Тұрар Сәттарқызы: Ұлыңыздың гей, қызыңыздың лесби болмасына кім кепіл?  

3838
Adyrna.kz Telegram

Біздің қоғам баяғыдан-ақ ауыр рухани ауруға ұшыраған. ЛГБТ жымысқы жұмысын балабақшадан, мектептен бастап дәріптеп, солардың жалауы түстес ойыншықтарды -хаги-ваги және басқаларын насихаттап, мектептерде  ұлды қыз, қызды ұл  етіп киіндіретін, “день наоборот”, “ночь на день” деген мерекелік шаралар жүргізіп, ұлдар қыздың көйлегін киіп, боянса, қыздар ұлдың кейпіне түссе, осындай ЛГБТ айла-амалдарының мән-мағынасын түсінбеген кейбір мұғалімдер “еш нәрсе етпейді, бұл жәй ойын ғой” деп тұрса, бұл кесел әрине “іріңдейді”. Бұл пікірді "Қара шаңырақ" ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі - тарихшы, журналист, қоғам қайраткері Тұрар Сәттарқызы Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Екі күн болды әлеужелі “күйіп” тұр. Басты тақырып- лифтіде сүйіскен екі қызтекелер. Жерден алып, жерге салып жатыр. Даттағандар көп, бірақ ақтағандарды көріп, шок болдым. Әдеттегідей шу ғой, бір-екі күннен кейін мұның да “қызығы” басылады, халық назары басқа нәрсеге ауады. Мұны халық назарын сенат сайлауынан аудару үшін әдейі жасалды дейді біреулер. Қалай болғанда да, тапсырмамен жасалса да, шын болса да, дұрыс нәрсе емес, барып тұрған азғындықты дәріптеу.

Ең қорқыныштысы, шулап-шулап қоямыз. Айтарым, мұндай азғындық бүгін ғана пайда болған жоқ.  Бұл қоғам дертінің бір түрі ғана. Біздің қоғам баяғыдан-ақ ауыр рухани ауруға ұшыраған.

Несіне шулаймыз? Егер кеселдің алдын алу үшін ешнәрсе жасамасақ, ұлт болып ұйысуды ойламасақ, ұлт құндылығын менсінбесек, ұлттық тәрбиені өзектен тепсек, нағыз қазақ болудан қорықсақ?! Біздің баяғыдан рухани дағдарысқа ұшырағанымызды, бабалар аманатын сақтай алмай, ұлт құндылығынан жоғалтқанымызды мойындауымыз керек.

30 жыл бойы жемқорлық, жағымпаздық жайлаған, ұлттық рухтан жұрдай болған қоғамның жарасы әбден іріңдеп, қазір әбден иістеніп “сасып” жатыр. Телеарналар талай жыл жастардың санасын ұятсыз токшоулармен улап, сайқымазақ шоумендерді, фонограмма жұлдыздарын дәріптеп, тәрбиелік мәні жоқ,  бағдарламаларымен рейтинг, жұлдыз қуып кетсе, бұл кесел асқынбай қайтсін?! Небір гендер пати, хэллуин, цветной вечеринка сияқты шеттің қаңсығын, сасығын, басқа ұлт емес, өз қазағым таңсық көріп, улап-шулап тойлап жатса, бұл ауру тарамай қайтсін?!

 ЛГБТ жымысқы жұмысын балабақшадан, мектептен бастап дәріптеп, солардың жалауы түстес ойыншықтарды -хаги-ваги және басқаларын насихаттап, мектептерде  ұлды қыз, қызды ұл  етіп киіндіретін, “день наоборот”, “ночь на день” деген мерекелік шаралар жүргізіп, ұлдар қыздың көйлегін киіп, боянса, қыздар ұлдың кейпіне түссе, осындай ЛГБТ айла-амалдарының мән-мағынасын түсінбеген кейбір мұғалімдер “еш нәрсе етпейді, бұл жәй ойын ғой” деп тұрса, бұл кесел әрине “іріңдейді”, -деп жазды журналист.

Сонымен қатар, оның айтуынша, сайлау деп, мектеп мұғалімдерін, қасиетті мамандық иелерін арамдыққа итермелеп, қасиетсіздерге айналдырдық.

“Ар-ұят, обал, сауап дегенді бәрінен биік қоятын қазағым бүгінде бұл қасиетті ұғымдардан “ұялатын” болды. Тіпті ұят сөзін қор санап, кейбіреулер “ұятмены” деп күлетін болды. Ең масқарасы, елімізде адамның миына кірмейтін нәрселер жасалды, ол әлі де жалғасуда. Соның бірін айтсам. Негізгі мақсаты -ұрпаққа білім беру, тәрбиелеу болып саналатын білім ошақтарында “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы штабтар” құрылып, жемқорлықпен күресеміз.

Бұдан асқан қандай сорақылық бар?! Білім, тәрбие, жемқорлық -үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дүниелер емес пе?! Сайлау деп, мектеп мұғалімдерін, қасиетті мамандық иелерін арамдыққа итермелеп, қасиетсіздерге айналдырдық. Олардың қайсы болсын, өз қолымен әділетсіз қоғам құруға атсалысқаны үшін ар-ұят алдында, ұрпақ алдында жауапты екенін сезінбеді. Ашына айтсам, ұрпағымыздың тамырына өз қолымызбен балта шауып келдік, әлі де жалғастырып жатырмыз.

Кешегі лифтідегі оқиға бұл қоғамның іріңді дертінің бір көрінісі ғана. Өкініштісі, мұндайлар қазақ қоғамында жетерлік. Көптеген жылдар бойы қала мектептермен тығыз байланыстамын.  Ата-аналармен, оқушылармен кездесемін, студенттермен жүздесемін, ұстаздармен жиі сұхбаттасамын.

Білім ошақтары ұрпақ тәрбиесіне қатысты көп шақырады. Бәріне баруға тырысамын. Бұл мен бір ерігіп жүргеннен, не өзімді көрсеткім келгеннен емес.  Мектептерге менің түрімді көру үшін шақырмайды.Мектеп ұстаздарының  ойлайтыны -ұлт болашағы, ұрпақ тәрбиесі, “ел ертеңі қалай болмақ?,-деген үлкен уайым. Ал менің мақсатым - ұрпақ тәрбиесіне титтей де болса, пайдам тисінші деген шынайы ниет.  Өйткені көбі көре білмейтін нәрсені көреміз, көбі естімегенді естиміз. Бұл -қоғам алдындағы, ұлт болашағы алдындағы міндетім. Өйткені өзім де, ұрпағым да осы елде, осы қоғамда өмір сүреді. Ал ол қоғам үшін қайсымыз болсын жауаптымыз. Ең жаман нәрсе -немқұрайлылық.  Ең болмағанда мыңдаған баланың бірнешеуінің санасына әсер етіп,  рухани  азық болар дүние берсем, ата-аналарға ықпал етсем деген ой қашанда маған маза бермейді. Балабақшалар мен мектептерге, оқу орындарына барғаным үшін ешкім ақша төлемейді, бұл менің қоғам алдындағы, ұрпақ алдындағы әлеуметтік жауапкершілігім деп білемін. Осы күнге дейін есіме түссе, жанымды күйзелтіп, өзімді қоярға жер таппай кететін бір оқиғаны айтқым келеді.

15 жастағы қазақтың екі баласының “махаббаты” жайлы өз құлағыммен естіп, бір апта жүрегім ауырып, әзер есімді жиғанмын. Иә, жаңағы лифтідегі екеу сияқтылар бар. Оны қашанғы жасырамыз? Қоғамның осындай дертінің алдын аламын деп, ЛГБТ қарсы шығып жүрген Bagilya Baltabayeva деген замандасым талай жылдан бері қазаққа төнген азғындыққа қарсы шырылдап келеді. Бізде “Қара шаңырақ” ұжымы қолдан келгенше, шамамыз жеткенше тәрбие жұмысына атсалысып жүрміз. Бірақ бұл аз. Теңізге тамған тамшыдай ғана істер. Бізде “күресетін” орталықтар жетерлік. Оларға қыруар ақша бөлінеді. Бірақ ұрпаққа рухани тәрбие беретін, осындай қоғам дертінің алдын алатын бірде-бір орталық ашпаймыз.  Әлде ашқымыз келмейді ме?”,- деді ол.

Тұрар Сәттарқызы “Қара шаңырақ” ұлттық тәрбие орталығын ашуға талпынғанын, алайда шешімін таппағанын айтты.

“Біз “Қара шаңырақ” ұлттық тәрбие беру орталығын ашайық деп қанша рет билік органдарына ұсыныспен шықтық. Дайын жобамызды апардық.  Бірақ әлі шешімін таппады. Иә, тәрбиеден гөрі, күресу оңай. Нәтижесі бірден көрінеді. Тәрбиелеу ұзақ. Бірақ оның жемісін бірнеше буын көреді. Оны түсінетін саналы, рухты адамдар аз болып тұр. Бірақ қоғамдағы дерттер күрестен кейін оңала ма?

Жемқорлықпен күресті, жемқорлық азайды ма?Ажырасу, зорлық-зомбылық, әйтеуір күрес көп, бірақ нәтиже жоқ! Азайған жоқ. Керісінше, ушығып барады. Әрине кім болса да, “менің отбасымда мұндай жағдай орын алмайды, балам ондай болмайды”,-деуі мүмкін. 

Бірақ осындай сорақылықты көрген бауыр еті балаңыз, иә, дәл сіздің балаңыз, “әке, ана, неге ана балаға болады, маған неге болмайды?”,-дейтін болса,  ұлыңыз “жігітті жақсы көру менің жеке құқығым, жұмысыңыз болмасын. Қызыңыз «қызды жақсы көремін бе, оны өзім білемін”,-деп тұрса, не істейсіз? Қазіргі ұлт құндылықтарына мән бермей жүрген азаматтар, дәл сіздердің ұрпақтарыңыз рухани азғындаған, құндылықтан жұрдай болған қоғамда осылай демесіне қайсыңыз кепіл бола аласыз? Бізде Президенттің жанында Ұлттық Әйелдер ісі және отбасылық комиссия бар, Ұлттық құрылтай бар. Жергілікті әкімдіктердің жанында небір комиссия, кеңестер бар. Олар қоғамның дертін іштен көріп, соның алдын алумен айналысып жүрген жандарды естімейді, көрмейді, жолатпайды. Өткенде министрлермен кездесуде шырылдап айттық, Аида Балаева ханымды көріп қалып, біз смяқты қоғам өкілдерінің үнін естіңізші дедік. Бірақ, ешкім естімейді. Сол “Күлтөбенің басында күнде жиын жасайтындардың”  ешқайсысы да ұрпаққа рухани тәрбие берумен айналыспайды.Көбінікі күрес, бітпейтін күрес. Бәлкім, олар балаларының болашағын Қазақ елімен байланыстырмайтын болар, мүмкін, олардың Қазақстаннан басқа Отаны болар?! Олардың ұрпағы үшін Жерұйық болар, басқа ел бар шығар?!

“Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты”,-деп тек бірер күн шулап, ұмытып кетуді қоялық, ұрпағымыздың ертеңін ойлайық. Рухани азғындық болашағымызға балта шаппасын десек, баршамыз ұлт болашағы үшін жұдырықтай жұмылып, сөзбен, өтірік ақпар, есеппен емес, нақты іс-әрекетпен жұмыс істейік. Ұлт құндылығы, қазақтың болашағы деген басыңа қазақ тақиясын, қамзолын киіп, бие сауып, бір рет суретке түсу емес, бұл өміріңді ұлтқа қызмет етуге арнау. Өскелең ұрпақ жалған дүниені бірден сезеді, өтірікті кешірмейді.

Ішіміз бен сыртымыз бірдей болып, сөзіміз бен әрекетіміз үйлесімді болып, өзіміз өнеге болайық. “Ауруын жасырған өледі”,-деген бабаларымыз, ұрпағымыз азғындап, ұлтымыз жоғалмасын десек, “ессіз” дүниеге еліктеуді қойып, есімізді жиып, етегімізді қымтайық.

“Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын,  Екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын,  Үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын.

Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…”,-деп баһадүр батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай,қазақтың болашағы -ұлттық тәрбиеде. Жарайды, лифтідегі оқиғаны талқылап, жаңағы екі “жігіт” жайлы жаздық.  Боқтадық, балағаттадық. Бірақ содан олар азай ма? Ол біздің көргеніміз, ал көрмегеніміз қаншама? Небір көргенсіз, арсыз әрекеттер, сорақылық жағдайлар жетіп артылады. Ұлт болашағына алаңдасақ, Ұлттық идеология керек! Тіпті бірнеше жылдан бері айтып келемін, Отбасы және тәрбие министрлігін құру керек! Әділетті Қазақстан құрамыз дейміз.  Ел азаматтары ар-ұят, обал, сауап деген ұлы ұғымдарды ту етіп, рухани бай, өнегелі, өрелі болған уақытта ғана әділетті қоғам болатынын ұмытпайық!”, - деп сөзін қорытындылады.

Пікірлер