Қазақстан өкілдері тыйым салынса да Талибан басшыларымен кездесті

2956
Adyrna.kz Telegram
Фото: Facebook|Aibek Smadiyarov
Фото: Facebook|Aibek Smadiyarov

Қазақстан өкілдері тыйым салынса да Ауғанстанда билік құрып отырған Талибан (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) әкімшілігі өкілдерімен кездесті. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Facebook парақшасында жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Кеше Премьер-министрдің орынбасары – Сауда министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Ауғанстан астанасы – Кабул қаласында болды. Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек жеткізу салтанатты рәсімі өткен.

Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жасалды. Өткен сапар мен гуманитарлық көмек туралы толығырақ ақпарат Сауда министрлігінің ресми хабарламарында беріледі”,- деп жазды Айбек Смадияров.

Сонымен қатар, Кабулда Қазақстан және Ауғанстан кәсіпкерлерінің кездесуі өтіп, арнайы сауда бизнес-форумы ұйымдастырылған. Смадияровтың айтуынша, бизнесмендердің көңіл-күйіне қарағанда өте сәтті болған.


Одан бөлек, жақын арада Ауғанстанда Қазақстанның Сауда үйі ашылмақ.

“БҰҰ Халық қорының бағалауы бойынша Ауғанстан халқы шамамен 40 млн адамды құрайды. Әрине бұл біздің өндірушілер үшін өте тартымды әрі қызық нарық. Тек 2022 жылдың өзінде ауғандармен екіжақты сауда көлемі рекордтық көрсеткішке — 987,9 миллион долларға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,1 есеге артты.  Сауданың артуы, ең алдымен, отандық өнім экспортының өсуінің арқасында болған жағдай. Ал биыл Қазақстанда өндірілген тауарларды экспорттау есебінен 1 млрд долларды еңсеру туралы сеніммен айтуға болады.  Негізінен кәсіпкерлеріміз бұл елге бидай немесе бидай-қара бидай ұны, бидай, кептірілген бұршақ көкөністері, легирленбеген болаттан жасалған жалпақ прокат, теміржол локомотивтері, зығыр тұқымдары мен күнбағыс майын экспорттайды.

Халықаралық қауымдастық Ауғанстандағы экономикалық күйреуге, гуманитарлық дағдарысқа жол бермеу керек деген ортақ түсінікке ие болғандықтан, біз бұл елмен сауда-экономикалық байланыстарды қалпына келтіріп, дамытуымыз керек.  Экономикалық ынтымақтастық саласында, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы, әсіресе Орталық және Оңтүстік Азиядағы интеграциялық үдерістер саласындағы қарым-қатынастарды дамыту векторларының бірі ретінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың маңыздылығын атап өткен жөн ”, - деп жазды Айбек Смадияров

Сондай-ақ, ол бір жарым жыл бұрын Ауғанстанға барған сапарын еске алды.

“Ауғандықтардың дастарханындағы қазақ өнімдері сапа мен тамаша дәмнің белгісі болып саналады екен. Шоколадтар, кәмпиттер мен тәттілер ерекше бағаланады.  Қазақтың ұнынан жасалған нан туралы айтып та қажеті жоқ, ол барлық үйде дерлік бар”,- деді Смадияров.

Еске салайық, 2021 жылы 17 қазанда қазақстандық делегация Талибан (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қозғалысының жетекшілерімен кездескен болатын. Сол кезде Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Facebook парақшасына екі қарулы адамның (Қазақстан елшілігін күзетіп тұрған тәліптер) арасында тұрған суретін жариялаған еді.

Пікірлер