"Бұл лобби ме, ол жағын ашып айта алмаймын..." Алтай Көлгінов жаңаөзендіктер талабына қатысты пікір білдірді

3259
Adyrna.kz Telegram

Бүгін жаңөзендіктердің талабына қатысты премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов арнайы пікір білдірді. Үкімет отырысынан кейінгі жиында Алтай Көлгінов мәселесінің астарында тендер мүддесінің бар екенін "байқағанын айтып", барлығын заң аясында шешуді ұсынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Жаңаөзендік жұмысшылардың талабы туралы пікірінде:

«Мұның бәрі – келіссіөз мәселесі. Бәрі заң аясында шешілуі керек. Олар тендерден ұтылған компания қайтадан ұтып шыққанын қалайды. Бірақ, бұл мүмкін емес. Бәрін заң аясында жүргізу керек. Тендер талаптары бар, мәселені сот тәртібімен немесе заңды негізде қарау қажет. Жай ғана талап ету – жұмсақтап айтқанның өзінде дұрыс емес. Біздің міндет – оларға қолда бар бос жұмыс орындарын ұсыну. Мемлекеттік органдар қазір солай істеп те жатыр», - деді вице-премьер.

Жиында журналистер компания лоббиіне қатысты күдіктің көп көкейінде жүргенін де бұғып қалмады. БАҚ өкілдері «Жұмысшылар талабы тендерден ұтылған жұмыс беруші компанияның лоббиі болуы мүмкін бе?» деген сауал қойды. Оған қатысты:

«Бұл лобби ме, ол жағын ашып айта алмаймын. Бәрін заң аясында қарау керек. Уәкілетті органдар келіссіөз қорытындысы бойынша ақпарат береді. Мұның бәрін әсірелей беруге болмайды. Фактілер бойынша қарайық. Адамдардың талаптарын мемлекеттік органдар естіп отыр. Өздерінде бар өкілет аясында ұсыныстарын айтып жатыр», - деді Алтай Көлгінов.

Оқырман үшін орайы келгенде айта кетейік, Жаңаөзендегі "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнының жұмыстан қысқарған 82 жұмысшысы 10 сәуір күні Астанаға келіп, энергетика министрлігіне барды. Олар министрліктен жұмыс мәселесін дұрыс шешуді талап етеді. Жұмыстан қағылған жаңаөзендіктер мәселеміз шешілмесе, министрлік алдынан кетпейміз деп отыр.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер