АСХАТ ҚАСЕНҒАЛИ: Елімізге ешқандай да қытай қаптамайды

3199
Adyrna.kz Telegram

“Қытай қаптайды”, “қытай жаулайды” деген жазбалар фейсбукте қаптап кетіпті. Ол кеше шыққан “Қазақстан мен Қытай азаматтары 30 күн визасыз жүре алады” деген ақпаратқа байланысты жазылуда.

Ал мәселеге басқа қырынан үңіліп қарасақ, ешқандай да қытай қаптамайды. 2022 жылы біз “Қытай азаматтары 14 күн визасыз жүре алатын” өзгеріс енгізгенбіз. Бір жылға жуық уақыт болды, қаптаған қытай көрмедім. Дәл сол сияқты болады.

Қытайдың жалпы біздің азаматтар үшін 30 күн визасыз режимге рұқсат еткені жақсы жаңалық. Қытай елшілігінің алдында виза алуға тізіліп кезек тұратын. Қытайдан келген қандас достарым жетерлік, солардың туыстары, таныстары виза алу үшін айлап құжат жинап жүретін. “Ана жерден анықтама әкел, мына жерден құжат әкел” деп шапқылайтын. Ал енді мынау ол азаматтар үшін жақсы жаңалық қой. Алтайдың арғы бетіндегі қандасқа да тиімді. Оның үстіне Қытайға демалуға, медицинасы жақсы болғандықтан ем алуға баратындар да жеткілікті. Олар үшін де әуре-сарсаң азайды. Ең тиімдісі кәсіпкерлерге деп ойлаймын. Өткен жылы Қазақстан-Қытай сауда қатынасы алғаш рет Ресейді артта қалдырды. Яғни біз үшін Қытай басты экономикалық, сауда қатынастағы серіктеске айналды деген сөз. Қытайға кіріп, кәсіп жасап, табыс көзін іздеп, шапқылап жүрген жандарға уақыт жағынан да, қаржы жағынан да тиімді болды деуге болады.

Сондықтан мәселеге осы қырынан да қарау керек. Эмоцияны жиып қойып, бұл жаңалыққа Қытайға кіру үшін виза алуға табан тоздырған қазақтың көзімен де қарау керек.

Асхат Қасенғали

Пікірлер