Кеше Жаңаөзен қаласынан Астанаға келген «БерӘлі» компаниясының жұмысшылары «ҚазМұнайГаз» ғимаратының алдында түнеді. Жаңаөзендіктер өздері жұмыс істейтін компанияның тендерін "Кезби" мен «Ai-Bis» компаниясының ұтып алғанына наразы. Себебі олар «Аталған компаниялар нарық құнынан әлдеқайда арзан тендер ұтып алғаннан кейін жоғары жалақы бере алмайды» деген пікірде. Ал Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев наразылармен кездесіп, мән-жайды неге білмей отыр?
Бүгін Үкімет отырысында журналистер Алмасадам Сәтқалиевке Жаңаөзендік жұмысшылардың мәселесін сұрақ ретінде қойды. Министрдің айтуынша, жаңаөзендік жұмысшылардың талаптары бойынша ресми шешім әзірленіп жатыр. Сондай-ақ ол «Мұнайшылар Энергетика министрлігінің аумағына топтасқан кезде олардың талаптары шашыраңқы болғанын» тілге тиек етті.
Оның сөзінше көтерілген бірнеше талаптың ішінде «ӨзенМұнайГаз» кәсіпорнына жұмысқа тұрғызып беру және бұған дейін өткен тендердің күшін жою талаптары қойылған.
«Жалпы, олармен диалог ұйымдастырылды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері болды. Энергетика министрлігінің департамент директорлары болды. Олар диалогке кіріскен жоқ, бірақ сол маңда ахуалды бақылап, адамдармен сөйлесті, талаптарын нақтылады. Қазір біз ресми ұстаным әзірлеп жатырмыз», - деді Алмасадам Сәтқалиев.
Журналистер министрден «Жаңаөзеннен Астанаға келген жұмысшыларға неге бармадыңыз?» деп сұрады. Алмасадам Сәтқалиев күмілжіп, ап-айқын сұраққа нақты жауап бермей түлкібұлаңға салды.
Ал Жаңаөзендік азаматтар түске дейін «ҚазМұнайГаз» басшылары мен құзырлы орган өкілдерімен кездесті. Алайда жұмысшылардың өкілі Жолмұрат Лұқпан келіссөздің сәтсіз өткенін ескертті.
«Бүгін біз таңғы сағат 06:00-де ұшақпен Астанадағы әуежайдан түстік. Жұмысшылардың жарты бөлігі көлікпен келе жатыр, ал қалғаны жалақы түскен соң келеміз деп отыр. Қазір ең басты дүние қаржы ғой, ақшасы болмаса ешкім ешқайда шыға алмайды. Біздің жігіттер ұжым болып жақсы қарым-қатынас көрсетеді және біз ешқандай тәртіп бұзып, әр түрлі саяси дүниеге бармаймыз. Тек қана еңбек дауымен жүрміз.
Осындағы басшылар біздің арамыздан келіссөзге 10 адамның шығуын сұраған болатын. Еңбек инспекциясы, прокуратура, құқық қорғау және «ҚазМұнайГаз» өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Бұдан бөлек Маңғыстау өңіріндегі кешегі тендерді ұтып алған "Кезби" және Ai-Bis компаниясының өкілдері қатысты.
Жиында «ҚазМұнайГаз» компаниясының басшылары тендерді бірінші кезеңде "Кезби" және екінші кезеңде Ai-Bis компаниясы ұтып алды деп айтты. Олар бізді аталған компанияға бөлініп жұмысқа баруымызды сұрап отыр. Яғни, олар «Біз 150 адамды жұмыспен қамтамасыз ете аламыз, ал қалған 90 адам "Кезби" компаниясына барасыңдар» деп отыр», – дейді ол.
Әйтсе де Жолмұрат Лұқпан бұл ұсынысқа жұмысшылар бір ауыздан қарсы екенін айтты. Себебі олар тендерді әлдеқайда төмен бағада ұтып алған компания күні ертең жалақыны төмендетеді деген пікір айтты.
«Мысалы қаңтар айынан наурызға дейінгі істеген жұмыстың қаржылық көлемі сағатына 80 мың теңге болатын. Аталған қаржыны бір көзден осы уақытқа дейін «БерӘлі» компаниясына берді. Неге? Себебі алда келе жатқан сайлау тыныш өтсін деді. Ашығын айтқанда "Кезби" мекемесімен «БерӘлі» компаниясы бір бірімен қатты бәсекелес болып келеді. Кезінде бізді «Жұмысты тоқтатып қойдыңдар» деп "Кезби" компаниясы айыптап, 19 адамды жұмыстан шығарды. Сол 19 азаматқа қолдау көрсеткен 150 адам өз еркімен жұмыстан шығып, «БерӘлі» компаниясына ауысқан едік. Сол жұмысшылар ауыз біршілік көсетіп, 4 айдың ішінде сіздерге өтірік, маған шын Жаңаөзен қаласында «БерӘлі» компаниясының деңгейін "Кезби" мекемесіне жеткіздік», – дейді Жолмұрат Лұқпан.
Жұмысшылар тендерді 6 ай немесе 1 жылға емес, 4-5 жылға бірден беру керек деген ұстанымда. Алайда бұл талап тілекке Үкімет құлақ аса ма?
Серік Жолдасбай
"Адырна" ұлттық порталы