Радикалдар балабақша мен мектептегі балаларымыздың да миын улауға мықтап кіріскен. Депутаттар дін жайын сөз етті

3780
Adyrna.kz Telegram

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде  “Қазақстандағы діни ахуал. Радикализм мен экстремизмге қарсы күрес” тақырыбында кеңейтілген отырыс өтті. Кеңесте радикалды топтарлың үлкендердің санасын ғана емес, мектеп пен балабақшаға баратындардың санасын да мықтап улауға кіріскені айтылып, Дін істері басқармаларының мәселелері талқыға түсті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

ҚР Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, елімізде болған лаңкестік шабуылдар мен террорлық әрекеттер жіті тексерілмейді. Мемлекет үнемі оқиғаның салдарымен күресумен келеді.

- Бұған дейін Қазақстанның қай аймағында лаңкестік шабуыл болса немесе террорлық акт жасамақ болғандар ұсталса ғана қоғам болып талқылап, кейін көмескі қалатын тақырып еді бұл. Бұл өз кезегінде мәселенің тек салдарымен күресуге әкеледі. Ал себебі қашанғыдай ескерусіз қалады.

Баяндама оқыдым, оған дайындалғанда елдегі діни ахуалдың қаншалықты қауіпті боп кеткеніне көзім жетті. Тақырыпқа қатысты айтылған деректердің көбі құпия, сондықтан жариялауға болмайды. Алайда, жұмыс тобын құрсақ бұл мәселеге қатысты Заң жобасын қайтадан жіті қарауға, жұмысты жүйелі жүргізуге мүмкіндік аламыз, - деді депутат.

Сонымен қатар, Нартай Сәрсенғалиев өңірдегі діни ахуалмен Дін істері басқармалары қажетті дәрежеде айналысып отыра алмағанын айты. Дін атын жамылған жат ағымның мектеп пен балабақшаларда тамыр жая бастағанынан қауіптенді.

- Бір дерек, өңірдегі діни ахуалды Дін істері басқармаларына сеніп тапсырады билік. Сорақысы сол, 4 облыста Дін істері басқармасы атымен жоқ. Сонда ол жақтағы радикалды ағым өкілдерімен кім күресіп, оларды оңалту жұмыстарымен кім айналысып жатыр? Ол ол ма, Дін істері басқармасы бар өңірлерде де жағдай оңып тұрған жоқ. Себебі ол жердегі теолог, дінтанушы, психолог, исламтанушы мамандардың жалақысы өте төмен. Тиісінше кадр тұрақтамайды. Бұл бүгін қызу талқыланған мәселелердің бір парасы ғана.

Радикалдар үлкендер мен орта жастағы азаматтарымызды ғана емес, балабақша мен мектептегі балаларымыздың да миын улауға мықтап кіріскен. Сұмдық! Алдағы уақытта бұл тақырыппен тыңғылықты айналысатын боламыз. Еліміз аман болсын! - деді депутат.

Пікірлер