Батыр батыр еді

2410
Adyrna.kz Telegram

2008-жылдың қыркүйек айы. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында бас директордың орынбасары болып істеп жүрмін. Бір жігіт телефон соғып, «жолығып сөйлесетін әңгіме бар еді» деді. Дауысының тембрі жақсы, радио маманы сияқты нық сөйлейді екен. Уәделескен жерде кездестік. Өзін «Батыр Қазыбаевпын» деп таныстырды. Негізі, ол жігіттің Үкімет кеңсесі жетекшісінің орынбасары болып істейтінінен хабарым бар. «Мен неге қажет болдым екен?» деген сұрақтан басқа ой жоқ. Өзімді таныстыра бастап едім, «сіз туралы барлық ақпаратқа қанықпын» деді. Сөйтті де әңгіменің төтесіне көшті.

«Айқын» газетінің тұңғыш бас редакторы сізсіз ғой?». «Иә, мен». Әңгімені жалғастырған жоқ. Басқа сұрақ қойды. «Егемен» бар, «Айқын» бар. Елімізге тағы бір сол форматтағы күнде шығатын газет ашу қажет пе?» деп қадала қарады. «Әрине. Біз алып елміз. Жеріміз үлкен. Халықты ортақ мақсатқа біріктіріп, мемлекеттік идеологияны мықтап жүргізу үшін екі емес, күнде шығатын бірнеше газет болуы керек» дедім. «Дұрыс екен» деп біраз ойланып отырды да: «Сондай республикалық газет ашу қолыңыздан келер ме еді?». «Ойланатын мәселе. Ол Егемен мен Айқынның көшірмесі болып кетпеуі керек. Оған тың концепция табу керек болады. Оңай болмайды» дедім. «Оңай болмайтынын білген соң сізбен жолығып отырмыз ғой. Концепциясын ойлай беріңіз. Резюмеңіз керек болып қалар. Мына поштаға жіберіңіз. Барлық мәселе шешілген соң өзім хабарласамын» деді. Кездесу аяқталды. Қайтып келе жатырмын. Ойым сан-саққа жүгіреді: бұл не кездесу болды өзі? Күнде жарық көретін республикалық газет ашу оңай нәрсе емес. Оған рұхсат алудың өзі ан-о-у жақта ғана шешіледі. Оған жұмсалатын қаржыны айтсаңшы?! Бұл сұрақтардың жауабын бір апта іздерің анық. Мына кісі бар-жоғы үш сұрақ қойды да «концепциясын ойлана беріңіз» деп шығарып салды. Кеңескені ме? Әлде басқа жоспары бар ма? Мен туралы барлық ақпаратты білетін болып шықты. Онда бұл жай шаруа емес. Шынымды айтсам, онсыз да еліміздегі ақпарат кеңістігі туралы күнде ойланып, қазақ тілінде экономикалық газет ашуды миымда тоқып, жобасын жасап қойғанмын. «Айқын» газетінде «Құн» атты экономикалық қосымша шығарғаным да тектен-тек емес еді.

Жұмысқа келе салып «Батыр Қазыбаев» деген азамат кім деген сұраққа жауап іздеуге кірістім. Әйгілі журналист, қоғам және мемлекет қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың баласы екен. Мен ол кісінің есіміне өзім мектеп бітірген соң аудандық газетте істегеннен бастап қанықпын ғой. Кітаптарын да оқығам. Анасы Орынша апамыз да елге сыйлы адам, білім саласының үздігі. Сондай әйгілі адамдардың баласы да журналист екен. Журфакта оқыған. Радиода жұмыс істепті. Журналистика саласын жақсы біледі деген сөз. Онда менің қолымнан не келетінін білуге тиіс деген ойға келдім. Сөйтіп, ойларымды тиянақтап жоспар жасап, шақыруға болатын мамандарға дейін тұспалдап қойдым. Батыр бір айдан кейін телефон соқты. «Жолығайық» деді.

Кездестік. Бұл жолы әңгімені газеттің концепциясын талқылаудан бастады.
«Газет қандай концепциямен жұмыс істеуі керек деп ойлайсыз? Оның Егемен мен Айқыннан басты айырмашылы неде болуы керек?» деп сұрады бірден. Мен: «Егемен-мемлекеттік саясатты жүргізетін газет. Оның қалыптасқан жолы бар. Негізі публицистикалық бағыт. Ол ешкіммен бәсекеге түспейді. Ал, «Айқынды» ашқан кезде елімізде ақпараттық қазақша газет жоқ-тұғын. Біз нарық экономикасына тереңдеп енген сайын публицистикадан гөрі ақпаратқа деген сұраныс көбейе бастады. Сондықтан таза ақпараттық бағыт беруге тырыстық. Ал, қазір қоғамда ақпарат тіпті көп, ағыл-тегіл. Оның ішінде бары мен жоғы араласып, ағы мен қарасын ажырата алмай қалдық. Қоғамда бәрі де ғалым, бәрі де дәрігер, бәрі де инженер, бәрі де саясатшы. Бұл дилетанттық емес пе? Сондықтан болашақ газет, ең алдымен, осы дилетантизмнен аулақ болса деймін. Тышқан сойса да қасапшы сойсын дейді. Қай тақырыпты сөз етсек те алдымен сол саланың мамандарын іздейтін боламыз. Ешқандай философия болмайды. Бірақ, елге танымал тұлғалардың ағынан жарылуына мүмкіндік береміз. Газет бүкілхалықтық бағыт ұстанады...» деп өз тұжырымымды толық айтып шықтым. Сөзімді бір рет те бөлген жоқ. Мұқият тыңдады. Бар айтқаны: «Дұрыс. Сіз бас редактор болып тағайындалдыңыз! Құттықтаймын!» деді. Міне, керек болса! Бәрі осылай тез шешіле қояды деп ойлағам жоқ. Мен: «бір өтінішім бар. Мансап сұрағаным емес, жұмыс жылдам жүріп, қаржы мәселесі бірден шешім тауып отыру үшін – директорлық қызметті қоса беріңіз. Мен әрбір қажетімді сұрап директордың соңынан алақан жайып жүргім келмейді» дедім. «Секе, сіз қаржы мәселесіне басыңызды қатырып қайтесіз. Салық комитетімен, банкпен, статистикамен, ай сайынғы есеп бойынша айтысып жүресіз бе? Типографияның, қағаз бен бояудың, офистің қажеттері бар. Текке уақыт алады. Ал, сіз шығармашылықпен айналысуыңыз керек. Сұрағаныңыздың бәрін уақытында шешіп беріп отыратын адам бар. Сол директор болады» деп бірақ кесті. Түсіндім. Сөзбұйдаға салу артық. «Келесі аптада тағы да жолығайық. Сізді компаниядағы басқа әріптестермен таныстырамын. Ал сіз сол маған айтқан концепцияны қағазға түсіріп алып келіңіз» деді. Тағы біраз әңгімелесіп отырдық. Бұл жолы біраз ашылып сөйледі. Байқаймын, көкейіне көп сыр түйген салмақты жігіт. БАҚ саласына байланысты көп дүние білетіні көрініп тұр. Жүрдім-бардым сөйлемейді. Тұжырымдап айтады. Сол екінші кездесудің өзінде-ақ менде әлі бұйдасы шешілмеген шаруаның жүріп кететіне сенім пайда болды. Қатардағы әңгіменің өзінен арқаланып қайттым. Болашақ жұмыстың, жаңа газеттің концепциясын қағазға түсірдім. Тың айдарлардың жоспарын жасадым. Не керек келесі кездесуге тыңғылықты дайындалдым. Бір аптадан кейін келіскен жерге келсем, бірнеше адаммен бірге күтіп отыр екен. Ертерек келіпті. Бәрімізді таныстырып өтті. Біздің құрылтайшы компания – «Алаш Медиа Групптың» қаржы директоры Динара Темірова мен біздің «Толғау» ЖШС директоры Александр Ан, Батырдың өзі және мен. Мені «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы деп таныстырды. Динара бірден газеттің қаржы мәселесін талқылауға кірісті. Батыр мен дайындап әкелген концепция-тұжырымдаманы шұқшиып ұзақ оқыды. Біз қаржы мәселесін талқылап болған соң Батыр Александр Анға қарап: «Бәрі дұрыс. Болды. Газеттің алғашқа нұсқасын дайындау үшін уақытша офис тауып беру керек. Секең сұраған барлық керек-жарақпен қамтамасыз етіңіз. Анау жетпейді, мынау жоқ дейтін әңгіме шықпайтын болсын» деп тапсырды. Газеттің жалпы формасын біраз талқыға салдық. Кездесу соңында: «Болды, Секе, барлық мәселе шешілді. Енді іске кірісіңіз. Сіз қалай ұсынсаңыз, сондай дүние жасаймыз. Барлық жауапкершілік енді сіздің мойныңызда болады» деді. «Жақсы, Құдай қаласа, үш жылдан кейін республикадағы бірінші номерлі газет болады» дедім. «Мен де солай ойлаймын. Сізге сеніп отырмын!» деді. Сөйтіп, орнымыздан тұра бергенде Александр Анды ымдап шақырды да менің көзімше: «Басшылық Секеңнің қолында болады. Айтқанын істеңіз!» деп ескертті. Бәріміз есіктің алдына шыққан кезде мен жазған концепцияны қолыма беріп тұрып: «Секе, құжаттармен заман талабына сай жұмыс істеп үйреніңіз. Концепция бұлай жазылмайды. Схемамен, кестемен, графикамен жасалады. Сонда бәрі түсінікті әрі көрсетуге қолайлы болады. Бұрын мен де оны артық жұмыс сияқты көруші едім. Үйрендім. Сөйтсем, ол жаңаша ой, жаңа стимул, жаңа көзқарас тудырады екен. Ертеңгі межеңізді көріп отырасыз. Жұмысқа жаңа бағыт береді. Үйреніңіз. Мына концепцияны келесі кездесуде сондай форматта жасап әкеліңіз» деді. Шынымды айтсам, сондай схема, графикаларды мен де артық жұмыс санайтын едім. Батырдың бірінші талабына көнуге тура келді. Өте дұрыс айтыпты. Жасалмақ жұмыстың бәрін санмен бағалап, меженің өзін санмен белгілесең, динамиканы графикаға көшірсең - міндетің айқындала түседі екен. Сөйтіп, еліміздегі іргелі де ірі газеттер «Егемен» мен «Айқынмен» жарыса шығатын күнделік газетті дайындауға кірісіп кеттік. Офис дайын. Керек-жарағымыз бар. Болашақ ұжымның негізін жасақтап алдым. Күндіз-түні жұмыс. Ізденіс. Форматы, бояуы, кеглі, интервалы, макеті – күнде бір жаңалық ашамыз. Ертеңінде қайта жаңартамыз. Сенімнің күші сондай болады. Бәкең бір рет те келіп тексерген жоқ. Тапсырды, болды. Ешкімді араластырған жоқ. Біреуді жұмысқа ал деп сұраған жоқ. Әлдекімнің идеясын әкеліп тықпалаған жоқ. Бір рет өзім іздеп бардым. Сонда ғана: «Қалай боп жатыр?» деп сұрады. Мен бас бармағымды көрсеттім. Сосын әзілдеп былай деді: «Жақсы. Бірақ ертең газет шыққан соң басты оқырман біздің үйде екенін ескертемін. Менің анамды білесіз ғой. Тарихшы. Өзі жазушы. Ол кісі мықты сарапшы. Алдымен сол кісінің бағасына қараймын». Мен әзіл екенін ұқсам да шын жауап бердім: «Ол кісіге де, барлық оқырманға да ұнайтын газет болады» дедім. Сөйтіп, екі ай әзірліктен кейін «Алаш айнасы» республикалық газеті жарқ ете қалды. Газет мақсат үдесінен шықты деп ойлаймын. Тез тарады. Оқырман саны да тез өсті. Сондағы Бәкеңнің қуанышын көрсеңіз! Есімін бүкіл қазақ қадірлеген әкенің баласы ғой, соған лайық дүние туғызғанына қуанғаны анық. Әлі бояуы да кеппеген үр жаңа газетті ұстап тұрып: «Біз Қазақстанның медиа кеңістігін заманауи қазақ газетімен толықтырдық. Рахмет сіздерге!» деді көңілі толып. Әрине, ұжымның арқасы. Бірақ, мен алдымен Бәкеңнің медиа-менеджерлік ролін айрықша атап өтер едім. Қанша ұжымда жұмыс істедім, қанша жоба жасадым, бірақ дәл Бәкеңдей медиа-менеджер көрген жоқпын. Республикалық деңгейдегі қандай керемет медиа жобаларды жүзеге асырды, санап шығудың өзіне он саусақ жеткіліксіз! Шынымды айтсам, қазір медиа кеңістікте маңдайы жарқырап келе жатқан «Тенгриньюс» ақпарат агенттігін бастаған кезінде, мынадай керемет жоба болады деп ойлаған жоқпын. Өйткені, кәкір-шүкір, ию-қиюы көп, ұйымдастыру шаруалары шексіз бітпейтін іс сияқты көрінген. Жоқ, аз уақыттың ішінде жұп-жұмыр ұжым жасақтап, ақпарат кеңістігінде қалқып шыға келді. Еліміздің өзі уыстай ғана жарнама нарқы әлдекімнің монополиясында отырған кезде, өзін-өзі асырайтын ақпарат агенттігін құруға ұмтылу соншалықты батыл, көреген адамның ғана қолынан келсе керек-ті. Иә, оның батыл болғаны рас. Көзсіз нартәуекел емес, деректерді дұрыс таразылай білетін ішкі түйсік пен алғыр мінез бе деймін. Асыра айтып отырғаным емес, дәл соның өзі. Астана қаласында бір үлкен медиа-форумға бірге қатыстық. Елімізде орыс тілі басым боп тұрғанда, қазақ тіліндегі БАҚ мәселесі тасада қалып қоя беретіні шындық қой. Ақпараттық технология саласындағы мәселелер айтылып жатыр. Мінберге Бәкең шыққан кезде «Тенгриньюстің» сол саладағы жетістіктері айтылатын шығар деп күткенбіз. Жоқ, Батыр басқаша сөйлеп кетті. Ол еліміздегі статистика деректерін келтіре отырып қазақ ұлтының республикада басым көпшілік екеніне тоқталды. Сондықтан БАҚ өкілдері енді қазақ тіліне басымдық беруі қажеттігін, барлық ресурсты осыған жұмылдыру керек екенін шемішке шағып дәлелдеп берді. Шынымызды айтсақ, БАҚ өкілдерінің 90 пайызы қазақ екені белгілі. Бәкең сөзін аяқтаған кезде бәрі ду қол шапалақтап жіберді. Сөйтіп, медиа-форум қазақ тілді БАҚ технологиялық мәселелерін талқылаумен жалғасып кетті. Мен Батыр Кәкімжанұлын ешуақытта бетіне мақтаған емеспін. Мына жерде үнсіз қала алмадым. Үзіліс кезінде қолын алып, мынадай батыл пікірі үшін алғыс айттым. «Секе, не, дұрыс болмады ма?» деп қарсы сұрақ қойды. Мен: «Әрине дұрыс болды. Сіз тіпті медиа-форумның тақырыбын өзгертіп жібердіңіз ғой» дедім. «Осындай жерде айтпағанда қашан айтамыз енді? Өткенде ақылдастық емес пе?» деді. Расында да жарты жыл бұрын Бәкең мені өзіне шақырды. Бардым. Отырмын. Орнынан тұрып кабинетінің ішінде әрі-бері жүрді де: «Секе, біз базарға, нарыққа қашан ориентир жасап үйренеміз осы?» сұрақ қойды. Не айтқысы келіп тұрғанын түсінбей қалдым. «Түсінбедім» дедім. «Осы Алматыдағы БАҚ басшыларының бәрі - менің достарым. Қалада бірге өстік. Солармен жолыға қалсам: «Орыс тіліндегі хабарлардың көрермені азайып кетті, орыс тілді оқырман тіпті аз. Газетті жапсақ па деп отырмыз» дейді. Мен оларға: нарыққа қарамайсыңдар ма, статистиканы қараңдар, қазақтың саны 80 процентке жақындап қалды. Сондықтан, көнесіңдер ме, көнбейсіңдер ме, бәрібір қазақ тіліне көшуге мәжбүр боласыңдар. Ертең кеш болып қалмас үшін қазірден бастап қимылдаңдар» деймін. Дұрыс емес пе? Ал бірақ, Секе, біз екеуміз не істеп отырмыз? Осыны біз бастауымыз керек емес пе? Қазақ тілді контентті көтерудің жоспарын жасаңыз, біртіндеп қолға алайық. Алдымен біз өзіміз көрсетейік. Сосын басқалар да қозғалатын шығар?» деді. Мен осы әңгіме барысында ұлтжанды әке мен ұлағатты ананың тәрбиесін көрген, тереңнен толғап, төтесінен тартатын ұлтжанды ұлды таныдым. Оған дейін де акцент қойып айтатын кейбір әңгімені қаланың баласы ғой деп орыс тілінде айта бастасам: «Секе, сіз маған қазаша сөйлеңізші!» деп ескерту жасайтын еді. Содан кейін жиналыста қасында кім және қай тілде әңгіме болып жатса да біз тек қазақша сөйлейтін болдық. Түсіндіру қажет деп жатса Батыр өзі әңгіменің мәнісін жеткізіп береді. Әйтпесе, түсіндіріп те әуре болмайды. Ондай тік мінезі де бар-тұғын.
Оның менеджер ғана емес, адам, азамат ретінде қатты қиналған сәтін де көрдім. Осыдан біраз жыл бұрын араб елдерінде «қызғалдақтар көтерілісі» басталған кезде, біздің биліктің де зәре-құты қалмады. Ереуілшілер әлеуметтік желі арқылы ұйымдасады екен деп естіген соң, желі мен электронды баспасөздің аражігін ажыратпай жатып, біраз газеттерді жауып, сайтқа айналдыра бастады. Қандай жақсы газеттер сол «солақай» саясаттың құрбаны болып кетті десеңізші! «Алаш айнасы» газеті де сол «қосаққа» ілінді. Халыққа танымал бренд болғандықтан «Алаш айнасы» да сайтқа айналуға тиіс болыпты. Астанадан осындай тапсырма алған Бәкең қап-қара болып түнеріп кетті. Ол жақпен біраз тәжікелесті де. Айтқанды орындамай біраз былқылдап жүріп алды. Болмады. Ақыры солай істеуге тура келді. Сондағы бар айтқаны: «Секе, газеттен қысқарған әрбір адамға жұмыс тауып беруге тырысыңыз. Бәрінің де асырап отырған бала-шағасы бар. Ешкімді лақтырып тастамаңыз!» деді. Бұл оның шын азаматтық бейнесі, әр адам үшін жаны ауыратынының белгісі, әр маманның қадірін білетін менеджерлік қасиеті.

Мен Батыр Кәкімжанұлымен бірге азды-көпті 14 жыл қызметтес болыппын. Бірнеше жобада бірге жүрген соң айтысқан да, табысқан да сәттер болды. Қызық-қуанышта бірге болдық. Бірнеше рет отбасында қонақ болып, жары Зәуренің қолынан дәм таттым, Орынша апам өз анамдай болып кетті. Міне, сондай асыл азаматтың, ақжүрек адамның, адал достың бақилық сапарға аттанып кеткеніне бір жыл толып қалыпты. Өкінішті! Өкінішті-ақ! Әрине, мен өзім «Бәке» деп атаған Батыр Кәкімжанұлы туралы ұзақ жазуға бармын. Бұл жолы оның медиа-менеджерлік қырын ғана, оның өзінде бір парасын ғана қамти алдым. Жазарым әлі де баршылық. Мысалы, әлемдік журналистикада «конвергентность» деген ұғым бар. Бұл - бір журналистің бірнеше БАҚқа жұмыс істеу мүмкіндігі деген сөз. Бұл әдісті толық енгізуге үлгере алмай кетті. Ол туралы келесі естелікте баяндармын.

Серік Жанболат,

Фейсбук парақшасынан

Пікірлер