Үйімді алып қойды: Алматыда ипотекасы барлар наразылық танытуда

3882
Adyrna.kz Telegram

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің алдына он беске жуық адам наразылыққа шықты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Орда.кз сайтына сілтеме жасап.

Айтуларынша, олар ипотеканы уақытылы төлемегендіктен үйлерін босатуға мәжбүр болған. Банктер кейбір үйлерді өз атына заңдастырып алған.

2016, 2017 және 2020 жылдар аралығында баспанасынан айырылған адамдар наразылық акциясына шықты. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар.

Шерушілер банктің әрекетін заңсыз деп санайды.

Үйінен айырылғандардың бірі Гүлбақыш Рақымжанқызының айтуынша, ол 2006 жылы ипотека алған. Ипотеканы төлей алмағандықтан үйінен айырылған. Қазір ол банк өз атына бөліп берген пәтерде тұрып жатыр.

2007 жылы Халық банкінен ипотека алғанбыз. Қазір ипотеканы төлей алмай отырмыз, екінші топтағы мүгедек балам бар. Ипотекалық несиені өтей алмаған соң, банк үйді өз атына аударды. Шыдамымыз таусылды. Біз алтаумыз. Қазір біз банк өз атына жазып берген пәтерде тұрып жатырмыз. Жалғыз мен ғана емес, келгендердің барлығы үйлерін қайтарғысы келеді. Бұл біздің басты мақсатымыз. Іске жеке сот орындаушылары да, банкирлер де қатысты, – дейді Гүлбақыш Рақымжанқызы.

Топ Халық банкінің кеңсесіне баратынын хабарлады. Айтуларынша, банк қызметкерлері телефон тұтқасын көтермейді. Қаржы нарығын реттеу органының ғимаратында наразылық білдірушілер банк қызметкерлерімен қайта-қайта хабарласпақ болған. Бірақ олардың қоңырауына ешкім жауап бермеді.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер