Қарағандыда браконьерлердің қолынан мерт болған инспектордың достары марқұм Ерлан Нұрғалиевке «Халық қаһарманы» атағын беруді сұрап отыр. Сонымен қатар олар тергеудің әділ болуын талап етіп, екінші инспектордан күдіктенетіндерін жасырмады.
Қарағандылық қорықшыны мерт қылғандар да погон таққандардан қамқорлық көрген деп топшылайды Ерлан Нұрғалиевтің жақындары. Киіктерді қорумен жүріп, қапыда қылмыскерлер қолынан жан тапсырған инспектордың кеше туған күні еді. Осы орайда марқұмның ауылдас, достары Астанада жиналып, Елбасыға үндеу жасады. Олар қорықшыға «Халық қаһарманы» атағын беруді сұрауда. Одан бөлек, қылмысты толыққанды зерттеп, тергеу керек деп талап етіп жатыр. Киік мүйіздерін шетелге кедергісіз сатуға жағдай жасап жатқан тұлғалар да жауапқа тартылуы керек дейді, деп хабарлайды “Еуразия бірінші арнасына”сілтеме жасап Stan.kz.
«Ол да бар, үлкен адамдар. Өйткені жаңағыны ұстаса: «Сен мойныңа ал, қалғандарын айтпай-ақ қой», – деп айтады. Ол жалғыз өзі. Өйткені анау істеді, мынау істеді десе, көбейеді ғой. Ұйымдасқан қылмыстық топ болып кетеді. Үшеуі ұсталды, сосын қашып кетті, қайтадан ұсталды, әрмен қарай. Екінші көлікте болғандар кім? Ол жөнінде неге айтпайды?» – дейді Ерлан Нұрғалиевтің әріптесі Сәруар Апыраев.
Естеріңізге салсақ, Қарағанды өңіріндегі қанды қылмыс екі апта бұрын болған еді. Киік атумен жүрген браконьерлердің үстінен түскен екі инспектор соққыға жығылып, бірі Ерлан Нұрғалиев көз жұмған. Жанында болған Петр Ницык ауыр жарақатпен ауруханаға түскен болатын. Марқұм Ерланның жолдастары екінші инспектор Ницыктан да күдіктеніп отырғандарын жасырмады.
«Ол егер қауқар жасағанда, Ерлан екі адамға бой бермейді. Оны мына тұрған жолдастары, біз бәріміз білеміз. Ерланның арпалысқан жері тапталған жер. Жылқы ұстағаннан да кем емес енді. Үш жерде қаны қалған, ұйып қалған. Ал Ницыктың жатқан жерінде бір-ақ жерінде ұйыған қан бар. Арпалысқан із көрінбейді онда», – дейді Ерлан Нұрғалиевтің сыныптасы Абзал Масабаев.