Коллаж ЖИ көмегімен жасалды
Қоғамдағы лудоманияны заңмен реттеу бір басқа, төркінін түсініп, шара қабылдау бір басқа. Бұл туралы шындық пен шараның арасы неге алшақ?
Кейінгі жылдары Қазақстанда құмар ойынға, есірткі мен ішімдікке тәуелділік мәселесі қоғамдағы ең өзекті әлеуметтік проблемалардың біріне айналды. Мамандар бұл құбылысты енді «жеке таңдау» емес, тұтас қоғамға әсер ететін қауіп ретінде қарастыру қажет екенін айтады.
«ТӘУЕЛДІЛІКТІ ЖЕҢУІМЕ ЖҮЙЕЛІ ТЕРАПИЯ КӨМЕКТЕСТІ»
33 жастағы Азамат құмар ойынға алғаш 20 жасынан бастап үйір болды. Бәрі көшедегі ойын автоматтарына деген қызығушылықтан басталыпты.
“Әдетте бәрі ұтыстан басталады. Себебі бастапқы кезеңде адам өзін бақылауда ұстай алады: эмоциясын тежейді, әрекетін реттейді. Бірақ уақыт өте келе жағдай өзгереді. Кейін мені букмекерлік кеңселерге туысқаным алып келді. Футболды жақсы көретінімді біліп, «сен түсінесің» деп қызықтырды. Осылайша спортқа бәс тігуге кірістім. Сол ортада шамамен сегіз жыл қалып қойдым,” - дейді ол.
Ұзақ уақыт бойы Азамат та, оның жақындары да бұл жағдайды ауру ретінде қабылдамаған. Салдарынан ол қоғамнан шеттеп, өмір сапасы күрт төмендеген. Бірнеше рет оңалту орталықтарына жүгінгенімен, алғашқы әрекеттер нәтиже бермепті.
Тек уақыт өте келе терең әрі жүйелі терапиядан өткен соң ғана өзгеріс байқалған. Қазір Азамат үш жылдан бері тәуелділіктен толық арылған. Бүгінде ол жеке оңалту орталығында жетекшілік қызмет атқарып, өз тәжірибесі арқылы өзгелерге көмектесіп жүр.
“Тәуелді адамның ішкі күйін дәл сол жолдан өткен жан ғана толық ұғына алады. Мысалы, ойынқұмар біреу келіп, неге соңғы ақшасын немесе телефонын ломбардқа өткізгенін айтса, мен оны түсінемін. Себебі оның ойында «ұтып, бәрін қайтарамын, тіпті артығымен табамын» деген сенім тұрады. Бұл тәуелділіктің ең қауіпті тұсы,” - дейді Азамат.

Фотода: Азамат Нұрбекұлы
ӨҢІР ЖӘНЕ ӨМІР
Лудоманияға қарсы заң жобасын әзірлеуге қатысқан депутаттардың бірі - Әсем Рахметова. Оның айтуынша, құжат халықаралық тәжірибеге ғана емес, Қазақстандағы нақты жағдайға сүйене отырып дайындалған.

Фотода: Мәжіліс депутаты Әсем Рахметова
«Біз өңірлерді аралау барысында қарапайым азаматтардан бастап, студенттерге дейін құмар ойынға тәуелді болып кеткенін өз көзімізбен көрдік. Кейбір деректерге сәйкес, ажырасулардың 40%-на дейін осы мәселе себеп болып отыр», - дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Әсем Рахметова.
Жаңа заң аясында букмекерлік және құмар ойын жарнамаларына шектеулер енгізіліп, өзін-өзі шектеу тетіктері қарастырылды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер үшін арнайы тыйымдар күшейтілді. Алайда сарапшылардың айтуынша, мәселені тек заңмен немесе шектеумен шешу жеткіліксіз.
«ҚАЗІРГІ ЖҮЙЕ ӘЛІ ЕСКІРГЕН ТӘСІЛДЕРГЕ СҮЙЕНІП ОТЫР»
Мәжіліс депутаты Болат Керімбек тәуелділік мәселесіне қатысты қазіргі жүйе әлі де ескірген тәсілдерге сүйеніп отырғанын айтады. Оның сөзінше, Қазақстанда емдеу көбінесе адамның физикалық жағдайына бағытталған. Ал тәуелділіктің негізгі себебі саналатын психологиялық факторларға жеткілікті түрде көңіл бөлінбей отыр.

Фотода: Мәжіліс депутаты Болат Керімбек
“Кез келген тәуелділік тек терапиялық емдеу емес, үлкен психологиялық ауытқу. Ал бізде Кеңес дәуірінен қалған методикалар қолданылып келеді. Еуропа мен Америкада әртүрлі орталықтар мен мамандар жұмыс істейді. Ұзақмерзімді кешенді шаралар арқылы адамдар емделіп шығып жатыр”, – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек.
Депутаттың пікірінше, Қазақстанда тәуелділікпен күрестегі басты проблемалардың бірі – адамдардың ресми түрде көмек сұраудан қорқуы. Себебі мемлекеттік наркологиялық орталықта есепке тұру кейін жұмысқа орналасуға немесе жүргізуші куәлігін алуға кері әсер етуі мүмкін. Соның салдарынан көптеген адам жасырын түрде қымбат жеке орталықтарға жүгінеді немесе мүлде емделмей жүреді.
“Наркодиспансерде емделіп жүргендердің саны аз екені анық. Себебі адамдар есепке алынудан қорқады. Бұл мәселені заңнама деңгейінде қайта қарау керек. Өйткені есепке алыну емделуге деген ынтаны төмендетеді”, – дейді ол.
ТӘУЕЛДІЛІКТІ ТОҚТАТУДЫҢ АМАЛЫ БАР МА?
Ресми стандарт бойынша Қазақстанда науқастарға 45 күндік тегін ем ұсынылады. Алайда нарколог Тоқтар Қойшыбековтің сөзінше, бұл талап іс жүзінде сирек орындалады.
“Көбі ұзақ уақыт, яғни, 45 күн жатқысы келмейді. Сол үшін олар қысқа мерзімде, мысалы детоксикацияға, ағзасын тазартуға 3-5 күнге жатады да, есін жинаған соң қайтадан жұмысқа шығып кетеді. Әрине, тәуелдік емделмегендіктен, біраз уақыттан кейін қайтадан қайтып келеді», - дейді Астана қалалық психикалық денсаулық орталығының психиатр-наркологы Тоқтар Қойшыбеков.
Мемлекеттік наркологиялық орталықтар негізі көп жылдан бері осы тәсілді ұстанады. Соның салдарынан тәуелді адамдар тек ағзасын “тазартып” шығады да, сол бұрынғы ортаға, сол күйзелістерге қайта оралады. Ал ішкі ойлау жүйесі өзгермегендіктен, рецидив қайталанады.
“Мұндай наркологиялық аурулар созылмалы дерт деп саналады. Сондықтан дұрыс емделмесе, міндетті түрде асқынады. Негізі реабилитациялық бағдарламалар 1,5-2 жылға жоспарланған», - дейді нарколог.
Нарколог Тоқтар Қойшыбеков те тәуелділікті емдеудегі негізгі жұмыс психотерапия, яғни психологпен болуы тиіс екенін жасырмайды. Бірақ мемлекеттік орталықтарда бұл бағыт екінші орынға ысырылған. Көп жағдайда кәсіби психотерапевтер жетіспейді, ал науқастармен жүйелі психологиялық жұмыс жүргізілмейді.

Коллаж ЖИ көмегімен жасалды
Депутат Болат Керімбектің пікірінше, Қазақстан бұл мәселеге әлі де үстірт қарап отыр. Заң қабылданғанымен, адамдардың неге өз еркімен емделуге бармайтыны толық зерттелмеген. Сол үшін заңнаманы қайта қарап, емделуге кедергі келтірмейтін икемді ұсыныстар қажет екенін алға тартады. Өйткені азаматтар емделу өз болашағына шектеу қояды деп есептесе, мәселені жасырып өмір сүре беруі мүмкін.
Бұдан бөлек, Болат Керімбек кейінгі жылдары әлеуметтік желідегі “жеңіл табыс” идеологиясы жастар арасында тәуелділік психологиясын күшейтіп отырғанын атап өтті. Тез ақша табу туралы контент, онлайн казино мен заңсыз платформалардың қолжетімділігі мәселені одан әрі ушықтырып отыр.
“Біз сайттарды бұғаттағанмен де, олар басқа тәсілдерге көшіп, шетелдік нөмірлерді пайдалану арқылы бәрібір айналып өтіп кетеді. Сондықтан бұл жерде заңнаманы күшейтіп, қосымша толықтырулар енгізу керек. Киберқауіпсіздік саласының мамандарын да тарту қажет”, - дейді депутат.
Депутаттың айтуынша, тәуелділікке қатысты проблемаларды Үкімет деңгейінде қайта қарап, емделуге кедергі келтіретін факторларды заңнамалық тұрғыда өзгерту қажет. Қазіргі жағдайда мәселені тек бақылау немесе жазалау арқылы шешу мүмкін емес. Ең бастысы адамдарды көмек сұрауға ынталандыратын, ұзақмерзімді психологиялық қолдау көрсететін және қоғамға қайта бейімделуге мүмкіндік беретін жүйе қалыптастыруымыз қажет.
Мөлдір Қабыкен
