Қостанайдағы ТОЛСТОЙ атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаға БИ-АҒАНЫҢ атын беру керек!!!
Қазақтың үш бәйтерегі атанған Сәкен, Ілияс, Бейімбет сынды аяулы азаматтарымыз бір жылы туып, бір жылы өмірден өтті (1894 - 1938). Қатар туған жұлдыздар шын мәнінде ұлт әдебиетінің жұлдызына, ұлт руханиятының асқарына айналды. Биыл осы үш азаматтың туғанына мерейлі 125 жыл!!!
Көкейде жүрген бір ой: Сәкен атында Астананың қақ төрінде Агротехникалық университет және ақынның мемориалдық музейі бар. Ал, Ілекеңнің атында Талдықорғанның жүрегінде Жетісу мемлекеттік университеті және қаланың қақ ортасында ақынның әдеби-мемориалдық музейі бар екен. Оның сыртында Ілияс атында туған жұртындағы үлкен поселкенің бар. Сәкен атында ауыл бар.
Сәкеннің атында Талдықорғандағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана, Қарағанды қаласында қазақ драма театры бар! Ал, Ілекеңнің атында Талдықорғанда Мәдениет сарайы және бар.
Енді үшінші ғизатли арыс, қазақтың дәл өзіндей қарапайым Бейімбет Майлы баласының атында не университет, не музей, не кітапхана, не театр да жоқ екен. Ұят! Өткен жылы ғана сең қозғалып, атың өшкір Таранның аты тұғырдан түсіп, оның орнына сонау зәу заманда жайғасуы тиіс еді Би-ағаң. Жә, мехнатты тағдырына осындай құрмет жазылса, кімді кінәларсың! Ғабең, аяулы Ғабит аға Мүсіреповтей намысшыл інісі болғанда, Би-ағаңның даңқы ТҰТАС ҚАЗАҚСТАН ДА ЖАҢҒЫРЫП ТҰРАР ЕДІ...
Қайран Би-ағаңды ғұмырының соңына дейін аялап, қастерлеп, шығармашылығы мен әдеби мұрасын түгендеп, насихаттап өткен шын ғалым, шын зерттеуші марқұм Тоқтар аға Бейісқұлов та ортамыз да жоқ... 70 -тен асқан шағында Бейімбеттің шығармашылық мұрасынан кандидаттық диссертация қорғап, қайраткер Би-ағаңды танытқан осы кісі еді. Қазіргі арамызда жүрген чиновник-бейімбеттанушы тек қара басының қамын күйттеген біреу екен ғой...
Десек те, Бейімбеттей классик жазушы екі күннің бірінде туар болса, көрер едік қой.
Бейімбет Майлин - Қазақ әдебиетінің дара жүйрігі, қайталанбас қаламгері! "Қазақ десең, Бейімбет! Бейімбет десең, қазақ есіңе түседі" емес пе еді...
Қостанай облысының басшылығы ірі сөз жүйрігінің 125 жылдық мерейтойы аясында ақынның туған өлкесінде әдеби-мемориалдық музейін жасақтап, Қостанайдың қақ ортасынан ашса, керемет болар еді. Сосын Қостанайдағы Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың атына қазақ әңгіме жанрының шебері және осы топырақтың даңқты тумасы Бейімбет Майлиннің есімін беру- күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселе болу керек деп ойлаймын!!!
Үш арысты бір-бірінен аласартпай, Би-ағаңды жетімсіретпей және алаламай дұрыс бағалап, құрметпен қастерлейік!!!
Зор ұсыныспен,
Елдос Тоқтарбай, жас жазушы-зерттеуші, ҚР "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.
30 қаңтар, 2019 жыл, Астана қаласы.