Жамбыл облысында ұзақ уақыт бойы Қытай азаматтарының заңсыз көші-қонын ұйымдастырып келген полиция қызметкерлері мен Қытай қазағы сотталды. Бұл туралы ҰҚК хабарлады.
ҰҚК дерегінше, Қытайдан мигранттарының заңсыз арнасын Тараз қалалық көші-қон полициясы бөлімінің қызметкерлері ұйымдастырған.
5 наурызда Тараз қалалық №2 сотының үкімімен осы іс бойынша көші-қон полициясы бөлімінің бұрынғы басшысы А. Зейдалиев төрт жарым жылға, оның орынбасары Б. Наурызбаев үш жарым жылға сотталды. Олар "лауазымын асыра пайдаланды" және "адамдардың заңсыз көші-қонын ұйымдастырды" деп айыпталған.
Ал Қытайда туған У. Силамбек есімді азамат "делдал" болғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған "адамдардың заңсыз көші-қонын ұйымдастырды" деген айып тағылған.
ҰҚК Қазақстан аумағында тұруға заңсыз рұқсат алған Қытай азаматтарының құжаттарының күшін жою жағын қарастырып жатқанын хабарлады.