САТҚЫН

2217
Adyrna.kz Telegram

Биыл тағы да жоғарғы оқу орнына түсу үшін тест тапсырып, құлап қалдым. Құлап қалдым дегенім қою айтылған сөз шығар, анығында сүрініп кеттім. Армандап жүрген грантыма бір ғана балым жетпей, тегін оқудың табалдырығы аттатпай , тауаным шағылып, ауылға тартып отырдым.
Тегінде сабаққа зейінді едім. Зерек оқыдым. Бабым келіскенмен бағым жанбай-ақ қойғаны. «Жә» деймін ішімнен: «Жетер , енді тапсырмаймын! Университетіңді желкемнің шұңқыры көрсін».
Осындай алуан ойдың құшағына көміліп, елге баратын автобусқа мініп, орныма жайғастым. Менің қасымдағы орынға елуді еңсеріп қалған ер ағасы отырды. Әжімсіз, жылтыр жүзді, жіпсік көзді кісі екен. Қалтасынан тарағын суырып, төбесіндегі селдір шашын сілки тарады да, бір үрлеп орнына салып қойды. Әтір ме, одеколон ба, әйтеуір иіссуды аянбай құйыныпты. Қолқамды қауып, жүрегім қысыла бастады. Мына «мүңкіген мырзаны» жергілікті интеллигентсің-ау деп топшыладым. Біз мінген ПАЗИК бір итініп алды да ирек жолдармен қала сыртына жорта жөнелді. Автобус жолдағы жыртыққа түсіп, «солқ» еткенде ішіндегілер сеңдей соғылысып қалдық
- Осторожно! Не дрова везешь! – деп саңқ етті көршім. «Ешқандай комфорт жоқ» деп қосып қойды. Быршыған маңдайын, желкесін көлдей орамалмен кезек сүртіп, алқымындағы галстугін босатты. Мені енді ғана байқағандай бетіме бір қарады да:
-Бауырым, бағытымыз бір екен, білісіп отырайық. Түріңе қарасам студент сияқтысың. Қайда оқисың? - деді.
-Студент емеспін, Тапсырғам. Түсе алмай қайтып барамын.-дедім.
-Қайсысына тапсырып ең?
-Журналистикаға
-Солай де. Кезінде қызымды түсіріп едім журналистикаға. Қазір «Хабарда» істейді. Оқуға түсу - отар қайыру емес. Оған бааас керек! - деді сұқ саусағымен шекесін шерткілеп.
-Бір балым ғана жетпей қалды.
-Ауылдық квотаны қосқанда ма?
-Мен қалалық мектепті бітірдім. Квотам жоқ. Ауылдағы мектеп 9 жылдық болған соң 10, 11-ді қаладан аяқтадым.
-Бекер істегенсің, – деді әлгі ағам: - Әке-шешең алдын аңдамайтын адамдар екен. Әр нәрсені күнілгері жоспарлау керек қой. Мысалы мен сөйттім. Саған бір әңгіме айтайын, тыңда!
Сенен бірер жас үлкен қызым бар. Сол баламның болашағын ерте бастан ойластырдым. Құдай қосқан қосағым, жеңгеңді айтам, ұлты - ұйғыр. Алматыда оқып жүргенімде танысып, шаңырақ көтергеміз. Шонжының қызы ғой, қазақшаға судай. Соның септігі тиді. Қызым 16-ға толып, жеке куәлік аларда, ұлтын қазақ емес, ұйғыр деп жазғыздым. Сөйтіп Шынарым - Чинар боп шыға келді. Біз негізі қалада тұрамыз. «Тіл басқармасы» мекемесі «Мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту» бөлімдері, ЖОО-лар ұйымдастыратын байқауларға қатысып, қазақша ағып тұрған «ұйғыр қызым» топ жарып, мемлекет тарапынан бөлінген жеңілдіктерді еншілеп жүрді. Кейін 11-сыныптың соңғы тоқсандарын ауылдық мектептен бітірттім. Ол жақта інім бар. Қазір де сол бауырыма бара жатқан бетім ғой. Қызыма ауылдық квота бөлінуі үшін солай жасадым. Байқадың ба, басың істесе бәрінің ретін табуға болады. Балам тест тапсырып, белгілі балын алған соң, университетке құжат өткіздік. Қызым Қазақстандағы аз диаспораның өкілі әрі мемлекеттік тілді жетік білетін басқа ұлт баласы ретінде, ауылдық квота арқасында грантты қиналмай жеңіп алды. Вот так, бауырым! Нағыз әке мен сияқты болу керек.(Кеңкілдеп күлді). Қазақтың «Еркек үш жылдығын, әйел үш күндігін ойлайды» деген мақалы бар. Ұғып ал!» - деді.
- Қазақтықтан садаға кет!- дедім ішімнен. «Мүңкіген мырзаның» сасық қулық, пасық ақылынан жүрегім айныды. Қазақ қалмақтан қатын алса да, қырғыздан қатын алса да дүниеге келген баласы қазақ болып туушы еді, Қазақтың намысын таптатпай, ата жолын қуушы еді. Ал бүгінгі өз мүддесі үшін ұлтын оп-оңай сата салатын «саудашы» ұрпақтың бірі - мынау, тұқымы-анау. Ұлтыңды айырбастау - сатқындық, Отанды сату – опасыздық!
- Опасыз сатқын екенсіз!- дедім оған ожырая қарап. Бұдан әрі қасында отыруға шыдай алмай, жүргізушіге «Автобусты тоқтат!» - деп айқай салдым да, орта жолдан түсіп қалдым. Намыссыз, рухсыз, халқым деп көкірегі қарс айрылмайтын, жүрегі қазақ деп соқпайтын бейшараның қасында тынысым тарылып кеткендей болды...
Оқуға түсу үшін ұлтымды сатуым керек болса бүйткен оқуы құрысын!.

Айбек Оралхан

Пікірлер