Ауыл 100 ұлттың жүрегі мен тілінде

1535
Adyrna.kz Telegram
Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында 26 ақпан күні «Ауыл әлемнің 100 тілінде» тақырыбымен ұлттық диаспоралар көрмесі өтті. Шараға «Ауыл» партиясынан ҚР Парламентінің Мәжілісі депутаттығына кандидаттар Қайрат Айтуғанов, Николай Арсютин, Светлана Прокопьева, София Әбдіразақова, Ахметжан Әскеров, Рабиға Тоқсейітова қатысып, диаспора өкілдерімен кездесті.
Солтүстік Қазақстан өңірі – қызыл империя кезеңінде депортацияға ұшырап, мәжбүрлі түрде қоныс аударылған сан ұлт өкілдері мейірбан қазақ ұлтынан пана тауып, өсіп-өнген өлке. Сталиндік солақай саясат салдарынан жойылып кету қаупі төнген ұлт өкілдеріне кеңқолтық қазақ төрінен орын беріп, бір тілім нанын бөліп жеді. Сол кезде күштеп қоныстандырылған ұлттардың ұрпақтары бүгінде аталған өңірде сан еңбек етеді. Олар осы күнге өздерін ажал аузынан алып қалған қазақ халқы, қазақ ауылдары арқасында жеткенін ұмытқан емес. Соның құрметіне және Ауылды қолдау мақсатында «Ауыл әлемнің жүз тілінде» атауымен көрме ұйымдастырды.
«Осы көрмеге келген баршамыздың ата-әжеміз мұнда, қазақтың қасиетті жеріне өз еркімен келмеген. Сонау сұрапыл соғыс жылдарында, ер азаматтарымыз қан майданда жаумен арпалысып жатқанда коммунистер опасыздықпен Қап тауындағы халықтарды қарудың күшімен қыс ішінде мәжбүрлеп көшірді. Ол қасіретті күн – Кеңес әскері құрылған ақпанның 23-і болатын. Көрмені де соған орайластырдық. Аш-жалаңаш, айдалып келген 100 мыңдаған кемпір-шал мен бала-шағаны қақаған қыста айдалаға әкеліп төгіп тастағанда оларды тіктеп келген ажал тырнағынан құтқарып қалған осы қазақ халқы, қазақ ауылдары болатын. Қазақтан тек тау халқы емес, қызыл коммунистерден теперіш көрген мыңдаған поляк мен украин да пана тапты. Аталарымыз бізге қазақтан, қазақ ауылдарынан көрген жақсылықтарын ауыздарынан тастамай айтып, жақсылықты тек жақсылықпен қайтару керектігін өсиет қылып, аманаттап кетті. Аманатқа қиянат жүрмейді. Біз қашанда ауылды қолдаймыз», - деді көрмеге келгендер алдында сөз алған Қап таулық диаспора өкілі.
Солтүстік Қазақстанның құнарлы топырағынан ырыздығын айырып жүрген диаспоралар өкілдері жер мен ауылдың және ауыл шаруашылығының қамын ойлаушы өздерімен мүдделес партия өкілдерін жылы қабылдап, сөздерін ықыласпен тыңдады. Партия сайлауалды бағдарламасының бағыттарына қызығушылық танытып, қолдау білдірді. Өздерін толғандырып жүрген мәселелелерді де ортаға салып, сұрақтар қойды. Кандидаттарға ұсыныстарын аманаттады.
Материалдың ақысы «Ауыл» ХДПП сайлау қоры қаражатынан төленді.
Пікірлер