Жастарымыздың орыс тілінсіз күні қараң ба?

3850
Adyrna.kz Telegram

Астанадағы «Нұр-әлем» павильонында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтіп, оны мемлекеттік арналар тікелей эфирде көрсетті.

«Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен өткен бұл шараға Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, ҚР Президентінің жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері сынды дарындар қатысты.

Осылайша қазақ жастарының қаймақтары мен шенді-шекпенділері жиналған жиында әр салада жетістіктерге жеткен 13 спикер баяндама жасады.

Баяндамаларды мұқият тыңдаған Елбасы жастарды еліміздің бәсекеге қабілетті басты факторы деп бағалап, ел дамуының әрі қарайғы тізгіні өз қолдарында екендігін айтты.

Бізді ел ертеңі саналатын жастардың болашағы қай тілмен байланыстыратыны қызықтырды.

Өйткені, азаттықтың ақ таңы атқанда мемлекеттің негізін құрушы (құраушы емес!) ұлттың азшылықта болғаны рас. Уақыт өткен сайын қазақтардың саны артып, кем дегенде 70 пайыздан асып отыр. Ендігіде мемлекеттік билікке тәуелсіздіктің ар жақ, бер жағындағы жастар келетінін ескерсек, мінберден сөйлейтін сөздердің қай тілге қарай бағыт алатынын аңғару қиын емес.

Сонымен мінберден баяндама жасаған 13 жастың 5-еуі ғана таза қазақ тілінде сөйледі (Мерей Қарт, Абзал Мырзаш, Айшолпан Нұрғайып, Жазира Тұрғынова, Мейірбек Меңдіғалиев).

Бұл – елімізге тарап жатқан тікелей эфирдің 38 пайызы ғана қазақ тілінде көрсетілді дегенді білдіреді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болса бір жөн дер едік. Егемен ел болғалы 28-ші  жылға жақындаған уақытта мұндай көрсеткіш – сыпайылап айтқанда өте ұятты жағдай.

Баяндама жасаған өзге ұлт өкілдеріне құрметіміз ерекше. Амандық сөзін айтып, тіліміздің мәртебесін өсіргеніне алғыс айтамыз.

Ал, өз қаракөздерімізге не жорық? Қандастарымыздың ана тілі мен орыс тілінде оқыған дикциясына қарап, таңданбасқа шара қалмады. Мұны – бір дейік. Жастарымыз қазіргі жүйедегі тенденцияны шебер меңгеріпті. Яғни, көпшілікті алдарқату үшін қазақ тілінде амандасып алады да, шаруашылық жайын өзіне ыңғайлы орысшамен судыратады. Сөйте тұра «мен елімнің патриотымын» дегенді нығырлап тұрып қосып қояды.

Қазақ «не ексең, соны орасың» дейді. Қазақ тілі деп қақсап жүргендердің мәнісі осы мәтелде жатыр. Еліміздегі ең биік мінберлерден айтылатын сөздердің ішіндегі бастылары  – бизнес, экономика, саясат, ғылым тілдері орыс тілінде айтылады. Ести-ести құлағымызды жауыр қылған рухани құндылықтарымыз ғана ана тілімізде айтылады.

Тек Алматы ҚБТУ 2-курс студенті 13 жасар Абзал Мырзаштың жобасы қазақ тілінің кең қанат жаюына үлкен септігі тиетінін естіп, төбеміз көкке жеткендей қуандық.

Сонда дейміз-ау, «Мәңгілік елге» бет алған еліміздің қаракөз жастарының орыс тілінсіз күні қараң болғаны ма?  Әлде, жоғары лауазымға ие болудың төте жолы ма? Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

 

Жасұлан Наурызәлі

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер