Осыдан Біраз уақыт бұрын, яғни 2011 жылы, 11 наурызда Жапонияда Фукусима АЭС-сы жарылып, жан түршігерлік жағдай орын алған еді. Сонда бүкіл дүние жүзі қауымдастығы Жапониядағы апатты жағдайды көріп, жағаларын ұстап, Халықаралық ұйымдар мен ауқатты мемлекеттерді Жапонияға көмек қолын созуға шақырып жатты.
Халықаралық атом энергетикасы жөніндегі агенттік (МАГАТЭ) Жапонияның "Фукусима" атом электр станциясындағы апат 1986 жылы Чернобыльдегі жарылыспен бірдей болғанын мәлімдеді. Осы күндер Жапонияның тарихында "қаралы күндер" деген атпен жазылды. Жарылыс аймағында халықтың қырылуы артып, радиациялық улану шегіне жеткен. Сонда жапон үкіметінің тектілігі дүниені таң қалдырған болатын. Бастарына ауыр жағдайдың төнгеніне дүние халықтары көңіл айтып жатқанда, Жапонияның Үкімет өкілі Юкио Эдано: "Біз осындай апатқа жол бергініміз үшін әлемдік қауымдастықтан, МАГАТЭ-ден де кешірім сұраймыз. Себебі, біз әлем алдында, адамзат алдында аса үлкен қателік жасап отырмыз",-деген еді.
Бұл не деген тектілік? Бұл не деген адамгершілік? Қалай таң қалмайсың? Өзінің үйіндегі жағдай үшін өзгелерден кешірім сұрап отыр. Сол кезде Жапонияға халықаралық қауымдастықтан ең алғашқы болып көмек қолын созған АҚШ пен Австралия болды. Дәл осы апатты ауыр жағдайды басынан өткеріп, есін жинай алмай отырған жапон елі ешкімге қолын жайып, көмек сұраған жоқ. Бір жұдырыққа жұмылған Жапония елі барлық шараны қолынан келгенше жасап, бар жоғы бір айдың ішінде аймақты эвакуациялау жұмыстарын аяқтап, радиациядан тазартып тастады. Жапонияның дәл осы харекетіне дүниенің халқы таң қалды. Көмектесетін елдер көмектесіп те жатты. Сонда жапондардың бір бірін жылатып, бір бірін алдап, пара алып, бір бірін тонап кетіпті деген бір де бір ақпарат жаһанға тараған жоқ. Фукусимадағы АЭС-тің жарылыс апаты Жапонияға 130 миллиард доллар шығын алып келді. Бір аймақтың халқы қырылып, мыңдаған адамдар мүгедек болып қалды. Бірақ Жапония елі мен үкіметі оған қисайған да жоқ. Бірлесе отырып, ауыр жағдайды көтере білді. Ұйымшыл ел екенін көрсетті. Өте мықты, өте текті ұлт екенін дүниеге паш етті.
Дәл сол жылдары, Жапонияда ауыр апат болып жатқан жылдары, біздің Батыс Қазақстанда Жайық өзені арнасынан асып жатты. Елді мекендерді су басып жатты. Қазақстан мен Хабар арналарында жаңалықтар сайрап жатты. Қазақтар бір бірімен тартысып жатты. Ел мемлекеттен жәрдем ала алмай жылап жатты. Үйлер судан құлап жатты. Малдар суға кетіп, адамдар көздерін жасқа бұлап жатты. Кейбіреулер жасырын ұрлап жатты.
130 миллиард доллар шығынға батқан, ауыр апатқа тап болған Жапон еліндегі жағдайды сол кездегі біздің Батыс Қазақстандағы жағдаймен салыстыруға мүлдем келмес еді. Шығын жағынан да, ауқымы жағынын да мыңдаған есе ауыр жағдайға тап болған Жапония бір айдың ішінде есін жинап, етек жеңін түріп алды. Біздің сол кездегі жырымыз сегіз айға созылды. Айқай мен елдің жылауын арналарда жалғасып жатты. Жалпы, жапон өкіметі мен біздің өкіметті салыстырар болсаң, жүні жұлынған торғай мен бүркітті салыстырғанмен бірдей болады. Біздің өкімет ешқашан да жүйелі түрде, тәртіппен, ықыласпен, халықпен жұмыс жасаған емес. Жасамайды да. Біздің өкімет 30 жылдың ішінде халықпен ұлттық бағытта идеологиялық жұмыстар жасаған емес. Жасамайды да. Себебі, олардың тілі қазақ емес, қазақты түсінбейді де. Қазақ оларды түсінбейді, олар қазақты түсінбейді. Мұңы да, зары да, мүддесі де қазақтан бөлек, тіпті болмысы мен бітімі де қазақтан бөлек. Сондықтан бізде ешқандай реформалар жемісін бермейді. Екеуі екі бөлек әлем болғандықтан бәрі солай болуы заңды. Біздің өзіміз де немқұрайлымыз. Білімі мен ғылымы жоқ, рухани тоқырауға соқтыққан, бірін бірі аңдыған ел дәл біз сиықты болады. Біздегі реформалар сондықтан да халыққа, ұлтқа қарсы жасалады. Өз басым сенбеймін. Сенген де емеспін. Бұл тексіздіктің барлығы біздің басымызға қайдан келді? Сан ғасырлық отаршылдықтан, сатқындықтан, опасыздықтан келді. Орыстан келді.
Әлихан Бөкейхан бабамыз Жапонияны бекерге үлгі етпеген. Ол бәрін толық зерттеген. Бірақ арманы орындалмай кетті. Оған мүмкіндік бермеді. Біз не болса да келешектен үміт күтеміз. Болашақта Әлихан бабамыздың арманының орындалатынына, жақсаратынына, бәрін өзіміз, жастар болып орнымыздан тұрып жақсартатынымызға сенеміз.
Бекболат Қаржан
"Адырна" ұлттық порталы