Өскемен. Құрбысын ұрып-cоғып, қорлаған топпен бірге видеоны жариялағандар да жауапқа тартылады

5990
Adyrna.kz Telegram

Полиция қызметкерлері Өскемен қаласындағы колледж студентін аяусыз соққыға жыққандарға қатысты тергеу амалдарын жүрігізуді бастады. Оқиға бейнекадрларын әлеуметтік желіде таратып, ақпарат айналымына салған "айтақшылардың" да қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны айтылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Өскемен қалалық полициясы камера алдында құрбысын күштеп шешінуге мәжбүрлеген бір топ жасөспірім қыздың әрекетін видеоға түсіріп, оны тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бұл жайлы Yk-news жазды.

"Бұл материалдарды заңсыз тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы қылмыстық іс шеңберінде оған қатысы бар адамдар анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады", - деді  жергілікті полиция қызметі басқармасының Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Әйгерім Бейсембаева.

Жасөспірімді жәбірлеуші топта колледж студенттерімен қоса мектеп оқушылары да болған. Оларға қатысты ШҚО Прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры Сәуле Губашева ақпарат бөлісті:

"Сегіз жасөспірім анықталды. Бесеуі - әртүрлі колледждің студенттері және әртүрлі мектептің үш оқушысы да бар, олар бірнеше күн бойы жәбірленушіні қорқытып, қудалап, ұрып-соғып, видеоға түсірген".

Естеріңізге сала кетейік, сәуір айының басында әлеуметтік желіде жасөспірімдердің құрбысын соққыға жығып, қорлауын бейнелейтін видео тарады. Алайда, бұл факт бір ай бұрын Өскемендегі сауда орталықтарының бірінде орын алғаны белгілі болды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер