КАМАЛ ӘЛПЕЙІСОВА: Жұрт алдындағы жақсы атың мен беделіңді абайсыз айтылған бір сөз құнсыздандырып жіберетін жай болады

4254
Adyrna.kz Telegram

Жұрт алдындағы жақсы атың мен беделіңді абайсыз айтылған бір сөз құнсыздандырып жіберетін жай болады. Қазақта мұны "Қасықтап жинаған абыройды шелектеп төгу" дейді. Кешегі дебатта сондай жағдай болды.

Шыны керек, қоғам жаңалық күтуде. Оны ертеңгі сайлаумен байланыстырушылар да бар. Және жаңалықты саясаттағы бет-жүзі жаңа адамдар жасайды деп жорамал жасаушылар Республика партиясына елеңдеп жүрген. Бұған оның басшыларының жас екендіктері де әсер еткен болуы керек. Қанша дегенмен, Мағжан ақынның: "Мен жастарға сенемін" дегенінде мән бар ғой.
Дегенмен, саясатқа келген жаңа партияның мүшелеріне сенуге болмайды екен. Оны кеше өткен дебатта басшысы Айдарбек Қожаназаровтың сөзінен аңдауға болады. Тіксініп қалдым.

Біріншіден, ол өзін асыра бағалап, басқалардан биік қоятын жігіт екен. Мәдениет туралы айтам деп, алғашқы дебатқа қатысқан партиялардың бәрін мәдениетсіз деген тұжырымды жасап-ақ тастады. Екіншіден, ол өздерінің жастардан басқа санатты менсінбейтінін көрсетті. Және келтірген мысалын айтсайшы: "Старую собаку новым трюкам не научишь". Сонымен, 60-тан асқандар, аңдадыңдар ма, біз ештеңеге жарамсыз, мойындағы қамыт екенбіз...

Әрі қарай сөзімді рәсуә еткім келмейді. Ұлттық мәдениеттен, қазақтың ауыз әдебиетінен хабары жоқ "жаңа адамдарға" халқымыздың "Алпысқа келгеннен ақыл сұра" деген ертегісін оқуға кеңес берем.

P.S. Бұларға дауыс беретін, бірақ оларға сүйкімсіз санаттың қатарындағылар өздерін не күтіп тұрғанын түсінетін болар деп ойлаймын...

Пікірлер