Ұлттық құндылық – тәрбие өзегі

5153
Adyrna.kz Telegram

Ұрпақты отбасылық, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Өйткені қазақ қоғамының діңгегі осы құндылықтарда жатыр. Ал отбасы тәрбиесінде ұлттық құндылықтарға қанық болып өскен баланың ұстамы мықты болады. Отбасылық құндылықтарды меңгерген бала өсе келе ұлттық құндылықтарды да бабында игереді. Отанның ұлы ұғым екенін түсініп, елінің қорғанына айналады. Ұлт мүддесін, өз мүддесінен биік қояды. Міне, «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз осыдан қалған.

Алайда соңғы жылдары отбасылық тәрбиеде жіберілген олқылықтар ауқымды тұс алуда. Тіпті бұл мәселелерге ұлт болып ойланатын хәлге жеттік. Олар – өз елінің тарихын білмеу, ана тілінен алыстау, мәдениетінің мәнін түсінбеу, салт-дәстүрдің сақталмауы, ажырасудың артуы және т.б. Бұл олқылықтардың орнын толтыру оңай болмасы анық. Бірақ шешімі бар. Ол отбасыдағы тәрбие жүйесін түзеу. Ұрпақты ұлттық ерекшеліктер негізінде тәрбиелеу.

Қай қоғамда өмір сүрмеңіз заңдылық осы. Себебі болашақ бүгіннен басталады. Не ексеңіз, соны орасыз. Жалпы ұлт деген ұстынның мықты болуы отбасыдағы ұрпақ тәрибесіне байланысты болып отыр. Ал тәрбие бір күндік әрекет емес. Аз-аздан үздіксіз жалғасатын әрекет. Мұны ата-әжелеріміз ежелден-ақ білген. Расында, біздің бүгінгі ұрпаққа беріп жатқан тәрбиеміздің бір бөлігі аталарымыздан өткен деуге болады. Өкінішке орай, қалалық үрдіс дамыған сайын бұл ұлттық кодымыздан алшақтап барамыз. Бар мәселеміз үй мен жұмыс арасында. Аталарымыздан жеткен тәрбие артта қалуда. Мәселен, батыс фильмдерін көріп отырсаңыз ондағы кейіпкер өзінің кім екенін, әкесінің кім болғанын, атасының тіпті бабасының кім болғанына шейін айтып отырады. Өзінің кәсібі немесе ұстанымы сол бабасынан қалғанын тілге тиек етеді. Енді ойланып қараңыз, мұнда автор шебер дерсіз. Демек автордың бойында бабадан сіңген қасиет, ұрпақтар сабақтастығы бар. Төрт ғасыр бұрын берілген тәрбиенің тамыры жатыр. Міне, көрдіңіз бе? Сіздің де бойыңызда төрт не бес ғасыр бұрынғы тәрбие жатыр. Сондықтан «ұрпақ тәрибесі – ұлы іс» деген сөз бекер айтылмаған.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні біздің қоғам алдындағы парызымыз – ұлттық болмысын жоғалтпаған, рухы асқақ, адами құндылықтарды әрдайым артық көретін, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу. Жалаңдықтан сақ болу. Келешекке кемелді мұра қалдыру. Сана-сезімі оянған тұлға қалыптастыру.

Пікірлер