24 желтоқсан күні кешке Алматыда Grand Park сауда-ойын-сауық орталығының жанында атыс болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Бұл туралы куәгерлер әлеуметтік желілерде жазды.
"Гранд Парктың" жанында атыс болды. Жарақат алғандар бар. Полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері келді", – деп жазды оқиға куәгерлерінің бірі.
Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 102 пультіне Қабдолов көшесінде оқ атылғаны туралы хабарлама түскен.
"Патрульдік полиция қызметкерлері 18 жастағы ер адамды дереу ұстады. Одан сигналды тапанша табылып, тәркіленді. Ауезов аудандық полиция басқармасы бұл оқиға бойынша бұзақылық фактісімен қылмыстық іс қозғады", – деп хабарлады ведомство.
Еске сала кетейік, 20 желтоқсан күні де Алматыда Наурызбай ауданындағы тұрғын үй кешенінде атыс орын алған еді. Белгісіз ер адам пәтерге баса-көктеп кіріп, екі адамға оқ атқан. Полиция қызметкерлері күдіктіні іздеп жатқанын мәлімдеген болатын.