Расул Жұмалы: Бізде бәрі екіжүзділікке құралады

2457
Adyrna.kz Telegram

Кеше ресми түрде "Жастар Жылының" ашылуы болды. Жастар жылы жастарға не береді? Қандай мәселені шеше аламыз? Осы сұрақтарды белгілі саясаттанушы Расул Жұмалыға қойған едік.

-Жастар жылынан не күтесіз?

-Жастар жылы науқаншылдыққа бой алдырмай, нақты істер жылы болса. Жастарға қатысты жобалардың іске асуымен ерекшеленсе. Себебі, осыған дейінгі жылдар бізде әртүрлі аталды. Қарттар жылы болды. Үш жыл қатарынан "Ауыл жылы" деп аталды. Сол науқаншылдықтан бас көтермей формалды бір іс-әрекеттер орын алды. Мысалы, сол үш жылда ауыл дамып, өркендеудің орнына одан әрі қирап, одан әрі тас-талқаны шықты. Осы 2019 жыл алдыңғы  аты бар да заты жоқ жылдардың қателігін қайталамаса дейміз.

-Қайталамау  үшін не істеу керек?

-Негізгі үміт Жастар жылы салтанатты форумдар аясында шектеліп, жағымпаздықты насихаттамаса екен дейміз. Бұл мәселені шешу жолы - жастардың өзімен тікелей байланысқа шығу. Жастардың қолына мүмкіндіктерді беру. Лауазымдар, ұйымдастырушылық мүмкіндіктер, қаржылық қолдау. Бұлардың барлығы шенділердің қолында қала берсе алдыңғы тәжірибе көрсеткендей құр науқан болып қала береді деген қорқыныш бар. Қоғамдық ұйымдар, Азаматтық қоғам өкілдері мен жастардың бірлестіктерінің қолына мүмкіндік беріп көрейік. Себебі, осыған дейінгі жұмыстарды билік өзі жүргізгенде аяғы немен тынғаны белгілі.

Жастардың арасындағы басты мәселе деп нені атар едіңіз?

-Жастардың арасында қиындықтар өте көп. Жастардың руханияты, жұмыспен қамтылуы, жоғары білімінің қол жетімділігі, жоғары оқу орындарының жемқорлықтан ада болып, сапалы білім беруі, дипломханаға айналмай, кішігірім қалалар мен ауыл жастарының арасындағы мәселелер, жастардың шетелге кетуі, әсіресе, білімді жастардың, қолынан іс келетіндерінің Қазақстаннан тысқары кетуі, керітартпа діни ағымдарға шырмалғандар, жылдар бойы қордаланған бұл мәселелерді шешу үшін бір жыл емес, 5-10 жылдық кешенді бағдарлама қабылданып, Азаматтық қоғам өзі мұрындық болуы тиіс. Біздегі ең басты мәселе жемқорлық. Жастар мектеп пен жоғары оқу орындарында "ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің" дейді ғой, олар да алдыңғы буыннан көргенін қайталайды. Сонда кінәлі кім? Жастар ма әлде, үлкен  буын ба?

-Кеше Жастар Жылының ашылуында Елбасының қасында "Жас Отан" мен биліктің қанатындағы жастар ғана болды. Қоғамның үні жетпеді. Жастардың арасынан 1-2 болмаса бәрі орысша сөйледі деген наразылық та әлеуметтік желіде желдей есті..

-Өте орынды сыни пікірлер мен мәлімдемелер. Айтып өткеніміздей науқаншылдыққа айналдырамыз. Халықтың жайын ойлайтын бағдарламалар қабылданады. Ақыр аяғында ол өшіп тынады, немесе ол ақша жоқ болып шығады. Жастарға айналған тұрғын үй кешендері мен жатахқаналар салынды делік. Іс жүзінде билікке жақындардың қолына көшеді, жатақханалар жекешеленеді. Бұны халықтың бәрі көріп отыр. Болашақта барлық қозғалыс пен ұйымдардың өкілдерін шақыру керек. Ең үлкен жауапкершілік пен міндет мемлекеттің мойнында. Себебі, барлық ресурс биліктің қолында.

-Біздегі "жұлдыздар" мен танымал спортшылар болсын, ел танитын жастардан қоғамға байланысты сауал қойсаңыз "менің саясатта шаруам жоқ" дейді. Бірақ, осындай кездесулер мен марапраттаулардың ортасында солар жүреді. Неге?

-Бұл екіжүзділік. Жалпы, бізде бәрі екіжүзділікке құралады. Биліктің басы қасындағылар мен қарапайым халықтың өмір сүру ортасы екі бөлек планетада. Көшеге шықсаңыз дағдарыс, бағалардың шарықтауы, жұмыссыздық,  ұрлық-қарлық, қылмыстың өршуі. Теледидардан мүлде басқа Қазақстан. Кешегідей форумдарда мақтап-мадақтау. Жағымпаздық.

Біз жастарға ие болуымыз керек. Жұмыссыз, ашынған жастардың салдары қандай болатынын кешегі "Араб көктемі" мен бүгінгі Венесуела көрсетті.

Әңгімеңізге рахмет!

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер