Шетелде даңқты отандастарымызды шыққан тегіне қарамастан үнемі қазақтар деп атайды - Тоқаев

2870
Adyrna.kz Telegram

Президент Қазақстан қоғамының ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы екенін айтты. Бұл туралы  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының "Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму" атты ХХХІІ сессиясының отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Сессия барысында президент шетелде танымал қазақстандықтардың барлығын қазақ деп білетінін айтты.

"Даңқты отандастарымызды, спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс.  Біздің қоғам – ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі", – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарының барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінетінін айта кетті.

"Біз бәріміз – бір отбасымыз. Бұл – артық айтқандық емес. Бұл – біздің шынайы болмысымыз. Осы ретте біз мақтаныш ететін этномәдени әралуандығымыз ешқайда жоғалып кетпейді. Керісінше, біртұтас азаматтық негіз есебінен нығая түседі. Елімізде түрлі мәдениет дәстүрлері жалпыұлттық бірегейліктің берік іргетасы болып қаланатын өзімізге тән айрықша өмір сүру салты қалыптасты. Осынау ерекше бірегейлігіміз уақыт тезіне төтеп беріп, қоғамдық сананың өзегіне айналды", – деді Қазақстан президенті ҚХА отырысында.

Пікірлер