар қатысайын деп отыр, - деді Қайрош Бексейітұлы.

- Екінші мәрте ұйымдастырылған халықаралық байқау мектеп оқушыларын математикалық сұрақтарға дайындауға және білім деңгейін арттыруға, жастардың арасындағы өзара достық қарым-қатынасты қалыптастыруға өз септігін тигізеді деп ойлаймын. 2022 жылы аймақ басшысы белсенді жастармен кездесу барысында аталмыш сайысты облыстық деңгейде және халықаралық сипатта өткізу туралы шешім қабылдады. Байқаудың өткізілуіне қолдау білдірген Асқар Жұмаділдаев пен «Қазақстан Математика пәні мұғалімдері қауымдастығының» ұжымына алғыс айтамыз, - деді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов.

Байқаудың жалпы жүлде қоры – 3 млн.600 мың теңге. 1 орынға – 1млн,теңге, 2 орынға – 500 мың теңге, (2 жеңімпазға), 3 орын – 300 мың теңге (2 жеңімпазға), Сондай-ақ, белсенділік танытқан 10 қатысушыға 100 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы табысталатын болады.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер