Мәжіліске бұл жолы халық сенетін, халық бағалайтын азаматтар өтті - Думан Бықай

3024
Adyrna.kz Telegram

"Қала мен Дала" газетінің бас редакторы, журналист Думан Бықай жаңадан сайланған Мәжіліс депутаттарына үлкен сенім артатынын “Адырна” ұлттық порталына берген сұхбатында айтты.

Оның айтуынша, ескі Қазақстаннан қалған ескірген әдістер, алгоритмнің ешбірі қазіргі таңда қолданысқа жарамайды.

“Жаңа Қазақстан - жаңа мәжіліс. Әлбетте жұрт бұл мәжілістен үлкен үміт күтеді. Осы мәжіліске өткен тәуелсіз кандидаттар бұғауға бағынбай, өзінің позициясында тұрып, соңында билік тарапының сөзін сөйлейді деп сенеді. Ол да  заңдылық, оны да қабылдау қажет. Себебі, ескі Қазақстаннан қалған ескірген әдістер, алгоритмнің ешбірі қазіргі таңда қолданысқа жарамайды. Олардың барлығын лақтыру керек.

Мәжілістің қазіргі жұмысына талдау жасайтындай уақытқа жеттік деп айта алмаймын. Себебі, бұл жаңа құрамның жұмысқа кіріскені де кеше ғана. Әлі де болса уақыт, мерзім керек. Сол мерзімінің ішінде мәжілістің кәсібилігін, біліктілігін бағалаймыз. Бірақ қазіргі беталысының өзінен байқар болсаңыз бұрынғы мәжілістің кезіңдегідей салғырттық, бейқамдық, қалғып-шұлғып отыратын, тілін шайнап отыратындар келмеске кеткенін көреміз», - деді Думан Бықай.

«ТОҚАЕВ АЙТҚАН ПАРЛАМЕНТТІК РЕСПУБЛИКАҒА БІР ТАБАНДАП ЖЕТЕМІЗ»

Одан бөлек, ол Мәжіліске «халықтың батасымен өткен» депутаттар, билік тараптың алдында ұятты болмас үшін, сайлау кезінде бергендегі уәделерін орындауға тырысып жатқандығын айтты. Сондай-ақ, көтеріп жүрген мәселелерін қозғап жүрген депутаттарға тоқталды.

«Бапи көтерген абақты да жатқан ұлтшыл азаматтарымызға бостандық беру мәселесі көптің көңілінен шықты. Тіл мәселесі де бұрынғыдан қарағанда ашық айтылып, депутаттардың тарапынан нақты талаптар қойылып жатыр. Екібастұздағы жағдайда халық қалауларының назарынан қалыс қалған жоқ. Жоғарыдан келген ұсынысты жапа-тармағай қолдау дейтін үрдісті жоғалтып бара жатыр. Мәжілістің осылай мінезі қалыптасады. Тоқаев айтатын парламенттік республикаға бір табандап жетеміз.

Қазіргі мәжіліс бұрынғы мәжіліс емес. Бұрынғының қателіктерінен сабақ алған мәжіліс. Мәжіліске өткен азаматтар да бұрынғы қателіктерді қайталамайды, жағымпаздықтың жолына түспейді. Жалпы ондай ауру сырқаудың ада  деп ойлаймын. Себебі, жоғарыға жағымпазданатын президенттің алдында сүйкімді болып көрінетін әдеттерден арылу керек. Қазір ең бастысы осы халықтың сенімін ақтау. Халықтың сенімі деген өте нәзік дүние. Оған бір шіркеу түссе оны қалпына келтіру өте қиын. Сондықтан қазіргі мәжіліс отырған азаматтар ең алдымен өзінің репутациясы үшін әрекет етуі керек. Егер шынымен саясатта қалғысы келсе, сайлау алдында берген уәделерін орындауға тырысып, халыққа жақын болуға, халықтың тарапынан түскен сауалдардан жалтармауға тырысу қажет», - деді ол.

Мәжілісте көтерілетін мәселе көп. Сонын бірі - қазіргі елдің тұрмысы, инфляция мәселесі. “Смаилов үкіметі ауыздықтай ала ма?” деген мәселені көбірек қозғау керек. Себебі, жыл өткен сайын халықтың тұрмысы кері кетіп бара жатқанын да айта өтті.

Биыл мәжіліске біраз тәуелсіз тұлғалар өтті. Әлбетте, өтпей қалған азаматтардың да өкпесі бар. Мына Ермұрат Бари, Абзал Құспан, Бақытжан Базарбек сынды азаматтардың өтуінің өзі Жаңа Қазақстан дұрыс бағытта келе жатқанын көрсетеді деп ойлаймын. Бір ғана  Ермұратты алып қарайтын болсақ, өткен жүйемен 30 жыл бойы арпалысып, алысып-жұлысқан азамат. Оған осы мәжілісте үлкен миссия жүктеліп отыр. Ол шетелге кеткен капиталды қайтаруға күш салады деп ойлаймын.

Ермұрат Бари мен Абзал Құспанның арқасында Жаңа Қазақстанға қажетті бірқатар маңызды заң қабылданады деп ойлаймын. Себебі екеуінің бірі заңға жүйрік, бірі есеп-қисапқа жүйрік. Кезінде АҚШ-та Джон Маккейн деген мықты сенатор болған. Сол кісілердің арқасында Ресейдің бір амбициясын ауыздықтайтын маңызды заңдар қабылданды. Сол секілді Қазақстанның ішкі, сыртқы саясатын бекемдейтін маңызды заңдар қабылданады деп ойлаймын.

Биыл “Республика” партиясы мен “Ақжол” партиясы да біраз теке тіресуі мүмкін. Ол да жақсы үрдіс, “Ақжол” конкуренциядан қорықпау керек. Одан кейін “AMANAT” партиясының аты ғана емес, заты да өзгереді деп сенеміз. Ескі жүйеге еш қатысы болмаған азаматтар өтті. Олар ел алдындағы абыройына нұқсан келтірмеу үшін мәжілісте дұрыс мәселе көтереді деген ойдамын”,- деді Думан.

«ПОПУЛИСТІК МӘЛІМДЕМЕМЕН ЕЛДІ АЛДАЙ АЛМАЙМЫЗ»

Одан бөлек, Думан жаңадан сайланған Мәжіліс депутаттарына үлкен сенім артатынын да жасырмады.

«Бұл соңғы мәжіліс емес. Бізге Тоқаев жақсы үрдісті бастап берді. Биылғы сайлаудың кемшілігі де болған шығар. Өйткені, өткен сайлауға өкпелі азаматтар да бар. Енді ол Жаңа Қазақстанның жоғарыдағы азаматтарының тарапынада назарға алынады деген ойдамын. Алда халық қалауысы болуға ұмтылып жүрген, сол атқа өзін лайықпын деп санайтын азаматтар өтеді деп ойлаймын.

Депутаттық сауалдың сапасы арту керек. Бұрынғыдай популистік мәлімдемелермен елді алдай алмайсыз. Өткен мәжілістің ескі мәжілісмендері Кенесарының басын қайтару керек деп кетер алдында бір сандырақтап кетті ғой кейбір азаматтар. Әлбетте ол қазаққа ұнайтын тақырып шығар,бірақ енді дәл осындай тақырыпты үнемі талқылап өте алмайсың. Халыққа жақын дәл қазіргі қазақтың мұң мұқтажын қозғайтын соңын ішінде жанағы есеп-қисап экономика мәселесін көбірек қозғау керек. Ал халықты тек қана рухани етпен, тілмен ғана үнемі ашуда ұстап отыра алмайсың ғой. Халықтың тұрмысын түзеуге күш салу керек қазіргі жанарған мәжіліс.

Өз басым бұл мәжілістен үлкен үміт күтпесемде, Тоқаевтың 7 жылына осы мәжілістің қазіргі құрамы жарамды деп ойлаймын. Ал ары қарайғы жаңаруды уақытты еншісіне тапсыруымыз керек. Себебі өмір осымен тоқтап қалмайды. Шынымен де, бұл жолы халық сенетін, халық бағалайтын азаматтар өтті. Ал енді олардың абыройдан айырылмауы тек Алланың ғана емес, өздеріңін де қолында», - деп қорытындылады журналист.

”Адырна” ұлттық порталы 

Пікірлер