Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті әз-Наурыз мейрамын тойлады

2264
Adyrna.kz Telegram

Наурыз - Ұлыстың ұлы күнi. Бұл күнi күн мен түн теңеледi. Жан-жануар түлейдi, Жер-Ана жасарып, табиғат жаңарады. Адамзаттың бойында қан жүгiрiп, тал-теректер бүршiк жарады. Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезiп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Самарқанның көк тасы ерiп, қасиеттi қара жер, қара топырақ бусанады. Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды-жасылды кiлем төселедi. Ұлан-байтақ Қазақстанның халқы жетi түрлi дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, ай бойы Ұлыстың Ұлы күнiн тойлайды. Бүкiл Шығыс халқына ортақ бұл мейрамда араздасқандар татуласып, дүйiм халық, мұқым ел ауызбiршiлiкте болады.

Суір айында Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде Наурыз мейрамы сән-салтанатпен аталып өтті.  Жылдан жылға жалғасын тапқан ұлттық дәстүр аясында университетте «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мейрам концерттік қойылыммен басталып, Наурыз – Сәуір – Мамыр айлары жұртқа деген ізгі тілектерін білдірді. Ұлыстың ұлы күні  Қыдыр ата бастаған Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің көші сахнаның ажарын аша түсті. Көш қатарында халықаралық, республикалық, қалалық олимпиадалардың, байқаулардың жеңімпаздары, ғылыми грант, патент иегерлері, джиу-джитсу, күрес, бокстан, Орталық Азия, республика чемпиондары, үздік жас ғалымдар мен ғылыми жобалардың авторлары болды. Алыстан ат терлетіп келген Қыдыр ата елге ақ батасын берді. Ас төресі наурыз көже таратылып, өнерлі студенттер оқу ордасын ән мен биге бөледі.

Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті ауылында ұйымдастырылған Ұлыстың ұлы күні мерекесіндегі ерекше қуанышқа белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Түркия, Германия,  Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің  ғалымдары, университеттің оқытушы-проффессорлар құрамы, студенттер, магистранттар қатысты.  Шақырылған құрметті қонақтар қатарында: "Академик Ө. А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинтану институтының " бас директоры- Төлешов Амандық Қуатұлы; профессор, Стамбул техникалық университетінің халықаралық бағдарламалар үйлестірушісі, профессор Велиев Ельдар Исмаилұлы; Стамбул Техникалық университетінің техникалық it-орталығының директоры – Мустафа Хельвачи; М. Адышев атындағы Ош технологиялық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры – Мамытов Ұлықбек Жанышұлы; "Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" Басқарма төрағасының орынбасары – Қазыбаева Сәуле Жамбылқызы; "Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты" Басқарма төрағасы – Дүйсенбеков Бахытжан Әлішерұлы; "Алтай геологиялық-экологиялық институты"  директоры- Муздыбаева Шарбану Аққазинқызы; "Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы" бас директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары – Баймаханова Байкен Бекарыстанқызы; "Агротехнологияларды трансферттеу және коммерцияландыру орталығы" басқарма төрағасы – Садықов Серік Төлеубайұлы; "Экономика институты" директорының ғылым жөніндегі орынбасары,- Алибекова Гүлназ Жанатқызы; «Адырна» ақпараттық агенттігінің бөлім жетекшісі – Дина Литпин болды.

Мерекелік шарада Халықаралық инженерлік-технологиялық университет ректоры Гүлнәр Сәрсенбекова ,

«Барша әлемдегі ұлт пен ұлысты, ел мен елді теңестіретін көктемгі осы бір мейрам жыл сайын жаңару мен жасампаздықтың мерекесі ретінде халқымызға қуаныш пен мол табыс әкелсін!» -деп құттықтау сөз сөйледі.

Университеттің «Кербез» би тобы - Қазақ биін билеп кештің көркін келтірді. Мерекелік шаралар барысында күй тартыс ұйымдастырылып, ару қыздар әсем ән шырқады. Қол күресі, арқан тарту сынды ұлттық ойындар ойнатылып, сегіз қырлы, бір сырлы жастар «Қара жорға» биімен көпшіліктің көңілін көтерді. Студент жастардан құралған әншілер тобы “Рухты Ару” әнін шырқаса, шетелдік әріптесіміз оқытушы Ричард Овойнка  «Бозжорға» ән-шашуын қонақтарға тарту етті. Алтын күннен нұр, жерге алтын дән себілетін шақта күн шуақты болып, ел қуанышқа кенеліп, Наурыз мерекесі нағыз тойға айналды.

Мерекелік шараның соңын университет ректоры  бастаған, проректорлар, декандар мен кафедра меңгерушілері, құрылымдық бөлімше басшылары, профессорлық-оқытушылық құрам, студенттер мен магистранттардан құралған бір топ қосыла «Атамекен» әнін бірлесе орындап, ұжымдық рухты көтере түсті. Бұл көрініс өскелең ұрпақ ойында жоғары патриоттық сана қалыптастырып, өз еліне деген мақтаныш сезімін оятты.

Пікірлер